Алматы тауларында жоғалған тағы екі адамның денесі табылды

27 желтоқсан, 2025 / Нұрлан Әлинұр
ТЖМ

Алматыда шамамен 3700 метр биіктікте орналасқан "Локомотив" шыңы маңынан құтқарушылар екі адамның мәйітін тапты, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.

24 желтоқсанда үш адам тауға кетіп, олармен байланыс үзілген. Екі күннен кейін дронның көмегімен жоғалғандардың бірінің денесі табылған болатын. Бүгін қалған екеуі табылды.

"Хабар түскен сәттен бастап "Мыңжылқы" бөгеті ауданында жедел штаб құрылды. Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері, құтқару қызметі, полиция, Альпинизм федерациясы және еріктілер жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару операциясына ТЖМ "Қазавиақұтқару" тікұшағы тартылды", - делінген хабарламада.

Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника, 4 кинологиялық есеп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары биік таулы қиын жағдайда жүргізілді және төмен температура, көшкін қаупі мен күрделі жер бедері авиацияны қолдануды шектеп, іздеу топтарының қозғалысын баяулатты, дейді құтқарушылар.

Қолайсыз ауа райына байланысты қаза болғандардың денесі жаяу "Медеу" құтқару бекетіне дейін түсірілді. Марқұмдардың денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтарға шыққан кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді.