Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақпарат саласы бойынша жылды қорытындылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Құрметті достар! 2025 жыл Қазақстанның медиа саласы үшін шын мәнінде айтулы кезең болды. Себебі жүйелі реформалар жүзеге асып, кәсіби стандарттар нығайды. Мемлекеттік бастамалар, серіктестік жобалар мен салалық маңызы зор іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға және ақпараттық контенттің сапасын арттыруға бағытталған тұрақты бағдарымызды айқындады.
Қазіргі кезде елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген. Олардың үш жүз алтысы – шетелдік БАҚ. Тек 2025 жылдың өзінде бес жүз он бес жаңа медиа іске қосылды. Бұл дерек салаға деген қызығушылықтың жоғары екенін және медианарықтың белсенді түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.Ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Биыл отандық баспа басылымдарын қолдауға ерекше назар аударылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаңа Салық кодексінде отандық мерзімді баспа басылымдарына қосылған құн салығының 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлемесі енгізілді.
Медиакеңістіктің қарқынды дамуын ескере отырып, онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты, сондай-ақ әкімшілік заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобалары әзірленді. Бұл жұмыс ақпарат саласында құқыққа қайшы контенттің таралуын азайтуға бағытталған.
Онлайн-платформалар әкімшіліктері мен әлеуметтік желілердегі анонимді пайдаланушылардың жауапкершілігі күшейтіледі. Сонымен қатар балаларды онлайн-платформаларда таралатын деструктивті контенттен қорғау шараларын енгізу ұсынылуда.
Алғаш рет аудиовизуалды платформалардың қызметі заңнамалық тұрғыдан реттеліп, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыру үшін тиісті лицензия алу міндеті белгіленеді.Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату аясын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін 63 жаңа радиотелевизиялық станция пайдалануға беріледі. Бұл ел халқының 95 пайызын цифрлық эфирлік теледидармен қамтуға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар мемлекеттік радиохабар тарату желісі де дамып келеді. Шекаралас елді мекендерде 120 радиотаратқыш іске қосылуда.
2025 жылы теледидар көруді өлшеу жүйесі кеңіп, енді тек ірі қалалар ғана емес, халқы 100 мыңнан аз елді мекендер де қамтылды. Қазан–желтоқсан айларындағы нәтижелер бойынша елімізде теледидар көру көрсеткіші 18 пайызға артқанын көрсетті.Теледидар әлі де медиакеңістіктің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Қазақстанда телевизиялық контент өндіру ісі толыққанды индустрияға айналды. Сонымен қатар отандық өнімдер көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, мазмұндық тұрғыдан да сапалы екендігін көрсетті. Жыл бойы көрерменге жаңалықтар, деректі фильмдер, сараптамалық және зияткерлік бағдарламалар, сондай-ақ отандық телехикаялар ұсынылды.
Халықаралық ынтымақтастық та белсенді түрде дамыды. Биыл Түркиямен бірлескен ірі жобалар жүзеге асып, «Қайта оралған Үміт» атты 100 сериялы телехикая аяқталды. Қытаймен бірлесіп алғашқы қазақстандық-қытайлық «Іледе күтемін…» телесериалы түсірілді. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен бірлескен сегіз сериялы «Аллигатор» көркем телехикаясы жарық көрді.
Euronews арнасының өңірлік өкілдігі аясында 2025 жылы телеарнада авторлық жобалар эфирге шықты. Атап айтқанда, Қазақстанның мәдениеті, тарихы, табиғаты мен дәстүрлеріне арналған 20 бағдарлама, экономика, инвестициялар және Еуропамен ынтымақтастық тақырыптарын қамтыған 10 іскерлік бағдарлама, сондай-ақ академиктер, хирургтер, спортшылар, актерлер, археологтар мен ұшқыштар сияқты тағылымы мол тұлғалардың өмір жолын таныстыратын 10 бағдарлама ұсынылды. Бұған қоса, маңызды оқиғаларға арналған 5 арнайы бағдарлама жарық көрді.
Сонымен қатар оңтайландыруды ескере отырып, қажетті шешімдер қабылданды. «Ел арна» телеарнасының хабар таратуы тоқтатылып, «Қазконтент» құрылымы өзгерді. Ruh.kz және Baigenews.kz ресурстарының қызметі аяқталып, негізгі күш-жігер әлеуметтік желілердегі креативті контентті дамытуға бағытталды.
Мерзімді басылымдарға деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Қазақ газеттерінің» құрылымын қайта қарап, екі ірі республикалық газетті — «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарын дербес әрі тәуелсіз брендтер ретінде бөлу ұсынылуда. Бұл шешім еліміз үшін маңызы зор әр газеттің әлеуетін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникацияны нығайтуға ықпал етеді.2025 жылы өңірдегі кәсіби диалогтың негізгі алаңдары саналатын дәстүрлі Astana Media Week пен II Орталық Азия медиафорумы өтті. Сондай-ақ «Үркер» ұлттық сыйлығының және «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімдері ұйымдастырылды.
Құрметті әріптестер!Сіздерге кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктеріңіз және мемлекеттік саясатты іске асыруға көрсетіп отырған белсенді қолдауларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Күнделікті атқарып отырған қажырлы еңбектеріңіздің, реформалар мен бастамаларды, сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» қағидаттарын объективті әрі уақтылы жариялауларыңыздың арқасында қоғамда сенім нығайып, ортақ құндылықтарымыз, ашық диалог пен өзара құрмет мәдениеті қалыптасуда.
Бұқаралық ақпарат құралдары жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің мәнін түсіндіріп, сындарлы қоғамдық пікірталас қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
«Құрметті достар! Биылғы жыл Қазақстанның медиа саласы дамып, жаңарып, әрі өзінің бірегей болмысын сақтай отырып, әлемге ашық екенін айқын көрсетті.
Барша медиа саласының өкілдерін келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық шабыт, толайым табыс, жаңа жетістіктер тілеймін!», – деді министр.