Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты«Арман ағашы» қайырымдылық акциясын өткізді. Дәстүрлі іс-шара аясында партияластар ел аумағындағы 5 мыңнан астам баланы мейірімге бөледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәселен, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Астана қаласындағы«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, балаларды жарқын мерекемен құттықтады.
«Мемлекет басшысы еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды екенін әрдайым айтып келеді. Осыны жіті түсіне отырып, ел аумағында «AMANAT» партиясының байыпты бастамалары жүйелі жүзеге асырылуда. Мұндай акциялар кезінде тұжырымдар мен есептер емес, шынайы эмоциялар маңызды. Балалардың шат күлкісін, қуанышы мен жүрек жылуын қолдан жасау мүмкін емес. «Арман ағашы» – бұл шынайы қамқорлық жасау, әр балаға көңіл бөлу және қарапайым, бірақ естен кетпес ерекше игі істі қолға алу туралы оқиға. Мұндай жобалар балалардың жақсылық жасауға деген үміті мен сенімін нығайтады, ал ересектерге барынша қамқор болудың, тыңдай білудің және қолдау көрсетудің ортақ жауапкершілігін еске салады. Әр баланың өзін қажет екенін сезінуі, қиындықтарымен жалғыз қалмайтынын және қоғамның әрдайым көмек қолын созуға дайын екенін білуі өте маңызды», – деді Дәулет Кәрібек.
Осылайша, партияластар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ерекше қажеттілігі бар балалардыңарманын орындауға үлес қосып, арнайы дайындалған сыйлықтар табыстады.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасыАқерке Искандерованың айтуынша, қоғамда мейірімділік мен жанашырлық сынды қастерлі құндылықтар дәріптелетін дәстүрлі акция елімізді түкпір-түкпірінде ұйымдастырылды.
«Арман ағашы» акциясы арқылы азаматтарды түрлі санаттағы балаларға қолдау көрсетуге шақырамыз. Бұл іс-шара балаларға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап, армандарының орындалуына ықпал етуде. Бірер күн бұрын Ақкөл қаласында 120-дан астам балаға жаңа жылдық қуаныш сыйладық. Жастар қанатының аймақтық филиалдары акцияны жалғастырып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға мерекелік сыйлықтар табыстап, жаңа жылдық іс-шаралар ұйымдастыруда», – деді Ақерке Искандерова.
Айта кетейік, «Арман ағашы» қайырымдылық акциясы аясында «AMANAT» партиясы ел аумағында барлығы 5 мыңнан астам балаға жүрек жылуы мен мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таба береді.