Жүрекпен сезін, ниетпен істе

5 қаңтар, 2026 / Túrkistan Gazeti

Биыл – Халықаралық Еріктілер жылы. Аталған бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Мемлекет басшысы бұл ұсы­нысты 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясындағы жал­пы саяси пікірталас барысында айтқан еді. «Ерікті болу – еріксіз көмек­тесу емес, жүрекпен сезініп, ниетпен әрекет ету» дейді бүгінгі гуманизм­ге бет бұрған қоғам. Еріктілік (волонтерлік) – заманауи әлемде әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің жарқын көрінісі. Алайда бұл ұғым бүгін ғана пайда болған жоқ. Еріктілік адам­зат тарихында ежелден бар, ол әрқашан қоғам игілігі үшін жасалатын қайырымды істердің өзегі болып келген. Ендеше, еріктілер деген кім­дер? Олардың қоғамдағы орны, маңызы қандай? Елімізде еріктілер қоз­­­­ғалысы қай деңгейде? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Волонтер болу – асыл қасиет

2026 жылдың басталуына санаулы ми­нут­тар қалғанда Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Прези­дент дәстүрлі құттықтауында 2025 жыл хал­қы­­мыз үшін мерейлі жыл болғанын айта келе: «Қа­зақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылық-тарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тән асыл қа­сиеттер» деп атап өтті. Жалпы, бұл қарарға Ар­мения, Боливия, Германия және Кения қол­дау білдіріп, құжатты қабылдауға ұйымға мү­ше 54 мемлекет қатысты. Онда еріктілердің қо­ғамдағы рөлі мен олардың тұрақты даму мақ­саттарына жетудегі ықпалы кеңінен тал­қыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Осындай құрметті жиында Халықаралық еріктілер жылының басталуына орай сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маңызды қадам біздің ортақ мақсатымызды, яғни еріктілікті дамыту мен оның ұлттық және жаһандық прогреске қосқан үлесін ны­ғайтуды көрсетеді. Қазақстан осы бастаманы ұсын­ды және осы айтулы жыл бойы, одан кейін­гі кезеңде де әлеуметтік маңызы бар ерік­­тілік қызметті қолдау мақсатында Бірік­кен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекет­термен және азамат-тық қоғаммен ынты­мақ­тастықты жалғас-тырады. Біз ерікті болудың тұрақ­ты даму мақсаттарына жетуге үлкен ықпал етіп отырғанына сенімдіміз. Волон­тер­лердің күші мен ықпалы әрбір өңірде, әрбір қоғамда ерекше көрініс табады. Еріктілердің көмегі-мен жоғын түгендеп, барын бүтіндеп, қол­дау көріп отырған отбасы көп. Олар әлем­нің түпкір-түпкіріндегі апат аймақтарына ас-су жеткізіп, атылған оқ пен жарылыстарға қара­май медициналық көмек көрсетеді, пси­хологиялық қолдау танытады» деген болатын. Ха­лықаралық жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін бере­ді, еріктілер қызметі саласындағы халық­ара­лық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын ай­қын­дауға үлес қосатын болады.

Әлемде еріктілік қалай қалыптасты?

Сонымен, еріктілер қозғалысының та­ри­­хына, оның даму кезеңдеріне, қа­зіргі жаһандық рөліне тоқталайық. Ерікті (волонтер) – латынның voluntaries деген сө­зінен шыққан. Яғни, өз еркімен ақысыз қыз­мет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді ара­ласушы адам. Бұл бағытта адамның жасы, жы­нысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Бастысы – таза ниетпен қол­дан келетін іспен көмектесу. Еріктілікпен ұйым­дар арқылы, ынталы топтармен немесе жеке де айналысуға болады. Мұндай қызмет түр­лерінің аясы өте кең. Мысалы, әлеуметтік, спорттық, экологиялық, медициналық, қайырым­дылық секілді көптеген түрі бар. 
Еріктілік туралы алғаш рет антикалық дәуір­де айтылған. Ежелгі Грекияда азаматтар өз еркімен қала өміріне көмектесіп, қоғамдық ша­раларға атсалысатын. Олар полистегі тәр­тіпті сақтауға, діни мерекелерді ұйым­дас­тыру­ға, әлсіздерге көмек көрсетуге үлес қоса­тын. Бұл – азаматтық борыш әрі мәртебе болатын. Орта ғасырларда еріктілік көбіне дін­мен байланысты болды. Монастырьлер мен шіркеулер кедейлерге көмек беретін ор­та­лыққа айналып, монахтар мен дін қыз­мет­керлері науқастарға, жетім-жесірлерге қам­қор­лық көрсетіп отырды. Қайырымдылық негі­зіндегі бұл әрекеттер бүгінгі еріктілікке жол ашты. Волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылған. Әуелгіде соғыс ке­зін­де майданға өз еркімен сұранып барған­дар­ды ерікті деп атаған. Кейіннен барлық салаға ешкімнен қайтарым күтпей жұмыс іс­тейтін адамды осылай атау қалыптасқан.
XVII-XVIII ғасырларда Еуропада алғаш қайырымдылық қоғамдары құрыла бастады. Ал 1859 жылы швейцариялық Анри Дюнан Сол­феринодағы шайқасты көріп, ауыр жара­лы сарбаздарға көмектесу үшін алғашқы гума­нитарлық ұйым – Қызыл Крест қоғамын құрды. Бұл – қазіргі еріктілер қозғалысының инс­титуционалды негізін қалаған маңызды кезең еді. XX ғасырда еріктілік жаңа си­пат­қа ие болды. Бірінші және Екінші дүние­жү­зілік соғыстарда еріктілер тек әскерге жа­зы­лып қоймай, тылда, ауруханалар мен босқындар лагерьлерінде де белсенді қызмет етті. Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай сияқ­ты ұйымдарда қызмет еткен мыңдаған ерікті жауынгерлер бейбіт халықты құтқаруға атсалысты. Мыңдаған азамат майдан мен тылда өз еркімен көмек көрсетіп, госпиталь­дарда жұмыс істеп, гуманитарлық жүктер тасыды. Бұл кезеңде волонтерлер соғыс зар­да­бын жеңілдетуге белсене араласты. Бұл ке­зең­де еріктілік – патриоттық борыш, ұлт­тық бірлік символына айналды.
1945 жылдан кейін БҰҰ, ЮНИСЕФ секілді ұйымдардың құрылуы еріктілік қызметін жаһандық деңгейге көтерді. Азаматтар соғыс­сыз қоғам құруға, кедейлікпен, аштықпен, эпидемиялармен күреске жұмыла бастады. Сонымен қатар экология, білім, денсаулық сақ­тау, мәдени мұраны қорғау секілді сала­ларда да еріктілердің рөлі артты. 1960-70 жыл­дары Батыстағы жастар еріктілік арқылы қоғамдық пікірге ықпал ете бастады. Мысалы, АҚШ-та Peace Corps (Бейбітшілік корпусы) 1961 жылы құрылып, жастардың әлем елдері­не барып, білім, денсаулық, ауыл шаруашылы­ғы салаларында көмек көрсетуіне жол ашты. Бұл – еріктіліктің халықаралық форматқа шы­ғуының бастамасы еді.
1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлт­тар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен ха­лықаралық ұйым құрылған. Ұйымның бас­ты мақсаты – әлемдегі еріктілердің басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамыту. Сол жылдан бастап әлемнің барлық елінде     5 желтоқсанда халықаралық еріктілер күні ата­лып өтіледі. Осы ұйымның ұйытқы болуы­мен, жер бетіндегі еріктілер бір ниет, бір тілекпен бірігіп, бірге жұмыс істей бастады. Сөйтіп, еріктілер әлемдік деңгейдегі үлкен күшке, тіпті ғаламдық қозғалысқа айналды.
Бүкіл әлемде осы волонтерлердің күшімен көп­теген іс жүзеге асып жатыр. БҰҰ-ның дере­гіне сәйкес, әлемде 1 миллиардтан астам адам ерік­тілікпен айналысады. Тіпті, ғалам тұр­ғын­дарының сегізден бірі ерікті ретінде қо­ғам­дық жұмыстарға атсалысады деген ақпарат бар. Осыдан-ақ волонтерліктің бүкіл дүние­жү­зіне кең таралғанын білуге болады.

Елімізде еріктілер қозғалысы қай деңгейде?

Қазақ халқы үшін «ерікті» сөзі ешқандай да бөтен ұғым емес. Қайырымдылық жасау, біреу­ге қолғабыс ету қазақ халқының ғасыр­лар бойы жалғасып келе жатқан, қанына сіңген жақсы қасиетінің бірі. Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, ағайыны бір жұмыс бастаса жұмыла көмектескен халық. Соның бір мысалы – «асар» ұғымы. Ауылдас, ағайын­дар­дың ерікті түрде бірігіп, үй көтеру, шөп шабу секілді жұмыстарды атқаруын қазақта «асарлату» дейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз­де волонтерлік қызметті дамытуға ерекше мән беріп, оны Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі деп са­найтынын айтты. Мемлекет басшысының пі­кі­рінше, еріктілер – өз елінің шынайы пат­риот­тары – адамгершілік құндылықтарды бәрі­нен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам ара­сында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше рөл атқарады. 
2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясы «Халықаралық волонтерлер жылын» жариялаған болатын. Еліміз сол жыл­дың өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының атал­ған бастамасына қолдау білдіріп, демеу­шілік жасаған. Ал 2010 жылы Қазақстанда ұлттық волонтерлер желісі құрылған. Ал 2016 жылы елімізде волонтерлік қызмет туралы арнайы заң да қабылданған. Мемлекет басшысының бас­тамасымен 2020 жыл Ерік­тілер жылы болып жарияланып, 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлік қызметті дамытудың Жол картасы қабылданды. Сол шақта қолға алынған шаралардың нәтиже­сінде еліміздегі еріктілер саны 200 мың адамға жетті. Қазақстандық жастар әлемнің әртүрлі елдерінде БҰҰ еріктілері ретінде қыз­мет істейді. 2023 жылғы 20-21 шілдеде Аста­на­да Мемлекет басшысының, БҰҰ-ның жо­ғары лауазымды өкілдерінің және әлемнің 30-дан астам елінен келген волонтерлердің қа­ты­суымен Халықаралық волонтерлер фору­мының ұйымдастырылуы еліміздің жаһан­дық еріктілер қозғалысындағы маңыз­ды рөлін тағы да растады.
Былтыр елімізде алғашқы жарты­жыл­дық­та волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. «Игі іс­тер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Отандастарымыз әлеумет­тік, экологиялық және мәдени бағыттарды қамтыған 9 мыңнан аса игі іс атқарып, жобаға 40 мың азамат қатысты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бас­тамасымен ТМД Үкімет басшылары кеңе­сі­нің шешімі бойынша жыл сайын Достастық елдері волонтерлерінің форумы ұйымдас­тыры­латын болды. Оған сай ереже әзірленіп, оның негізінде жыл сайынғы Волонтерлер форумы құрылды. Алғашқы форум биыл Аста­на қаласында өтеді.
Бұған қоса республиканың түрлі аймақ­тарында 10 мақсатты топтың кездесуі өтті. Толық қаржыландыру бағдарламасы аясында 2025 жылы Кения, Түркия және Таиланд ел­деріне еріктілер барып, күні бүгінде өз жұ­мы­сын абыроймен атқарып жатыр. Волонтерлер қарттар және балалар үйлерінде көмек көр­сетіп, құтқару жұмыстарынан бастап оқыту жо­баларына дейін түрлі салада белсенділік та­нытып жүр. Есесіне, 2025 жылы елдегі во­лон­терлер саны 300 мыңға жуықтады. Олар­дың қатарында 6 мың «күміс» волонтер және 810-нан аса волонтерлік ұйым бар.
2017 жылы елімізде өткен Универсиадаға 3 000 ерікті қатысты, оның 100-і шетелдік ерік­тілер еді. Сол жылы Астанада EXPO-ның өтуі­не 4 000-нан астам ерікті атсалысты. Олар сегіз сағат үш ауысыммен жұмыс істеп, 4 мил­лион қонаққа тік тұрып қызмет етті. Сұрақ­тарына жауап беріп, жол көрсетті. Мұндай сауапты іске шын беріліп, бар уақытын соған арнағандар да бар. 
Еріктілер халықтың басына қиыншылық түскен кездерде де қарап қалған жоқ. Мәсе­лен, 2015 жылы Алматының Қарғалы, Тауса­ма­лы шағын аудандарында сел жүріп, көше­лер мен аулаларды лай су басып қалғанда 200-ден астам ерікті зардап шеккендерге ас-су тасып, үйлер мен көшелерді батпақтан ар­шып, барынша көмектесті. Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде де еріктілер өздерін тағы бір көрсетті. Эвакуация бекеттерін керек-жарақпен қамтамасыз етіп, әлеуметтік желілерде материалдық көмек жи­нады. Сондай-ақ жарылыс кезінде бір-бірі­нен адасып қалған отбасы мүшелері туралы арнайы база жасап, ақпарат беріп отырды. «Ұлттық еріктілер желісі» бойынша Арыс қа­ла­сының тұрғындарына Қазақстан бойынша 35 мың ерікті көмек қолын созыпты. 2020 жыл – Қазақстанда Еріктілер жылы деп жария­лануы бұл бағытқа тың серпін берді. Сол жылы мыңдаған жас түрлі әлеуметтік, экологиялық, мәдени жобаларға тартылып, еріктілік нақты әлеуметтік күшке айналды. COVID-19 пандемиясы кезінде волонтерлер дәрі-дәрмек жеткізіп, медициналық қолдау көр­сетіп, ақпараттық жұмыс жүргізіп, қоғам­да шешуші рөл атқарды.
Жалпы, ел аумағында волонтерлік баста­малар қатары көбейді. Жақсылық жасауға ұмтылған, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен белсенді азаматтар да жыл санап артып келеді. Ел көлемінде Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді, бірың­ғай Call-орталық қызмет көрсетеді және   Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған. Осындай жүйелі жұмыстың арқа­сында былтыр 56 волонтерлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді. Осы жылы да Қазақстан волонтерлік қозғалыстың негізін нығайтуды жалғастыра береді.

Еріктілерге қолдау – елге қолдау

Әлемде еріктілікті қолдайтын ірі ұйым­дар бар. Солардың бірі жоғарыда айт­қан БҰҰ Ерік­тілер бағдарламасы (UNV) – 1970 жылы құ­рылған. Қазір бұл ұйымның құра­мын­да жыл сайын 8 мыңнан астам халық­ара­лық ерікті түрлі елде қызмет етеді. UNESCO, UNICEF, Doctors Without Borders, Greenpeace сын­ды ұйымдар еріктілер көмегін кеңінен пайдаланады. Дамыған елдерде жолға қойыл­ған, жүйелі түрде жұмыс істейтін қозғалыс бар екенін білдік. Олардың қызметі Еріктілер туралы заңда анық көрсетілген. Мысалы, әлеу­­­­­меттік жағынан қорғалмаған топтарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, қарттарға, мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету, жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ортаға бейімдеу, тәрбиелеу жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу, зілзала, экологиялық, техногендік және басқа да апаттар, әлеуметтік шиеле­ніс­тер, жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шек­кен адамдарға, құқық бұзушылық құр­бан­дарына, босқындарға және шарасыздан қо­ныс аударушыларға, сондай-ақ хабарсыз кет­кен адамдарды, Екінші дүниежүзілік соғыс пен басқа да соғыстарға қатысушылардың жер­ленген жерін іздеуге қатысу, қоршаған ор­таны қорғауға және сақтауға, аумақтарды абаттандыруға қатысу, білім беруді, ғылымды, мәдениетті дамытуға, дене шынықтыруды, спорт пен белсенді демалысты дамыту мен өңір­лік, өңіраралық, республикалық және ха­лықаралық дене шынықтыру және спорт­тық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жұмыс жүргізу – еріктілердің негізгі жұмыстары. 
Жалпы, еріктілер десек, бірден жастар, оның ішінде жоғары оқу орындарының сту­дент­тері ойға оралады. Ал шетелдік тә­жіри­беде еріктілер жас ерекшелігіне қарай бөлін­бейді. Қоғамға өзгеріс енгізуді қалаған кез кел­ген адам бос уақытын еріктілікке арнауы­на болады. Деректерге сүйенсек, АҚШ-та 2022-2023 жылдар аралығында 28,3 пайыз немесе 75,7 млн адам формалды түрде еріктілікпен айналысты. Аустралия, Канада, Ұлыбритания, Норвегия сияқты дамыған елдерде еріктілер саны миллиондаған адамнан асқан. Мысалы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 пайыз­ды, 25-44 жастағылар 26,7 пайызды құра­са, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жо­ғары еріктілер саны 51 пайызға дейін жет­кен. Бұл елде мектеп жасынан бастап бала­лар­ға «жақсылық жасау» идеясы түсіндіріледі. Жал­пы, еріктілікпен айналысу – АҚШ азама­ты­ның басты қасиеттерінің бірі саналады. Да­­мыған елдерде еріктілік мемлекеттік сая­саттың бір бөлігіне айналды. Айталық, АҚШ-та колледжге түсу үшін волонтерлік тәжірибе артықшылық саналады. Еуропа елдерінде ар­найы еріктілік бағдарламалары мен грант­тар қарастырылған. Сонымен қатар шетелде жұмысқа орналасуға келген жас маманның түйіндемесінде еріктілік қызметтің болуы – үлкен жетістік. Сондықтан да университет не­месе колледж студенттері ерікті болуға қуа­на келіседі. Ұлыбританияда балалар үйіне егде жастағы еріктілер қамқорлық танытады. Олар жаңа өмірге аяқ басқан бүлдіршіндерге өз ақыл-кеңесін беріп, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Кез келген мәселеде бағыт-бағдар беріп отыратын болғандықтан олар бір-біріне бауыр басып, туған ата-әжесіндей болып кете-ді. Біздің елімізде де осыған ұқсас қайырым­ды­лық шаралары қолға алынып келеді. Ұйым­­дастырушылар қарттар үйінің тұр­ғын­дары мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің басын қосып, іс-шаралар өткізіп тұрады. Жан жылуын аңсаған үл­кендер балаларға бағыт-бағдар берсе, тәр­бие­ленушілер егде жастағы-ларға қуаныш сый­лайды.
Көптеген дамыған ел еріктілерді қолдау­д­ы заң жүзінде бекітеді. Батыс Еуропа ел­дері­нің көпшілігінде мемлекеттік гранттар не­месе субсидиялар еріктілер ұйымдарын қар­жы­ландыруға бағытталған. Еріктілер ұйым­дарының ресми статусы оларды әлеуметтік қолдаудың толыққанды субъектілеріне ай­нал­дырады.
Еріктілік тек адамға көмектесу ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық әсері бар жүйе ретінде қарастырылады. OECD зерт­теулеріне сәйкес, волонтерлікпен айна­лысатындардың жұмысы кей елдерде ЖІӨ-ге 1,9 пайызға дейін үлес қосады, бұл айтар­лық­тай көрсеткіш. Ал әлем бойынша, жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызы волонтерлер еңбегінің жемісі көрінеді. Демек, еріктілердің еңбегін елдің экономикасының негізгі көмекшілері­нің бірі деп қарастырған жөн.

Түйін: 

Иә, бүгінде еріктілерсіз жұмыс бітпейді. Кез келген қоғамдық жұмыстарға еріктілердің қосыла кететінін білеміз. Апаттар мен тосын оқиғаларға да бірінші болып көмекке жүгіретін солар. Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанда тіреу болу – кез келген адамның 
қолынан келетін іс. 

Наурызбек САРША

Тэгтер:

Еріктілер Халықаралық Еріктілер жылы Волонтер болу еріктілік еріктілер қозғалысы