Шпекбаев ЕХРО-2017 көрмесінің билетін күштеп сатуға қатысты жауап берді
Шпекбаев ЕХРО-2017 көрмесінің билетін күштеп сатуға қатысты жауап берді
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ЕХРО-2017 көрмесінің билеттерін күштеп сату оқиғаларына қатысты жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін агенттік басшысының орынбасары еGov порталының «Ашық диалог» интернет-конференциясына қатысқан болатын. Оның барысында азаматтардың бірі ЕХРО-2017 көрмесінің билеттерін күштеп сату оқиғаларына қандай тоқтам болатынын сұраған еді. «Құрметті Алик Жатқамбайұлы! Қазір көптеген ұйымдарда ЕХРО-2017 көрмесінің билеттерін күштеп өткізіп жатыр. Бұл қаншалықты заңды?», - делінген интернет арқылы қойылған сауалда. «ЭКСПО-2017 - халықаралық көрме бюросымен мойындалған және Астанада өтетін мамандандырылған халықаралық көрме болып табылады. Көрме тақырыбы - «Болашақ энергиясы». ЭКСПО-2017 көрмесіне 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйым қатысады және оны 2-3 миллион келуші тамашаламақ. ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми сайты таратқан мәліметке сәйкес, билеттер 2016 жылдың 10 желтоқсанында сатылымға шыққан. Билеттерді сатып алу міндеті ешқай жерде көрсетілмеген. Сондықтан ЭКСПО-2017 көрмесіне азаматтар өз еріктерімен ғана сатып алуға құқылы. Сонымен қатар «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Ахметжан Есімовтің тапсырмасымен Қоғаммен байланыс департаменті «Жедел желі» ашты, онда «ЭКСПО» атауын жамылып, заңсыз ақша жинау фактілерін хабарлауға болады», - деп атап өтті ол. Айта кетейік, «Жедел желі» нөмірі: whatsapp - 87023326521, e-mail: hotline@expo2017astana.com.