Ұлттық ұлан 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Бүгін, 09:56 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

Жылан жылы да тарих қойнауына еніп, ел жадында елеулі істерімен қалды. Өткен жыл Қазақстан үшін ғана емес, Ұлттық ұлан үшін де жемісті жыл болды. Ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ұландықтар жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылы Ұлттық ұлан қатары айтарлықтай толықты. Құқықтық тәртіп әскерінің сапына он төрт мыңға жуық жас сарбаз шақырылып, олар әскери ант қабылдап, елге адал қызмет ету жолын таңдады. Әскерге келген әрбір жас жауынгер үшін бұл жыл тәртіпке бағынудың, жауапкершілікті сезінудің және нағыз азамат болып қалыптасудың мектебіне айналды. Үлгілі қызметі мен жоғары тәртібі үшін мың үш жүзден астам сарбазға білім гранттарының табысталуы – әскери қызмет пен жеке дамудың қатар жүретінін айғақтайтын маңызды қадам болды. Сонымен қатар Ұлттық ұланның бірқатар әскери қызметшілері шетелдік әскери оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауда. Ресей, Түркия және Қытай елдерінде тағылымдамадан өтіп жатқан 150-ден астам ұландықтың білімі мен кәсіби машығы болашақта әскеріміздің әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ.

Өткен жылы Ұлттық ұланның материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Әскери инфрақұрылымды жаңғырту – сарбаздардың күнделікті қызметіне қолайлы жағдай жасау мен жауынгерлік дайындықты күшейтудің басты тетіктерінің бірі. Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары мен Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің жеке құрамы жаңа заманауи казармаларға орналасты. Бұдан бөлек, Қызылорда, Алматы, Түркістан, Жезқазған және Орал мен Атырау қалаларында жаңа әскери қалашықтар мен казармалардың құрылысы жалғасуда. Бұл нысандар әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Техникамен қамтамасыз ету саласында да оң өзгерістер орын алды. Ұлттық ұланның авиабазасы жаңа техникалармен толықтырылып, олар жеке құрамның ұтқырлығын арттыруға және арнайы тапсырмаларды жедел орындауға бағытталды. Астана, Алматы, Түркістан Қарағанды қалаларында орналасқан әскери бөлімдерге жаңа қызметтік автокөліктер табысталды. Алдағы кезеңде де әскери бөлімдерді бронды техникамен және заманауи көлік құралдарымен жабдықтау жұмыстары жалғасын табады.

Ұландықтардың қызметі тек әскери дайындықпен шектелмейді. Көктем мезгілінде еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған су тасқыны кезінде Ұлттық ұлан сарбаздары төтенше жағдайдың алдыңғы шебінде болды. Құтқару және тосқауыл жұмыстарына белсене араласқан жауынгерлер жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, халықтың алғысына бөленді. Бұл – Ұлттық ұланның бейбіт уақытта да ел мүддесі үшін қызмет ететінін көрсететін жарқын мысал.

Күнделікті қызмет барысында ұландық сарбаздар мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысандарды тәулік бойы күзетіп, түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде полиция қызметкерлерімен бірлесіп, көшелер мен қоғамдық орындарда заңдылықтың сақталуын қадағалайды. Осындай қызметтің арқасында тұрғындар мен қала қонақтары өздерін қауіпсіз сезінеді. Сарбаздар адасқан балаларды ата-анасына табыстырып, жоғалған заттарды иелеріне қайтарып, кейде тіпті адам өмірін сақтап қалу жолында тәуекелге барады. Суицид жасауға әрекеттенген азаматтарды ажалдан арашалап қалған оқиғалар – ұландықтардың адамгершілік пен батылдықты қатар ұстанатынын айқын көрсетеді.

Әскердің айбынын асқақтатқан маңызды оқиғалардың бірі – Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад болды. Салтанатты шеруде Ұлттық ұланның есептоптары мен әскери техникасы жоғары дайындық деңгейін паш етті. Қаз-қатар сап түзеген сарбаздардың нық қадамы мен біркелкі қозғалысы тәртіп пен кәсібиліктің символына айналып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Жауынгерлік даярлықты жетілдіру мақсатында жыл бойы түрлі оқу-жаттығулар мен тактикалық сабақтар өткізілді. Ұлттық ұлан командирлері орынбасарларының оқу-әдістемелік жиындары ұйымдастырылып, офицерлік құрамның басқару қабілеті мен тәжірибесі арттырылды. «Найза-Антитеррор», «Өрт», «Қарасора» сынды арнайы оқу-жаттығулар барысында жеке құрамның төтенше жағдайлар мен күрделі операцияларға дайындығы шыңдалды.

Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жетістіктері де айрықша атап өтуге лайық. «Бүркіттің» жауынгерлері халықаралық ареналарда ел намысын қорғап, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Шетелде өткен беделді жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуі – қазақстандық арнайы жасақтардың дайындығы әлемдік деңгейге көтерілгенінің айғағы. Бір жыл ішінде арнайы бөлімшелер заңсыз әрекеттердің алдын алу және қылмыстық топтарды залалсыздандыру бағытында мыңдаған операцияға қатысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Заманауи технологияларды енгізу де Ұлттық ұлан қызметінің маңызды бағытына айналды. Алдағы жылдан бастап әскери бөлімдерде дрон операторларын даярлау курстары іске қосылып, барлау мен қауіпсіздік шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл – қазіргі қауіп-қатерлерге бейімделген, жаңа технологияларды тиімді қолдана алатын әскер қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Жеке құрамның әлеуметтік жағдайына да ерекше назар аударылды. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы әскери бөлімдерді аралап, сарбаздардың тұрмысы мен қызмет жағдайымен танысты. Асханалардағы тамақ сапасы жақсартылып, сарбаздардың күнделікті мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары енгізілді. Бұл бастама жауынгерлердің моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі болды.

Сонымен қатар ұландықтар спорт пен өнер саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әскери қызметшілердің жеңістері мен шығармашылық табыстары әскердің беделін арттырып, жеке құрамның рухын көтерді. Мұндай жетістіктер Ұлттық ұланның тек күш құрылымы ғана емес, жан-жақты дамыған, рухы биік ұжым екенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, өткен жыл Ұлттық ұлан үшін сындарлы да сәтті кезең болды. Алда жаңа міндеттер мен жаңа мақсаттар тұр. Қандай жағдай болмасын, Ұлттық ұлан ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметін табандылықпен жалғастыра бермек. Өйткені Отанға қызмет ету – ұландықтардың басты борышы әрі мәртебелі міндеті.