Оңтүстік Кореяда жүргізілген ірі ұзақмерзімді зерттеу жас ересектер арасында семіздік, әсіресе іш аймағындағы май жиналуы бас сақинасының даму қаупін арттыратынын көрсетті. Зерттеу нәтижелері Neurology ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz
Ғалымдар жалпы дене салмағының индексіне қарағанда, бел шеңбері арқылы өлшенетін абдоминалды семіздік бас сақинасын туындататын анағұрлым күшті қауіп факторы екенін анықтаған. Бұған дейін семіздік мигреньнің асқынуына әсер ететіні белгілі болғанымен, оның аурудың алғаш пайда болуына ықпалы нақты дәлелденбеген еді.
Зерттеу Кореяның Ұлттық медициналық сақтандыру қызметінің деректеріне негізделген. 2009-2012 жылдары медициналық тексеруден өткен 20-39 жас аралығындағы азаматтар қамтылған. Алдын ала мигрень диагнозы қойылғандар мен деректері толық емес адамдар есептен шығарылып, соңында 6,1 млн-нан астам адам зерттеуге енгізілген.
Нәтижесінде бел өлшемі үлкен болған сайын бас сақинасы ұстау ықтималдығы да жоғарылайтыны анықталды. Ғалымдардың айтуынша, бұл дерек семіздікті тек жүрек-қан тамырлары немесе эндокриндік мәселе емес, неврологиялық қауіп факторы ретінде де қарастыру қажеттігін көрсетеді.