Жаңа жыл түнінде отшашудан жарақат алған екі бала ауыр жағдайда жатыр

6 қаңтар, 2026 / Алуа Арман
istockphoto.com

31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Алматы қаласының ауруханаларына пиротехника қолдану салдарынан зардап шеккен 20 адам жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олардың 11-і — бала, екеуі әлі де ауыр халде жатыр. Бұл туралы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин мәлімдеді.

«Екі адамда аралас жарақаттар анықталды — соққы және жылу толқыны салдарынан алған ауыр зақымдар, сондай-ақ күйіктер бар. Қазіргі таңда екі бала ауыр жағдайда», — деді Ложкин.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, тағы сегіз зардап шегушінің қол басынан әртүрлі дәрежедегі жарақаттар мен күйіктер анықталған.

«Екі қолы бірдей зақымданған жағдайлар да бар, сондай-ақ пиротехникадан шыққан соққы толқыны жақын маңда тұрған бірнеше адамды бірден жарақаттайтын жеңілдеу жағдайлар да кездеседі. Бұл — бас, қол, аяқ, кеуде тұсы және ең алдымен көздің зақымдануы», — деп түсіндірді Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары.

Тэгтер:

Алматы Отшашу Жаңа жыл пиротехника