Жаңғыру жазудан басталады
Жаңғыру жазудан басталады
Халықаралық "Түркістан" газеті жанындағы "Алдаспан" пікір-сайыс клубының талқыға салған кезекті тақырыбы – Латын әліпбиіне көшу мәселесі. Дөңгелек үстелге қатысқан спикерлердің пікірі төмендегідей.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Латын әліпбиіне көшу мәселесінде бұрын жарық көрген рухани дүниеміз оқылмай қалады, керек болмай қалады деген әңгімеден арылу керек. Егер қажет болса, әр жазушыға арналған арнайы сайт ашып, еңбектерін жүктеп отырса болды. Егер Елбасы өзі отыратын Ақорданың атауын латынша жазсыншы, басқа мемлекеттік мекемелердің бәрі өз ақшасына ауыстыратын еді.
Әлімхан Жүнісбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы:
– Өткен ғасырдың 50 жылдардың ортасында қазақ тіліне реформа жасалып, талай айтыс-тартыс болған. Бірақ ол саяси реформа еді. Қазақ тілінің айтылуы мен жазылуын орыс әліпбиінің ығайына әкелді. Сол реформаның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Қазір тіл мамандарының өзі осыдан шығып кете алмай отыр. Қазіргі әліпбиіміз – орыс-қазақ әліпбиі. Бір әліпбиден екіншісіне өте салу емес, кәдімгі қазақ әліпбиі негізінде жасау керек.
"Ел бүгін үшін, менікі ертең үшін" деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ертең балабақшаға баратын балалар үшін жасалған тірлік бұл. Ол үшін қазақтың жазуы ұлттық болу керек. Егер әліпбиді аралас етіп, былықтырып жасаса, онда ауыстырудуың қажеті жоқ. Қазақ тілінде қанша төл дыбыс бар, басын ашып алу керек. Бас-аяғы 28 дыбыс бар. Бізге керегі 28 таңба. Егер кірме таңба кірсе, жүйе бұзылады.
Жаңғыру – жазудан басталады. Қазақ тілінің дамығаны – тек лексикасы ғана. Ал дыбыс дамыған жоқ. Дыбысымыз Орхон Енисей жазуындағы таңбалармен ғана тең. Кезінде Түркі кеңесі 34 таңбадан тұратын әліпби жобасын ұсынған еді. Ондағы мақсат – сөздің айтуылуы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ жазуы бәріне түсінікті болу керек. Ататүрік латынға өткен уақытта қиналған. Ол өзі былайғы уақытта араб таңбаларымен жазып отырады екен. Біздің де басымыздан осы жағдай өтуі мүмкін. Біз де латынға өтетін кезде Елбасының өзі үлгі көрсетіп берсе, бәрі де жылдам көшеді.
"Оқылатын кітап қай әліпбимен жазылса да, оқылады. Ал оқылмайтын кітап оқылмайды" деген еді жазушы Қабдеш Жұмаділов.
Өзбектер латын әліпбиіне өтуге келгенде бүлдірді. Олар басында дұрыс әліпби жасап еді, Каримов қайта тапсырма берді. Ал Әзірбайжан көшелерінің бәрі – латынша. Іс-қағаздарының бәрі – латын. Ресей компаниялардың атауын, жарнаманы латынмен жазып, көрсетіп жатыр.
Егер латын әліпбиіне қазақтың төл дыбыстарын баптап үйретсек, түк те қиыншылығы жоқ. Әрі кетке екі-үш жылда латынша жазып, оқып шығамыз.
Біздің ұсынған әліпби жобасыз өтпейді. Себебі, ана жақтағылар қазақтың тілін, әуезін білмейді.
Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:
– 2007 жылдан бері осы мәселемен айналысып жүрмін. Біздің тіл білімі инстиуты шетелдің тәжірибесін зерделеп, зерттеп жүр. Басқа елдің мамандары басқа елдің әліпбиін жасай алмайды. Бұл жерде идеологиямен, саясатпен байланыстырудың қажеті жоқ. Тілді шешкен кезде бәрі де шешіледі. Егер тіл танушы мамандар мықты болса, кез келген әліпбиді латынға әкелуге болады.
Әзірбайжанның, Өзбекстанның мықты ғалымдарымен кездестік. Олар жыларман болды. "Сіздер Елбасыларыңызға жеткізіңіздер! Әліпби таңдау өте қиын іс. Оны таза ғалымдарға беріңіздер. Ал біздегі комиссияда екі ғана ғалым болса, қалғаны шенеуніктер", – деді.
Әзірбайжан ғалымдары: "1990 жылдардың өзі әзірбайжан тілі – элитаның тілі болды. Олардың өз тілінде сөйлеуі үлкен имидж болды. Латын әліпбиіне көшкенде бізге керек емес дүниелерді латынға аударған жоқпыз" деді. Сондықтан қарсылық білдірген пікірлерге түсіндірме шарасын жүргізуіміз қажет.
26 перне тақтадағы графемаларды ғана берген. Біздегі "с" мен "х" әрпінің тіркесетін жері бар. Техниканы тілге икемдеу керек. Ал түріктер көшкен кезде техника да болған жоқ. Олар қабылдаған әріптер бойынша техника жасап алды.
Біз посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқан ел ретінде орыс тілінде оқудан, жазудан қаша алмаймыз. Бұл жерде өз тілімізді сақтау ғана маңызды. Ал біздегі халықтың бірнеше пайызы ағылшын тілінде сөйлесе әңгіме басқа. Әліпби жобаларының редакторы ретінде байқағаным, орыс тілінде атаулар, сөздер көбейіп келе жатыр. Латынға таза тілдік танымдық тұрғыдан көшуіміз керек.
Латын жаһандық дамуда белгілі бір жүк арқалап отыр. Қарапайым ғана мысал. Неге жапондар, қытайлар брендтік тауарларын өздерінің иероглифтерімен жазбайды?..
Әліпби таңдау – жұмыстың он пайызы ғана. Сондықтан басқа да түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.
Нәбижан Мұхаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Латынға көшу – заман талабы. Біздің ойлау жүйеміз әуелі басқаларды ойлайды. Неге? Қытай ұлттық мүлде тұрығысынан "Басқалар не дейді?" деп елеңдемейді. Басқалар да. Сондықтан біз алдымен ойлау жүйесіне реформа жасау керек. Ұлтымыз тұтастанған түрде кірісуі қажет. Қытайдағы қазақтар қуанып отыр. Ал Қытай қазақ латынға көшуін қатты күтуде.
Қытай латын әліпбиіне 1 жылда ғана өтті. Ешкімнен сұраған жоқ. Зиялы қауым бірауыздан көтеріп алу керек. Егер кешігіп қалсақ, тарихи тұрғыдан өкініп қаламыз. 25 жылғы тәжірибе бәрін ұғындырды. Қазақ ұлты көркеймейінше, қазақ ұлты мәңгілік болмайды.
Есенгүл Кәпқызы, журналист:
– Біздің көңілімізде күдік бар. Қоғам қазақы болса да, билік қазақша сөйлемейді. Бүкіл құжат айналымы орыс тілінде жүреді. Басшылар жиын-отрыстарын орыс тілінде жүргізеді. Қазақ тіліндегі арнайы контентке зерттеу жүргізілгенде, бастапқы жылдары Елбасы жолдауының 15 пайызын қазақ тілінде айтса, соңғы жылдары 5 пайызы ғана қазақша сөйлегені анықталған.