«Бейнеу-Ақтау» жолы құрылысының 80%-ы бітті

«Бейнеу-Ақтау» жолы құрылысының 80%-ы бітті

«Бейнеу-Ақтау» жолы құрылысының 80%-ы бітті
ашық дереккөзі
Азия даму банкі 36 млрд теңгеге қаржыландырған инвестициялық жоба - «Бейнеу-Ақтау» автомобиль жолы құрылысының 80%-ы аяқталған. Биылғы жылы 7 млрд теңге игеріліп, қазан айында барлық жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың Қарақия ауданына барған жұмыс сапарында белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Өңір басшысы бірінші кезекте «Ақтау-Жетібай-Шетпе» учаскесін қайта құру бойынша «Бейнеу-Ақтау» автомобиль жолының жұмыстарымен танысты. Жоба 2015 жылы басталған, оған Азия даму банкі 36,335 млн теңге көлемінде қаржы бөлді. Жоба бойынша «Ақтау-Жетібай» учаскесі 1 дәрежелі, төрт жолақты болып салынуда және орта тұсына тосқауылдар қойылады. Жалпы ұзындығы 170 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылысына Маңғыстау облысының, соның ішінде Жетібай және Мұнайшы ауылдарының тұрғындары тартылды.
«Биыл 36 млрд теңгенің 7 млрд 200 млн теңге қаржысы игерілетін болады. Қазіргі таңда біз учаске бойынша жұмыстың 80%-ын атқардық. Асфальтбетонның үшінші қабаты төселуде. Құрылыс кезінде қазақстандық материалдарды қолданудамыз. Біз бұрын ресейлік битумды қолдансақ, қазір «КаспиБитум» зауыты ашылғалы бері жергілікті жеткізушілердің өнімін пайдаланудамыз. Өткен жылы 45 мың тонна битум пайдалансақ, биыл 25-30 мың тонна алуды жоспарлап отырмыз. Көпірлерді тұрғызу үшін темір бетондық өнімдерді (ТБӨ) Ақтөбе мен Алматыдан алдыртып жатырмыз. Қиыршық тасты тек Шетпе ауылындағы карьерден жеткізудеміз», - деді «Дженгиз Иншаат» компаниясының Ақтау қаласындағы бөлімшесінің директоры Мұрат Зейнабілов.