Алматыдағы қар көшкінінде мерт болған үш жігіт жер қойнына тапсырылды

Бүгін, 08:21 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ТЖД

Алматыда тауда жоғалып, кейін денесі табылған үш жігіт жер қойнына тапсырылды. Құтқарушылар алдымен 20 жастағы жігіттің денесін "Локомотив" шыңынан түсірген. Араға бір тәулік салып, тағы екеуінің мәйіті 4 мың метр биіктіктен табылды. Марқұмдар тау шыңын бағындыруға кетіп, көшкіннің астында қалып қойған, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

"Іздестіру кезінде "Локомотив" шыңында көшкін жүргені анықталды. Үш жігіттің мәйіті дәл сол теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктегі шыңнан табылды. Іздеу кезінде ауа райы мен ұйытқыған жел жұмысымызға қатты кедергі келтірді. Қар қалындығы тізеден асады. Марқұмдарды төменге түсірудің өзіне алты сағаттан аса уақыт кетті", - дейді Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцев.

17, 19 және 20 жастағы үш жігіт өткен сәрсенбіде тауға аттанған. Олар Іле Алатауының "Мыңжылқы" шатқалы мен "Локомотив" шыңына жеткенде байланыс үзіліпті. Үшеуі де бұрыннан тауға саяхаттап, шыңға шығуды ұнатқан. "Үш жыл тәжірибесі болды" дейді жақындары. Бұл жолы да қалың киініп, бірнеше күнге жететін азығын алып кеткен екен.

Телефондары өшіп, еш хабар болмай қалған соң, туыстары құтқару қызметіне хабар береді. Сөйтіп жедел штаб құрылып, іздеуге дрон мен тікұшаққа дейін жұмылдырылды. Марқұмдардың жақындары болған жағдайға сенер-сенбесін білмей отыр.

"Таңертең өзім шығарып салдым. Бұл саяхатқа бір апта дайындалды. Ауа райын бақылады. Көшкін жүретіні хабарланбады. Сол себепті де сенімді кеткен. Тауды қатты жақсы көрді. Биікке шықсам, бойым тазарып, энергиям артады дейтін. Альпинист боламын деп үш жылдан бері кәсіби шыңдалды. Қызым екеумізге қамқоршы еді", - дейді Румина.