«Орта дәліздің» олжасы

5 қаңтар, 2026 / Ділда УӘЛИБЕК

Былтыр халықаралық алаңдарда, биік-биік мінберлерде Орта дәліздің маңызы туралы жиі айтылды. Соның ішінде Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне де әлем назары ауды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та  өз Жолдауында көлік-логистика секторын дамыту аса маңызды екеніне, бұл еліміздің бәсекеге қабілетті етудің басты факторы бола алатынына тоқталған болатын. Жалпы, Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызы неде? Оның логис­ти­калық әлеуетін көтеріп, маңызын аспан­да­тып отырған нендей факторлар? Осыған орай еліміз Еуразия кеңістігіндегі ең маңыз­ды транзит торабына, шығыс пен батысты жал­ғаған басты көпірге айнала ала ма? Жаңа мүм­кіндіктер мен стратегиялық бағыттарға, шек­теулер мен кедергілерге ой жүгіртіп көр­дік.

Болашағы зор бағыт

Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасы­ма­лы ұзақ уақыт бойы бір ғана ұстанымға сүйе­ніп келді: ең қысқа әрі сенімді жол – Ре­сей арқылы өтетін Солтүстік дәліз. Де­ген­мен кейінгі жылдардағы геосаяси сын-қатер, санкциялар мен жеткізу тізбектерінің үзілуі ло­гистиканы техникалық емес, саяси мәселе дең­гейіне көтерді. Осы жағдай Транскаспий халықаралық көлік маршрутын, яғни Орта дәлізді балама жол емес, қажеттілік ретінде алға шығарып отыр.
Транскаспий бағыты Қытайдан бас­та­лып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропаға же­те­ді. Бұл – мультимодаль маршрут: теміржол теңіз тасымалымен ұштасады. Кейінгі жыл­дары осы Орта дәліз батыс пен шығыстың на­зарын аударып отыр. Әсіресе, Еуроодақ ел­дері тасымал жолына аса қызығушылық та­нытты.
Мәселен, былтыр елімізге ресми са­пар­мен келген Италия премьері Джорджа Мело­ни Орталық Азия мен Италия арасындағы өзара ықпалдастықтың өзегі цифрлық ин-ф­рақұрылым мен тасымал инфрақұрылымы екеніне тоқталған еді.
– Осыған байланысты Орта дәліз ең ке­ле­шегі зор және ең тартымды бағыт сана­ла­ды. Бұл бастама стратегиялық ынты­мақ­тас­тықты нығайтып, жеткізу тізбегі мен тұрақ­ты­лыққа елеулі үлес қосады деп сенеміз, – де­ді Италия Министрлер кеңесінің төрағасы.
Одан бөлек, Еуропа парламенті Орта дә­­­­ліздің жаһандық логистикадағы ұлғайып ке­ле жатқан маңызын талқылаған болатын. Еуропалық парламент депутаты Ильхан Кучук: «Геосаяси жағдайларды ескере оты­рып, қарым-қатынастарымызды күшейту қа­жет. Барлық сын-қатерлерге біртұтас тә­сілмен жауап беру маңызды. Бұл екі тарап­тың да мүддесіне сай», – деді. Ал Diplomatic World журналының жобалар жөніндегі жетекшісі Альберто Тюркстра: «Қазақстан ав­томобиль және теміржол жолдарын, со­ны­мен қатар екі Каспий портының инф­ра­құры­лымын белсенді жаңғыртып, Орта дәлізді дамытуда көшбасшыға айналып отыр», – деп атап өтті.
Былтырғы қарашада АҚШ-та С5+1 фор­матында өткен саммитте еліміз­дің логистикалық әлеуетін көтеруге септігін тигізетін маңызды келісімдер жасалған еді. Сол кезде сарапшылар бұл жиын Транс­кас­пий дәлізінің мүмкіндігін кеңейтуге жол аша­д­ы деген болжам айтқан болатын. 
Одан бөлек, Алматыда Түркі мемлекет­тері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің көлік ми­нистрлерінің VIII кездесуінде де Транс­кас­пий халықаралық көлік маршрутын да­мыту күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде қа­растырылған болатын. Бұл бағыт өңірлік ло­гистикалық архитектураның негізгі эле­менті ретінде қарастырылып, мемле­кет­тер­дің өзара байланысын күшейтуге және көлік дә­ліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру­ға қабілетті құрал ретінде бағаланды. Тарап­тар Каспий теңізі арқылы тасымал көлемін ұлғайту, қайта тиеу пункттерін салу және па­ром қатынасын іске қосу жөніндегі бас­та­маларды қолдады. Инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту мен цифрландыру бағытындағы бір­лес­кен қадамдар тауар айналымын жедел­де­тіп, логистиканың тиімділігін арттыруға жол ашпақ.
АХҚО Еуразия континентіндегі елдер, атап айтқанда ЕО, Қытай, Үндістан және Ор­талық Азияның негізгі экономикасы өсе­ді, демек, инвестициялар мен сауда айна­лы­мы артады деп болжайды. Бұл елдер әлемдік эко­номиканың 40 пайызын, ал әлем хал­қы­ның 43 пайызын құрайды. Ең жоғары өсім Үндістан мен Орталық Азия экономика­ла­рын­да байқалатын болады. Сондықтан ло­гис­тикалық мүмкіндіктерді әртараптандыру жүк айналымының бір бөлігін құрлыққа ба­ғыттауы мүмкін. Соның ішінде Орта дәліз Орталық Азия үшін маңызды рөл атқарады. Дү­ниежүзілік банктің болжамы бойынша 2030 жылға қарай Орта дәліз бойынша жыл сайынғы тасымалдау көлемі үш есеге артып, Ор­талық Азия мен Кавказдың экономикалық өсімі 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін.  Өсіп келе жатқан жүк ағынына жауап беру үшін инфрақұрылымның өткізу қабілетін кеңейту, қосымша халықаралық келісімдер қа­жет. Еуропа қайта құру және даму банкінің бағалауы бойынша Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын едәуір жақсарту және орнықты байланыстарды қамтамасыз ету үшін қажет инвестицияның жалпы көлемі – 18,5 млрд еуро. Соның ішінде Қазақстанға құны 5,5 млрд еуро болатын 13 жобаны жүзеге асыру керек.

Мүдделер тоғысатын нүкте

Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы та­сымалданатын тауардың 80 пайызы Қазақ­стан арқылы өтеді. Кейінгі 15 жылда еліміз көлік қатынасын дамытуға 35 млрд доллар ин­вестиция құйған. Нәтижесінде, 5 теміржол дәлізі, 8 транзиттік бағыт, 2 теңіз порты, 25 әуе­жай салынды. Осылайша, Орта дәліздің бір торабы ретінде Қазақстан транзиттік ел ғана емес, екі континентті жалғайтын логис­тикалық хаб ретінде дамуға мүдделі, дамып та келеді.
Мәселен, Достық – Мойынты учаскесі Ор­­та дәліздің маңызды торабы ретінде Қа­зақ­­станның транзиттік әлеуетін жаңа дең­гейге көтеріп отыр. Бұл бағыт елді Қы­тай­дан басталатын тауар ағындарын Транскаспий ар­қылы Еуропаға жеткізетін мультимодаль жүйенің негізгі буынына айналды. Ұзындығы 836 шақырым жаңа екінші жолдың салынуы және өткізу қабілетін күніне 12 жұп жүк пойы­зынан 60 жұпқа дейін арттырады. Со­ны­мен қатар Достық – Мойынты Орта дә­ліз­дің сенімді торабының бірі, өйткені ол теңіз бен теміржол тасымалын біріктіруге, үй­лестіруге мүмкіндік береді. Оның Ақтау мен Құрық порттары арқылы теңіз қаты­на­сына қосылуы тауарларды Еуроодаққа 12-15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. 
Жалпы, Орта дәліздің Қазақстанға бе­ре­рі транзиттік табыстан да көп. Еуроодақ­тың Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанның көлік инфрақұрылымына белсенді инвес­ти­ция салуы кездейсоқ емес. Орта дәліз елімізді ши­кізат жеткізуші ғана емес, өңірлік хабқа ай­налдыруға мүмкіндік береді. Уран, мыс, ни­кель, алюминий сияқты стратегиялық ре­сурстарға сұраныс «жасыл энергетика» мен жоғары технологиялар дәуірінде күрт өсіп отыр. Ал Еуропалық одаққа дәл қазір осы ресурстарға балама жеткізу арналары мен сенімді серіктес керек. Еліміз осы мүд­де­лер тоғысатын нүктеге айнала алады.  Ор­та дәліз Қазақстанның «теңізге шыға ал­май­­тын мемлекет» ретіндегі осалдығын «құр­лықтағы байланыстырушы держава» дең­гейіне көтере алады. 
Басымдық емес, балама

Орта дәліздің мүмкіндігін бағалау үшін ба­лама бағыттармен де салыстыру қажет. Мә­­селен, Транссібір теміржолы әлі күнге дейін ең қуатты әрі толық жетіліп, қа­лып­тас­қан бағыт болып отыр. Инфрақұрылымы дайын, өткізу қабілеті жоғары, тарифтері са­лыстырмалы түрде тұрақты. Көлемді жүк та­сымалы үшін бұл ең тиімді маршруттың бірі. Алайда оның басты кемшілігі – геосаяси тәуел­ділік. Ресей арқылы өтетін транзит көп­­теген халықаралық компания үшін бол­жап білуге келмейтін факторға айналды. Сон­дықтан Солтүстік дәліз арзан әрі ың­ғай­лы болғанымен, «саяси құны» өсіп келеді.
International North–South Transport Corridor (INSTC) Еуропа мен Ресейден Иран ар­қылы Үндістанға шығады. Бұл бағыт Азия – Еуропа емес, Солтүстік – Оңтүстік логи­ка­сына құрылған. Оның артықшылығы – Пар­сы шығанағы мен Оңтүстік Азия нарық­та­ры­­на да қол жеткізуге мүмкіндік беретіні. Бір­ақ инфрақұрылым біркелкі дамымаған, кей учаскелерде әкімшілік және техникалық ке­дергілер көп. Сондықтан INSTC Транс­кас­пийге тікелей бәсекелес бола алмайды, функционалдық тұрғыдан да бөлек дәліз.
Lapis Lazuli секілді бағыттар Орталық Азия­ны Түркия және Таяу Шығыспен бай­ланыстырады. Олар аймақтық интеграцияға аса маңызды, бірақ жүк көлемі мен тұрақ­ты­лығы жағынан Орта дәлізбен теңесе ал­майды. Бұл маршруттар стратегиялық «қо­сым­ша жол» рөлін атқарады.
Сонымен, Транскаспийдің басқа жол­дар­дан айырмашылығы неде? Ең алдымен, гео­саяси тұрғыдан бейтарап Орта дәліз жүк жө­нелтушілерге санкция қаупін төмендетуге мүм­кіндік береді. Екіншіден, уақыт факторы. Мультимодаль маршрут – жылдамырақ, икем­дірек. 
Тәуекелдері де жоқ емес. Каспийдегі па­ром флоты шектеулі, логистикалық тізбек бір­неше елге тәуелді, тарифтер біркелкі емес. Осы Транскаспий бағыты туралы Қазақ-Неміс университетінің ғалымдары (Жандос Кегенбеков, Диана Бектурова және Юлия Га­мидова) арнайы зерттеу жүргізіп, басты ке­дергілерге тоқталады. Олардың пікірінше, бас­ты қиындық – инфрақұрылымның дамы­мауы. Дәл осы фактор дәліз жұмысының тиім­ділігін тежеп тұр.
Президент жанындағы ҚСЗИ-дің жаһан­дық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас­шысы Ерлан Жақыпов та Орта дәліздің мүм­кіндігін толық пайдалану үшін көлік инф­рақұрылымын жетілдіруді жалғастыру қа­жет деген пікір айтады. Ал зерттеуші Шың­ғыс Зипатолланың пікірінше, уәдесі зор, аты дардай жобалардан гөрі мақсаты анық, нақты бағыты бар бастамалар Орта дә­ліздің бел­сен­ділігін арттыруға көбірек үлес қоса алады.

Шыңғыс ЗИПАТОЛЛА, 
зерттеуші, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті Дүнижүзі тарихы мен халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы:

Мақсаты анық бастамалардың берері көп

– Транскаспий бағыты Орталық Азияны Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады. 2024 жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүк көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш Ресей арқылы өтетін Солтүстік дәліздегі жүк көлемінен шамамен 16 есе аз. Сондықтан өткізу қабілеті мен ауқымы тұрғысынан алғанда, Транскаспий маршруты жақын арада Солтүстік дәліздің орнын толық баса алмайды.
Ал кейінгі екі жылда Еуропалық одақ Орталық Азия елдерінің экономикасына шамамен 22 миллиард еуро инвестиция салды. Оның жартысынан астамы көлік-логистикалық бай­ланыстарды дамытуға, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің инфра­құры­лымын кеңейтуге бағытталды. Мәселен, 2024 жылғы қаңтарда өткен ЕО – Орталық Азия көлік байланысы жөніндегі инвесторлар форумында Транскаспий халықаралық көлік бағы­тына 10 миллиард еуро (11 миллиард доллар) бөлінетіні жарияланды. Кейін, 2025 жыл­­ғы сәуірде Өзбекстанда өткен алғашқы ЕО – Орталық Азия саммитінде Global Gateway баста­масы аясында қосымша 12 миллиард еуро инвестиция пакет ұсынылды. Алайда CAPS Unlock және Германияның сыртқы саясат кеңесінің (DGAP) қолдауымен жариялаған жаз­бам­да атап өткендей, бұл стратегия тек ЕО бағытын түзетсе ғана сәтті болмақ. Қаржыландыру ынтымақтастыққа негізделген және мақсаты айқын болуға тиіс.
Жалпы, Еуроодақтың өңірге белсенді түрде инвестиция сала бастауының өзіндік себебі бар.
Біріншіден, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Еуропа одағына бір ғана транзит мар­шрутына сүйенудің тәуекелі зор екенін көрсетті. Осы жағдайда Еуропалық одақ балама бағыттарды іздеуге және тасымал жолдарын әртараптандыруға кірісті.
Екіншіден, Қытай сирек кездесетін металдардың экспортына белгілі бір шектеулер енгізді, сондай-ақ болашақта басқа да экспорт шектеулері пайда болуы мүмкін деген қауіп бар. Ал Орталық Азия уран, никель, алюминий, кобальт және басқа да стратегиялық ресурстарға бай өңір ретінде танылып отыр. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан ЕО-ға мол мұнай мен газ қорын, сондай-ақ мыс, литий және никель сияқты стратегиялық ресурстарды ұсына алады. Басты қиындық – ресурстарды сенім артуға болатын бағыттармен Еуропаға жеткізу.  Осы контексте Еуропалық одақ Орталық Азияны Қытайдан тыс балама серіктес ретінде қарастырып, жаңа әріптестік форматтарын дамыта бастады.
Үшіншіден, аталған ресурстар «жасыл» энергетика, машина жасау және жоғары тех­но­логиялы өндіріс салалары үшін аса маңызды. Қазір бұл ресурстар айтарлықтай «саясаттанған» тауарлар санатына жатады. Осыған байланысты Еуропалық одақ жаңа серіктестер іздеп, қауіпсіз әрі тұрақты жеткізу маршруттарын қалыптастыруға мүдделі.
Осылайша, Еуроодақ мәселені шешу үшін өзін Қытаймен Орталық Азия және Каспий теңізі арқылы байланыстыратын, Түркия немесе Грузия мен Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліз­ге деген қызығушылықты қайта жандандырып отыр. Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағыт­ты уран мен мұнай экспорттау үшін қолданып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия Еуропалық одақ үшін стратегиялық әріптеске айналып отыр, ал Транскаспий халы­қара­лық көлік дәлізі осы әріптестіктің инфрақұрылымдық негізі ретінде қарастырылуға тиіс. 
Орта дәліздің табысты болуы үшін климаттың әсерін ескеру міндетке айналуы керек. ЕО-ның басты жобаларының бірі – Team Europe бастамасы аясындағы су, энергетика және климат бағыты бойынша бөлінген 6,5 миллиард еуро (жалпы 12 миллиард еуроның бір бөлігі) дұрыс бағыттағы қадам болып саналады. Бірақ жобаның қазіргі ауқымы тым кең және шашыраңқы, сондықтан өңірдің мәселелерін шешу қиынға соғады. Қолданған тәсіл нақтырақ болса, бастама жол, теміржол және су көлігін көміртексіздендіруді, әсіресе жүк көлемі артқан сайын ынталандыра алады. Теміржолдарды электрлендіру және оларды жаңартылатын энергия көздерімен біріктіру – бұл жолдағы маңызды мүмкіндіктердің бірі.
Логистиканы жақсартуға, көлік жолдарын жоспарлауды оңтайландыруға, энергия тұтынуды азайтуға және жасыл жобаларды цифрлық бағытта қолдауға ұмтылу керек. Ірі мегажобалардан гөрі практикалық шешімдерді таңдау қажет. Мысалы, Германияның Rhenus Group компаниясы Ақтау портында контейнер терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл – Каспий теңізіндегі нақты логистикалық тығырықты шешуге бағытталған инвестиция. Со­ны­мен қатар Қазақстан, Грузия және Әзербайжанда шекара рәсімін жеңілдетіп, ЕО стан­дарт­тарына жақындатуға арналған бірыңғай электронды транзиттік жүйе пилоттық режим­де енгізіліп жатыр. Осындай мақсаты анық бастамалар Орта дәліздің белсенділігін арттыра алады.
Азия даму банкі мен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) сияқты Парсы шығанағы елдері қа­жетті қаржыға ие, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мен жүзеге асыруда тәжіри­бесі мол және бұл өңірде белсенді жұмыс істеп келеді. Осы серіктестермен тығыз жұ­мыс істеу арзан несиеге жол ашып, Азиядан қосымша инвестор тартуы мүмкін.

Ерлан Жақыпов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы:

Инфрақұрылымды дамыту жаңа қозғаушы күш тудырады

– Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі буынға айналып отыр. Кейінгі жылдары ел аумағынан өткен тасымал көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) маңызы зор. Ол дәстүрлі бағыттарға балама ретінде қарастырылып, елдің жаһандық экономикаға кірігуіне мүмкіндік ашады. 
Көлік министрлігінің дерегіне сәйкес, кейінгі бес жылда Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы өткен тасымал көлемі 6 есеге өскен. 2020 жылы 0,8 млн тонна болса, 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жеткен. Тек 2024 жылдың өзінде 2023 жылғы 2,8 млн тоннамен салыстырғанда өсім 62 пайыз болған. Қазір маршруттың өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға жетіп отыр. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Статистика көрсеткендей, бұл маршрут тек транзит функциясын ғана емес, сонымен қатар Қазақстан өнімін экспорттау (тасымалдың 72 пайызы – азық-түлік, металл, мұнай-химия) және шетел тауарын импорттау үшін де белсенді қолданылады. Бұл Орта дәлізді халықаралық сауданың басты арнасының бірі және ұлттық экономиканың өсу факторы ретінде қалыптастырады.
Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Сонымен қатар көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуға  тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек. Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ елімізде оның үлесі әлі де төмен – небәрі 7 пайызға жуық», – деп баса айтты.
Осылайша, контейнермен тасымалдау мен мультимодаль бағыттарды дамыту инфрақұрылымға инвестиция тартудың, шикізаттан басқа салаларды  дамытуға серпін берудің және Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетін арттырудың маңызды шартына айналып келеді. Сәйкесінше, Қазақстан Орта дәлізді тек транзит маршруты ретінде ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіп өсімінің, шикізаттан басқа секторларды дамытудың және жаһандық экономикаға қатысуды кеңейтудің платформасы ретінде қарастырады. Бұл бағыттағы жобаларды іске асыру ұлттық экономикаға мультипликативтік әсер беріп, инфрақұрылымға, логистикаға, өнеркәсіпке және ілеспе қызметтерге инвестиция тартуға серпін береді. 
Маңызды бағыттың бірі – мультимодаль хабтарды, логистикалық орталықтарды, порт инфрақұрылымын және цифрлық транзит қызметтерін дамыту. Бұл халықаралық көлік желілеріне белсене арараласуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар Орта дәліз аясында Әзербайжан, Грузия, Түркия және ЕО елдерімен байланыс ауқымын кеңейту Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді серіктес әрі көлік көпірі ретіндегі стратегиялық маңызын арттырады. Орта дәліз тек көлік стратегиясының элементі ғана емес, сонымен қатар елдің геоэкономикалық позициясын нығайтудың құралы, сондай-ақ жаһанды тұрақсыздық жайлап тұрған уақытта тұрақты дамудың маңызды факторы ретінде қарастырылады. Бұл ретте сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінде экспортқа бағытталған кластерлерді қалыптастыру, заманауи логистикалық және цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылым мен тұрақты энергетикаға инвестиция тарту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашылады. 
Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Орта дәліз бойынша Каспий теңізі арқылы тасымалдау көлемі үш есе өсіп, 11 миллион тоннаға жетпек, оның 4 миллион тоннаға жуығы контейнерлермен тасымалданады. Транзит жүктерінің негізгі бөлігі Еуропа мен Қазақстан арасындағы, сондай-ақ Еуропа мен Қытай арасындағы сауданың бір бөлігі ретінде осы бағыт арқылы өтеді.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін көлік инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастыру қажет. Logistics Performance Index (LPI) рейтингінің «көлік инфрақұрылымы» қосалқы индексінде Қазақстан 2018 жылғы бағалаумен салыстырғанда позициясын жақсартқан, 138 елдің арасында 80-орынға ие болды (2018 жылы 81-орын). Дегенмен позицияларды одан әрі нығайту және жүк тасымалы көлемінің өсуін ынталандыру үшін айтарлықтай қыруар қаржы қажет. Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамына сәйкес, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсарту үшін Қазақстанға 5,5 миллиард еуро, жалпы аймаққа 18,5 миллиард еуро инвестиция қажет.
Осылайша, көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін көтеріп қана қоймай, өсімге ықпал ететін жаңа қозғаушы күш қалыптастыруға, өңірдің халықаралық саудадағы рөлін күшейтуге және ұзақ мерзімде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін жақсартуға, еліміздің жаһандық экономикалық процестерге белсене араласуына жол ашады.

Қорыта айтқанда, Орта дәліздің жүк тасымалындағы маңызды балама бағытқа айналуға толық мүмкіндігі бар. Осы жолға Батыс пен Шығыстың қатар қызығушылық танытуы – соның бір дәлелі. Ал еліміз үшін маңызды тасымал жолының торабы болу – үлкен мүмкіндік. Сауда бар жерде өркениет те, өркендеу мен өсу де қатар жүретінін тарихтан білеміз. Одан бөлек, Орта дәліз тек көлік стратегиясының элементі ғана емес, елдің геоэкономикалық позициясын нығайтудың маңызды құралы. Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту жоғарыдағы мүмкіндікті барынша ел игілігіне пайдаланудың алғышарты болмақ. 

Тэгтер:

Орта дәліз көлік-логистикалық әлеует