21 жасқа толмағандардың «микрозайм» алуын қиындататын құжат әзірленіп жатыр

Бүгін, 18:49 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Сенат депутатының сауалына жолдаған жауапта 21-ге толмаған адамдардың неше пайызы шағын несие ұйымдарына қарыз екенін айтты. 

— Жақын арада № 215 қаулымен жиырма жасқа толмаған қарыз алушылардың кірісін жұмыс орнынан кірістер туралы анықтама арқылы және оқу орнынан алынатын стипендия мөлшері туралы анықтама негізінде айқындайтын талап енгізіледі. Осылайша борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде тек ресми кіріс көздері ескеріледі. Бұл шаралар 21-ге толмаған жастар арасында проблемалық борыштардың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде, — деп жазылған агенттік жауабында.

Реттеуші органның мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 18-21 жас аралығындағы 847 430 адам бар. Олардың 136 239-ы (16 пайызы — ред.) микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып, төлеп жүр.

Соның ішінде 18 638 (13,7%) адамның берешек төлемін 90 күннен астам кешіктірген.