«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі Қазақстан бойынша 2026 жылғы қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Болжамға сәйкес, қаңтар айы жылы болады деп күтілуде. Айлық орташа ауа температурасы республика аумағының барлығында нормадан 1–2°С-қа жоғары болады.
Ай ішіндегі жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында болжанады. Ал Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан облысының көп бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысында, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында, Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан облысының оңтүстік-шығысында және Жетісу облысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтіледі.
Ай бойы қар жауып, екпінді жел, боран, тұман және көктайғақпен қатар жүретін күндер ашық әрі аязды ауа райымен алмасып отырады.
Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында түнгі ауа температурасы -10…-18 °С-қа, күндіз -5…-12 °С-қа дейін төмендейді деп күтіледі. Кейіннен ауа температурасы сәл оң мәндерге дейін көтеріледі.
Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында түнгі ауа температурасы -10…-20 °С пен -3…-8 °С аралығында, күндіз -2…-12 °С пен -5…+3 °С аралығында құбылады;
елдің шығысында түнде -2…-13 °С-тан -10…-18 °С-қа дейін, күндіз -6…+2 °С-тан -2…-10 °С-қа дейін;
елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнгі температура -2…-12 °С пен -5…+5 °С аралығында, күндіз -3…+8 °С пен +5…+10 °С аралығында, ал ең оңтүстігінде +15 °С-қа дейін көтерілуі мүмкін.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталық өңірлерінде суық ауа массаларының енуі кезінде түнгі ауа температурасы -25…-35 °С-қа, күндіз -15…-20 °С-қа дейін төмендейді деп болжануда. Қаңтардың ең жылы күндерінде ауа температурасы -5…+3 °С-қа дейін жоғарылауы мүмкін.
Елдің батысында суық толқындар кезінде түнгі температура -20…-27 °С-қа, күндіз -12…-19 °С-қа дейін төмендейді. Айдың жекелеген күндерінде күндізгі ауа температурасы 0…+5 °С-қа дейін көтерілетін жылымықтар болуы ықтимал.
Елдің оңтүстік жартысында түнгі ауа температурасы 0…-5 °С пен -10…-20 °С аралығында, күндіз +2…+12 °С пен -3…-13 °С аралығында құбылады деп күтіледі. Үшінші онкүндіктің жекелеген күндерінде түнгі температура -20…-30 °С-қа, күндіз -10…-18 °С-қа дейін төмендеуі мүмкін.