31 желтоқсан күні түстен кейін Астананың алты ауданының он жерінде қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік жаңа жылдық концерттер өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді.
Алматы ауданында «Жерұйық» саябағында және «Железнодорожный» тұрғын алабында, «Нұра»ауданында «Жағалау»скверінде және «Үркер» тұрғын алабында, «Сарайшық» ауданында, «Отау» және «Промышленный» тұрғын алаптарында сағат 12.00-ден бастап мерекелік концерттік бағдарламалар өтеді.
«Байқоңыр» ауданында «Ататүрік» саябағында және «Өндіріс» тұрғын алабында, «Есіл» ауданында «Бағыстан» тұрғын алабында және «Сарыарқа» ауданында «Қорғалжын» саябағында күндізгі жаңа жылдық бағдарлама сағат 14.00-ден бастап өтеді.
Жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін қаланың үш жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді.
31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден бастап «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда, «EXPO» аумағында, сондай-ақ қалалық алаңда (әкімдік алдында) шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа жылдық мерекелік концерттер өтеді.
Іс-шараларға отандық эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, «Меломен», «Бәйтерек» топтары және басқа да әртістер қатысады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын ресми дереккөздерде орналастырылған ақпаратқа сенуге және өзге де көздерден таратылатын дұрыс емес мәліметтерге назар аудармауға шақырады.