Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) өңір елдеріндегі тікелей шетелдік инвестицияларды тарту динамикасына арналған Asia-Pacific Trade and Investment Trends 2025-2026 есебін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Есепке сәйкес, Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік және Орталық Азия өңірінде жаңа (greenfield) жобаларға инвестиция тарту бойынша ең ірі алушы болып, шамамен 19 млрд АҚШ долларын тартты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 266% артық.
Солтүстік және Орталық Азиядағы субөңірішілік инвестициялардың шамамен 89%-ыҚазақстанға тиесілі болды, бұл елдің өңірдегі сөзсіз көшбасшылығын қамтамасыз етті.
Солтүстік және Орталық Азия өңірі 2025 жылы жаңа жобаларға инвестиция көлемінің өсуі тіркелген Азия-Тынық мұхиты кеңістігіндегі жалғыз субөңір болғаны аталып өтті, бұл ретте жаһандық инвестициялық белсенділік жалпы төмендеген. Бұл өсімнің негізгі драйвері дәл Қазақстан болды.
Есепте Қазақстан өңірдегі бірқатар ең ірі инвестициялық жобаларды тартқаны баяндалды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, жаңа буын металлургиясы, жаңартылатын энергетика және «жасыл» технологиялар салаларындағы ауқымды бастамалар бар.
Инвесторлардың мынадай бағыттарға қызығушылығының өсіп келе жатқаны бөлек көрсетілді:
• жасыл энергетика және сутек экономикасы;
• өнеркәсіптік қайта өңдеуді дамыту;
• экспортқа және қосылған құнның халықаралық тізбектеріне бағдарланған жобалар.
«Жаһандық экономикалық белгісіздік жағдайында инвесторлар инвестициялық шешімдер қабылдауға барынша салмақты түрде қарай бастады, нарықтардың ұзақ мерзімді тұрақтылығына, институционалдық ортаның сапасына және жобаларды сүйемелдеудегі мемлекеттік органдар мен инвестициялық агенттіктердің рөліне ерекше мән беруде. Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан ірі халықаралық компанияларды тарта отырып және ұзақ мерзімді тұрақты өсім үшін негіз қалыптастыра отырып, Еуразияның негізгі инвестициялық хабтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуды жалғастыруда», – деп атап өтті ЭСКАТО сарапшылары