Жуылмаған ыдысты жинап, суға малып қою тағамнан улану мен басқа да инфекциялық аурулардың қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Ватерлоо университетінің микробиологы Джейсон Тетро Daily Mail басылымына берген пікірінде ескертті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымның айтуынша, жылы әрі ылғалды орта бактериялардың тез көбеюіне өте қолайлы. Зерттеулер ас үйдегі ең лас орындардың бірі – дәл осы раковина екенін көрсетеді. Онда ішек таяқшасы және тағам арқылы жұғатын басқа да қауіпті микроорганизмдер жиі кездеседі.
Бұл тұжырымды Кардифф университетінің зерттеуі де растайды. Ұлыбританиядағы 46 үйде жүргізілген талдау кезінде ғалымдар ас үйдің әртүрлі беттерінен сынама алып, бактериялардың ең жоғары шоғырлануы раковиналарда анықталған. Анықталған микроорганизмдердің қатарында ішек таяқшасы, Enterobacter cloacae және Klebsiella pneumoniae бар.
Мамандар мұны раковинаның шикі өнімдермен жиі байланыста болуымен түсіндіреді. Әсіресе шикі тауық етін жуу бактериялардың ас үйге кең таралуына ықпал етеді.
Ең қауіпті әдет – ыдысты түнге қарай жылы суға қалдыру. Бірнеше сағаттың ішінде бактериялар қарқынды көбейіп, инфекция қаупін арттырады. Ішек таяқшасы ауыр диарея, құсу, қызба туғызып, сирек жағдайда өлімге де әкелуі мүмкін.
Ал ыдысты құрғақ күйде раковинаның жанында үйіп қою да қауіпсіз емес. Құрғақ орта бактерияларды толық жоймайды, ал тағам қалдықтары жәндіктерді тартып, микробтардың таралуына себеп болады.
Сарапшылар улану қаупін азайту үшін ыдысты мүмкіндігінше бірден жууды немесе ыдыс жуатын машинаны пайдалануды ұсынады. Жоғары температура мен ұзақ жуу циклі зиянды микроорганизмдерді тиімді жояды.