Норвегиялық шахматшы 9 дүркін әлем чемпионы атанды

Бүгін, 15:07 / Інжу Әлихан
Chess.com

Дохада өткен блиц шахматтан әлем біріншілігінде норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен тоғызыншы рет әлем чемпионы атанды. Ол өз шеберлігін кезекті мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шешуші матчта Карлсен өзбекстандық Нодирбек Абдусатторовпен кездесіп, 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша норвегиялық шахматшы блиц бойынша әлем чемпионатын қатарынан төртінші рет ұтып отыр. Бұған дейін ол рапид шахматынан да әлем чемпионы атанған.

Турнирдің іріктеу кезеңінде барлығы 19 тур ойналып, үздік нәтиже көрсеткен төрт шахматшы плей-оффқа жолдама алды. Бұл кезеңде үндістандық Арджун Эригайси 15 ұпай жинап, көш бастады. Одан кейін америкалық Фабиано Каруана 14 ұпаймен, Магнус Карлсен 13,5 ұпаймен, ал Нодирбек Абдусатторов 13 ұпаймен алғашқы төрттікке енді.

Жартылай финалда Карлсен Фабиано Каруананы жеңсе, Абдусатторов Арджун Эригайсиді жарыс жолынан шығарып, финалға жолдама алды.

Айта кетейік, Магнус Карлсен бұған дейін блиц шахматтан әлем чемпионы атағын 2009, 2014, 2017, 2018, 2019, 2022, 2023 және 2024 жылдары жеңіп алған. Ал 2024 жылғы әлем чемпионатында ол ресейлік Ян Непомнящиймен бірге жеңіс тұғырын бөліскен еді.

Сонымен қатар әйелдер арасындағы жарыста қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева тағы бір мәрте жоғары нәтиже тіркеді. Ол финалда украиналық Анна Музычукты 2,5:1,5 есебімен жеңіп, блиц шахматынан үшінші рет әлем чемпионы атанды.