Алматыда автокөлік жүргіншілер жолағында жас баланы қағып кетті

5 қаңтар, 2026 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Алматымен шектесетін Көксай ауылында жол апаты болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жаяу жүргіншілер жолағы арқылы жүгіріп өтіп бара жатқан баланы автокөліктің қағып кеткені көрінеді.

Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, жол апаты 8 желтоқсан күні шамамен сағат 15:00-де Арай көшесінде болған.

Зардап шеккен бала анасымен бірге №1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген.

Ал туыстарының айтуынша, полицейлер «ауруханаға тек шамамен сағат 19:00-де келген», ЖКО болған жерге бармаған, оқиғаны тіркемеген. Сондай-ақ, олардың сөзінше, жүргізуші қысым көрсетіп, бас тарту туралы арыз бен қолхат жазуды талап етіп, қорқытып отырған көрінеді. Айтуларынша, баланың анасы көпбалалы әрі балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жүргізушінің әрекеттерінен кінәнің айқын белгілері байқалатынын мәлімдеді.

«Іс бойынша барлық қажетті материалдар жиналды. Зардап шеккен бала толық емделіп шыққаннан кейін сот-медициналық сараптама жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекеттеріне нақты құқықтық баға беріліп, оған заңда көзделген шаралар қолданылып, жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады полиция.

 

Тэгтер:

Жүргіншілер жолағы Автокөлік Алматы