Америкада туған Айдан атажұртта оқып жүр

5 қаңтар, 2026 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
жеке мұрағаттан

Кейінгі кезде «Қазақтың миы қырда жүр» деген пікірді жиі еститін болдық. Миы миллиардқа бағаланғандар мен өз ісін жаңғақша шағатын мамандардың мұхит асып, мәртебесін асырып жүргені туралы талай рет жазылды. Тіпті, орта мектепті бітірмей жатып, 9-сыныптан соң шетелге колледжге түсуді мақсат ететіндер легі көбейіп бара жатқанын да жаздық. Ал Америкада туған  Айдан Арғын керісінше 9-сыныптан бастап атажұртында оқу үшін жалғыз өзі Астанаға қоныс аударған. Шыққан тегімді таниын, ана тілімді үйренейін деп келген Айдан екі жылда қазақшасын жақсартып, домбыраны шебер тартады. Осы ретте біз оқушы Айданды әңгімеге тартқан едік. 

– Ең алдымен бәрімізді қызық­тыра­тын сауал – Америкада туған Айданның ата­жұртына оралуына кім немесе не түрт­кі болды екен?
– Әңгімені әріден бастасам. Мен 2008 жы­лы Лос-Анжелес қаласында дүниеге кел­дім. Онда жақсы жағдай, жайлы ортам бол­ды. Көптеген ұлт өкілімен, соның ішінде қы­тай, африка, жапон, испан балаларымен дос болдым. Сегіз жасымда отбасыммен Қа­зақ­­станға алғаш келгенде «Сәлем» дегеннен бас­қа сөз білмедім. Десе де, елде өткізген бір ай ішінде ұмытылмас әсер алып қайттым. Екін­ші рет 13 жасымда келгенде туыстарым­мен Астана, Алматы, Талдықорған, Текелі қа­ла­ларын араладым. Үйлену тойына барып, таң-тамаша болдым. Америкада 200-300 адам жиылған тойды көрмейсің ғой. Содан соң Алматыда бір апталық лагерьге бардым. Ондағылармен араласып, жақсы достар тап­тым. Онда бәрі қатты-қатты ұнады. Аме­ри­ка­ға қайтқан соң бір аптадан кейін әкеме «Қа­зақстанда оқысам бола ма? Маған онда ұнап қалды. Есесіне қазақ тілін үйренемін» деп едім, әкем «Келесі жылы көрейін. Туыс­тар­дан сұрап-білу керек» деп қысқа қайырды. Ара­да бір жыл өткен соң әкем:  «Сен расында Қазақстанға барғың келе ме? Бұл қадамға дайынсың ба?  Туыстармен сөйлесіп қойдым. Алай­да Алматыға емес, Астанаға барып оқи­сың» дегенде қуана-қуана келісе кеттім. 
Мені атамекенге жетелеп келген не десеңіз, өз тарихым, мәдениетім ту­ра­лы көп дерек білгім келді. Мұны осы жер­ден басқа қайда білесің? Сосын, әрине ана тілімді үйренгім келді. Қаның қазақ бол­ған соң қазақша қысылмай, еркін сөйлегенге не жетсін?! Одан бұрын ел тұрғындарының ашық-жарқын, қонақжайлығы да маған ұнады. Ал қазақша еттің дәмі тіл үйіреді. Аме­рикада жылқы еті сатылмайды. Жалпы, елде дәм татқан тағамның дәмі бөлек екен. Ка­фелерден бөлек, Астанадағы Президент сая­бағында сатып тұрған тағамдары да сон­дай дәмді. Одан бөлек, табиғаты да көздің жауын алады. Әсіресе, Текеліде тұратын туыс­­тарымызға барғанда ол жақтың тұмса та­биғаты, соның ішінде Қора өзенінің маңын­дағы пейзаждың әдемілігіне көзің той­майды.
– «Тамырыңды біл. Тегіңді таны» деп ата-анаң әдейі жіберген екен деп ой­ла­сақ, жас болсаң да бас болып, елге қо­ныс аударуға өзің бастамашы болға­ныңа таңғалысымызды жасыра алмай тұрмыз.
– Иә, бұл идеяны ортаға салған – өзім. Ел­дегі ортада өмір сүргім келді. Қазақша ер­кін сөйлеуді мақсат еттім. Кішкене кезімде қа­­зақша көп сөйлемедім. Үйдегілер ағыл­шын­­ша, кейде моңғолша сөйлесетін. Кейінгі бес жылдан бері ата-анаммен тек қазақша сөй­лесіп, күнделікті тұрмыста қолданатын сөз­дерді үйрене бастадым. Олар түсінбеген же­рімді мысалмен жеткізіп, түзеп беруден шар­шамайтын. Онымен қоса, YouTube-та жеке арнасы бар Мақсат деген кісіден бір­не­ше қазақша сөз жаттадым. Ол сөздерді құр жаттап қоймай, қолданысқа енгізіп, күнде сөй­леп жүрдім. Қазақша әндерді көп тың­да­дым. Содан не керек, мұның бәрін Қазақ­стан­ға барып, тағы да жетілдіре түсу керек екенін анық түсіндім.
– Әкең атажұртқа көшуге рұқсатын бер­генімен, анаң уайымдап, бірден жі­бер­гісі келмеген шығар.
– Әрине, 15 жасымда елге жалғыз келген соң анам қатты уайымдайды. Десе де,  әкем:  «Ай­дан елге баруға дайын. Онда тез бой үй­ре­тіп, сіңісіп кетеді. Уайымдаудың қажеті жоқ» деп оны жұбатқаны бар. Әдепкіде, қиын болғаны рас. Айналамдағылардың мен­­талитеті басқа. Үйреншікті ортам емес. Бір­ақ кейін үйреніп кеттім. Автобуспен емін-ер­кін жүретін болдым. Жаңа достар таптым. Әкем де, анам да жаңа ортаға тез сіңісіп кет­кеніме қатты қуанды. Ата-анам – қазақ тілі, мәдениеті десе, ішер асын жерге қоятын жандар. Екеуі де – Моңғолияда туған қа­зақ­тар. Жақсы өмір сүру, жайлы жағдай жасау үшін 2004 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Олар Моңғолияда жағдай жаман болғаннан кет­кен жоқ. Сонда ағам Аманбек дүниеге кел­ген. Қазір көпшілік «Америкалық арман» де­ген дүниенің соңына түсіп, сонда көшкісі ке­леді ғой. Әр адам жақсы нәрсені қалайды, көп нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Сол секілді ме­нің де ата-анам сондай оймен қоныс ау­дар­ған.


– Қазір қазақтілді мектепте оқисың ба?
– Әкем бастапқыда «Тек қазақша оқы­татын мектепте оқисың» деп, бас қаладағы қа­зақтілді гимназияға ертіп апарды. Десе де,  ондағы мектеп директоры: «Балаңыз 100 пайыз қазақша білмейді. Біздің мектепте оқы­са, бағдарламаға ілесе алмай қалуы мүм­кін. Шыңғыс Айтматов көшесінен ары түс­сеңіз­­дер, №81 Astana English School халық­ара­лық мектебін байқайсыздар. Дұрысы, сон­да барыңыздар. Сабақтар ағылшынша өте­ді, балаңызға оңай болады» деп ақылын айт­ты. Әкем екеуіміз сонда барып, бас­шы­лық­пен жолығып, кейін ем­тихан тапсырып, оқу­ға қабылдандым. Сөйтіп, екі жыл бұрын қыр­күйек­те оқуды бастап кеттім. Сыныбым жақ­сы, олардың ағылшыншасы да жақсы. Де­ген­мен басында олармен ағылшын тілінде сөй­лес­кім келмеді. Күніне тек ағыл­шынша сөй­лейтін бол­сам, елге не үшін кел­дім? Ме­нің басты мақса­тым – қазақ тілін толығы­мен мең­геру. Сөйтіп, олар­мен тек қазақша сөй­ле­семін. Тілім жетпей жатса, ағылшын­ша араластырамын. Бір сыныпта 23 бала оқимыз. Олардан көп сөз үйрендім. Түсінбей қалып жатсам, бә­рі көмектесуге әзір тұрады. Әлбетте, орыс­ша сөздер қолданатын кездер жиі бо­лады. Орыс тілінде бірнеше сөз жадымда жат­талып қалды. Десе де,  орысша әңгіме өр­біп жатса, саналы түрде, әдейі қазақша сөй­леуге тырысамын. Өзі қазақ бола тұра, қа­зақша бір ауыз сөз  білмейтіндерді көрдім. Алыстан сол тілді үйрену үшін келген мен мұны өз тіліңді қадірлемеу деп ұғамын. Айта кетерлігі, «Сонау Америкадан мұнда не үшін келдің? Керісінше, көп бала сол жаққа жете ал­май жүр» деп сұрақты төпелете жөнеле­тін­дер де бар.
– Оларға не деп жауап бересің?
– Мұндайда не үшін келгенімді егжей-тег­жейлі түсіндіремін. Алдымен, әлбетте, қазақ тілін үйреніп, мәдениет, тарих, салт-дәс­түрімізді тануға асық екенімді айтамын. Әрі өзімді танығым келетінін, маған мүлде бей­таныс ортаның жақсы адам болып қа­лып­тасуыма қалай әсер ететінін білгім келе­тінін түсіндіремін. Сосын былай деймін: Сы­ныптастарым мен менің жағдайым екі түр­лі. Олар өз елінде туып, өсіп, білім алып жүр. Олардың өзге елдер туралы көбірек біл­гісі келетіні анық. Мен Америкада туған­мын. Олар секілді мен де басқа ел, соның ішінде тарихи Отаным туралы көп дерек біл­гім келеді-ақ.  Америкада тусам да, жүре­гім қазақ деп соғатынын талай айттым. Қа­зақ­ша сөйлескен де маған қатты ұнайтынын олар да жақсы біледі. Жоғарыда айтқа­ным­дай, каникулға елге келіп, Америкаға қайта бар­ғанда көпшіліктің алдында ата-анаммен қа­зақша сөйлескенімде,  бойымды мақтаныш кер­неді. Мен өз ана тілімді білемін! Мен өз ті­лімде сөйлей аламын! Бұл бақыт емей не­мене?! Сол кезде қазақша сөйлегеннен рахат­танып жүрдім. Ал Қазақстанға табаным тиіп, таңнан кешке дейін қазақша сөйлеу тіпті керемет қой! Осы ретте бас қалаға орнала­сып, мұндағы көпшілікке ілесіп кетуіме сеп­тігін тигізген Нұргүл Тау мен Үнзила Ша­пақ тәтелеріме шексіз алғысымды біл­діре­мін.
– Қазақстандағы мектептердің оқу жүйесінде нендей өзгешелікті байқа­дың?
– Қатты таңғалдырғаны – Америкада хи­мия, физика пәндері 11, 12-сыныпта ғана оқытылады. Ал Қазақстанда бұл пәндерді оқу­шылар 8-сыныптан бастап оқиды екен. Америкада күніне тек төрт сабақ болады. Бір сабақ 90 минутқа жалғасады. Ал мұнда күні­не 6-7 сабақ, бірақ 40 минуттан өтеді. Тағы бір таңғалғаным, Америкада бір жылда жеті пән ғана оқимыз, ал Қазақстанда жыл бойы 12-14 пән оқытылады екен. Басында  қатты таңғалғаным рас. Есесіне, кейін өзіме қызық әрі ыңғайлы болды. Себебі Америкада 90 минут бойы бір орында тапжылмай отыру қиынға соғатын. Алғашқы 60 минут қалып­ты өтеді, дегенмен соңғы 30 минутта сәл қи­наласың. Ал мұнда 40 минуттың қалай өте шық­қанын сезбей қаласың. Ыңғайлы-ақ. 


– Қазақ тілін сабақта үйренгеннен бөлек, қосымшаға барып жүр екенсің.
– Иә. Қазақ тілінен сабақ беретін Гүлім­хан апаймен жақсы сөйлесемін. Сейсенбі, бей­сенбі күндері мектепте қосымшаға бара­мын. Апайдың берген тапсырмасын орын­дап, білмегенімді сұрап аламын. Сабақ та, қосымша да қызық өтеді.
– Қазақ тілінен бөлек, домбыра үйір­ме­сіне барады екенсің. Ұлттық аспабы­мыз­ды елге келгенде үйренуді қолға ал­дың ба, әлде Америкада жүріп, он­лайн үйрене бастадың ба?
– Әкем басында «Домбыра үйренемін десең, сатып әперемін» деп уәде берген еді. Расул деген ең жақын досым әрі сыныптасым алты жыл бойы музыка мектебіне барып жүр екен. Бір күні мектепте бір іс-шарада оның орындауындағы «Алаш аманаты» күйін есті­генімде таңырқағаным сонша, көпке дейін ұмыта алмай жүрдім. Маған бұл туынды қат­ты әсер етті. Сосын одан «Бұлай домбыра шер­туді кімнен, қалай үйренсем болады?» деп сұрадым. Ол өзі барып жүрген мектебінің мекенжайын айтып, бір рет барып көруге кеңес берді. Ақырында екеуіміз Астананы ке­зіп, домбыра іздеумен болдық. Расул екі са­ғат бойы түрлі домбыраны тартып көріп, құ­лағын түзеп, дыбысын келтіріп, ақыр соңын­да «Міне, мынау жақсы. Осыны алайық» деп таңдасып, көмегін тигізді. Бүгін­де домбыра курсына барып жүргеніме төрт ай болды. «Ата толғауы», «Алаш аманаты», «Ер Тұран», «Көк ту», «Домбыра» күйлерін тар­та аламын. Қазір «Дала рухы» туындысын үйреніп жүрмін. Әзірге жай домбыра ұстап жүрмін. Оқуға кетерде, нағыз сапалысын сатып алсам деймін. Себебі мұнымен тоқтап қал­май, жүрген жерімде домбыра тартып жүр­гім келеді. Енді он шақты күй үйренуім керек. 


– Әңгіме ауанына қарасам, ата-анаң­ды сағынып жүргенге ұқсайсың.
– Америкада көп нәрсені қалдырып, 15 жа­с­ымда елге келіп отырмын. Әлбетте, са­ғын­бай жүргенім жоқ, сағынып жүрмін. Ата-анамды, ағамды сағынамын. Әсіресе, анамның дәмді тамағын сағынамын. Олар­мен күніне бейнеқоңырау арқылы сөйле­семін. Достарымды да сағындым. Анда-санда хабарласамын. Америкамен байланысты болған дүниенің бәрін сағынамын. Десе де, мұның бәрі өзім, өзімнің болашағым үшін екенін жақсы түсінемін. Қазір 11-сыныпта оқи­мын. Ата-анам мен ағам жазда соңғы қоңы­рау кешіме ар­найы келмек. 
– Қандай мамандыққа тапсырмақ ойың бар?
– Болашағымды ІТ саласымен байланыс­тыр­ғым келеді. Бұйырса, Американың бір­не­ше оқу орнына құжат тапсырғалы жүрмін. Оны бітірген соң, жұмыс істеп, қаражат жинап, жеке компания ашқым келеді. Қазір елде ІТ, жасанды интеллектке көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Осы салаға маманданып, көп жобаны іске асырсам деген арман бар. Бас кеңсем – Астанада, екінші штаб-пәтер Лос-Анжелесте болса деймін. Алдағы уақыт­та Астана, Алматы, Лос-Анжелес арасында жол салып, кәсіп жүргізгім келеді. Жалпы, ма­ған Астана қаласы сондай ұнайды. Барлы­ғы жаңа, барлығы заманауи. Алматыға қара­ғанда ауасы таза. Астана Лос-Анжелеске сәл ұқсайды. Десе де, мұндағы кемшін нәрсе – тау жоқ. Лос-Анжелесте таңғы бестерде тау жақ­қа арнайы велосипедпен барып, сонда хай­кинг жасағанды ұнататын едім. Десе де, мұн­да да уақытым қызық өтеді. Мектептен кел­ген соң, жаттығу залына барып, шыны­ға­мын. Сосын үйге келіп, тәтемен тамақтана­мын. Достармен қала аралаймын. Сырғанақ­қа, квестке барамыз, одан шыққан соң сырт­та тамақтанамыз. Сенбі, жексенбі күн­дері ұйқыдан тұра сала, қазақша әнді бар дауы­сына қойып қоямын. Сөйтіп жүріп, біраз шаруа тындырамын. 
– Бос уақытта ағылшыннан сабақ беру туралы ой келмеді ме?
– Ондай ой болды. Әдепкіде «Мен – native спикермін. Қаладағы ағылшын тілін үйрететін орталықтардың біріне жұмысқа тұрып, speaking-тен көмектессем» деп ой­лаған едім. Бір орталықтың поштасына хат жазып едім, бірақ жауап келмеді. Сөйтіп жүргенде өзім  де бұл шаруаны ұмытып кетіп­пін. Десе де, елде жүрген уақытта өзге­лер­дің ағылшыншасын жақсарту ісіне ара­ласқым келеді. 
– Арман-мақсатың орындалсын! Ақ жол!

Сұхбаттасқан – Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

оқушы шетел қазақтары Атажұрт Айдан Арғын Америкада туған Айдан