Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсуповаға «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл шешім оның спортты дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және дене шынықтыруды насихаттауға қосқан елеулі әрі көпжылдық үлесі үшін қабылданды.
Марапаттау рәсімі қалалық мәслихат сессиясы барысында өтті. Құрметті азаматтың төсбелгісі мен лентасын Әлия Юсуповаға мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады.
Қала басшысы мұндай азаматтардың жетістіктері мен қоғамдық қызметі Шымкенттің беделін нығайтып, оны заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.