ТЖМ үш күнде тасжолдардан 242 адамды эвакуациялады

Бүгін, 17:02 / Алуа Арман
ТЖМ

Соңғы үш тәулік ішінде Қазақстан ТЖМ құтқарушылары боран, көктайғақ, қатты жел жағдайында 242 адамды, оның ішінде 8 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сондай-ақ қар құрсауынан 19 автокөлік шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сонымен қатар жедел қызметтер халықты кең көлемде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді: дауылды ескертулер SMS, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар қатысты.

Ең күрделі жағдай бірқатар өңірлерде қалыптасты. Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жолаушылары бар автобустар тұрып қалған блокпосттар мен жабылған автожол учаскелерінен 100-ден астам адам жылыту пункттеріне эвакуацияланды. Жетісу облысында қар құрсауынан шамамен 30 адам, оның ішінде Үшарал – Достық тасжолында және Көктұма станциясы ауданында құтқарылды.

Ақтөбе облысында құтқарушылар жол-көлік оқиғасына ұшыраған «Мәскеу – Шымкент» бағытындағы рейстік автобустың жолаушыларына көмек көрсетіп, 59 адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Қарағанды облысында Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында бұзылып қалған автобустың жолаушылары эвакуацияланды.

Сонымен қатар Алматы облысында тауда байланыс үзілген турист табылып, аман-есен төмен түсірілді. Батыс Қазақстан облысында Чаган өзенінің мұзына түсіп кеткен жүк көлігі шығарылды, ал Қостанай облысында қар құрсауында қалған шетел азаматына көмек көрсетілді.

ТЖМ мәліметінше, жолдардың күрделі учаскелерін тәулік бойы патрульдеу жалғасуда. Ведомство азаматтарды ауа райы болжамын қадағалауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және қолайсыз жағдайларда алыс сапарлардан бас тартуға шақырады.

Тэгтер:

ТЖМ эвакуация автожол тасжол