Сыртқы істер министрі Хорватия елшісін қабылдады

6 қаңтар, 2026 / Өтей Торғайұлы

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Хорватия Республикасының елшісі Рефик Шабановичті қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ мәдениет және білім саласындағы өзара әрекеттестікті дамытуды талқылады.

Экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша назар аударылды. Бұл өзара сауда көлемін және іскерлік байланыстарды арттырудың маңызды факторы ретінде қарастырылады.

Өзара қызығушылық тудыратын түрлі салалардағы іс-қимылды жалғастыруға дайындық расталып, биік және жоғары деңгейлердегі сапарларды дайындау мәселелерін қоса алғанда, 2026 жылға арналған екіжақты іс-шаралар бойынша пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, екіжақты қатынастардың дамуына қосымша серпін беретін Хорватия Премьер-министрінің Астанаға сапарын ұйымдастырудың маңыздылығы аталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар Астана мен Загреб арасындағы мазмұнды диалогты жалғастыруға және жан-жақты өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниеттерін растады.
 

Тэгтер:

Хорватия Сыртқы істер