Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің қызметкері қойылымдар аяқталғаннан кейін көрермен залының қандай күйде қалатынын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы krisp_almaty жазды.
Кадрлардан орындықтар мен еденде қоқыстың көп қалғаны көрінеді: сағыз, попкорн, бөтелкелер, снектердің қаптамалары, сондай-ақ жабысқақ әрі дымқыл дақтар бар. Әйелдің айтуынша, мұндай көрініс – бір реттік жағдай емес, күнделікті қалыпты құбылыс.
«Адамдардың қалай отырғанына қараңыздар. Бұл — сұмдық. Қойылымға келмей, тек тамақ жеуге келгендей», – деп қосты видео авторы.
Әйел бауырымен бірге күн сайын қойылымнан кейін залды жинайтынын, және әр жолы бір жағдай қайталанатынын айтады. Оның сөзінше, әсіресе мектеп оқушылары топ болып келгеннен кейін тазалау қиындай түседі.
Видео қоғамдық орындарға құрметпен қараудың және күн сайын тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ететін адамдардың еңбегін бағалаудың маңызын тағы бір еске салды.