«Отбасы банктің» бөлімшелерінде, мобильді қосымшасында және «Baspana Market» платформасында операциялар уақытша қолжетімсіз, деп хабарлайды turkystan.kz.
Банктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мамандар техникалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл процесс жоспарланғаннан ұзаққа созылған. Сондай-ақ сервистермен бірге байланыс орталығы да уақытша қолжетімсіз болып отыр.
«Қазір банктік сервистер бойынша техникалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл процесс жоспарланғаннан ұзағырақ уақытты алды.
Өкінішке қарай, уақытша түрде банк бөлімшелерінде, Баспана маркет платформасында және мобильді қосымшада операциялар қолжетімсіз.
Сондай-ақ байланыс орталығы уақытша жұмыс істемейді.
Біздің мамандар барлық жүйелер мен банктік операциялардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты режимде жұмыс істеуі және клиенттердің банк қызметтерін толық пайдалана алуы үшін жұмыстар жүргізіп жатыр.
Біз сіздерді үнемі хабардар етіп отырамыз және барлық сервистер қайта іске қосылған сәтте міндетті түрде хабарлаймыз.
Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - делінген хабарламада.