Тоқаев Бибісара Асаубаеваны әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Бүгін, 05:51 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Президент Бибісара Асаубаеваны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енгенін айтты.

"Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым", – делінген құттықтауда.

Қазақстандық Бибісара Асаубаева 2025 жылғы блиц бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Финалда қазақстандық ойыншы төртінші және соңғы ойында украиналық Анна Музычукты жеңді. Алдыңғы үш ойын тең аяқталған болатын.

Турнир Катар астанасы Дохада өтті. Асаубаева алғаш рет швейцариялық жүйе бойынша турнирде жеңіске жетіп, 15 турдан кейін бірінші орынмен жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Асаубаева қытайлық Чжу Цзиньэрге жеңіске мүмкіндік қалдырмай, қатарынан үш ойынды жеңді.