Ақмола облысында ер адам сырт киімсіз аязда адасып қалған

Бүгін, 12:26 / Інжу Әлихан
Ақорда

Ақмола облысы Бұланды ауданында полицейлер сырт киімсіз аязда адасып қалған азаматты құтқарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Түннің бір уақытында жергілікті дәмханалардың бірінен мерекелік кешке келген қонақтардың бірі сырт киімсіз, бір жейдемен далаға шығып кеткені туралы полицияға қоңырау түскен. Сол сәтте далада қатты аяз болған.

Уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлері іздеу жариялап, Бұланды аудандық полиция бөлімінің жеке құрамын дабыл бойынша көтерді. Іздеу жұмыстары бірнеше көше мен аулаларда қатар жүргізілді. Ауа температурасы –30 градустан төмен түсіп, ер адам ауа райына сай киінбегені полицейлерді қатты алаңдатты.

Көп ұзамай жоғалып кеткен азаматтың Щучинск қаласының тұрғыны екені және мерекелік шараға келгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін ол адасып, белгісіз жаққа кетіп қалған.

Екі сағатқа созылған қарқынды іздеу жұмыстары нәтижесінде ер адам аудан көшелерінің бірінен тоңып қалған әрі шок күйінде табылды. Полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жылытып, жақындарына жеткізді.

Кейін құтқарылған азамат полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, бейнеүндеу жазды. Ол экстремалды ауа райы жағдайында өмірін сақтап қалуға дәл осы полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен бейжай қарамауы себеп болғанын атап өтті.