Bloomberg рубльді 2025 жылғы ең күшті валюта деп таныды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Bloomberg деректеріне сүйенсек, 2025 жылы рубль әлемдегі ең күшті валютаға айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері ресейлік валюта долларға шаққанда шамамен 45%-ға нығайып, бір доллар 78 рубльге дейін көтерілді. Бұл көрсеткіш Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруіне дейінгі кезеңдегі бағамдарға жақындап қалды. Соңғы 12 айдағы өсім кемінде 1994 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.

Мұндай серпін Ресей билігі үшін күтпеген жағдай болды. Bloomberg атап өткендей, рубльдің күрт нығаюы соғыс жағдайындағы экономикалық модельге қауіп төндіруі мүмкін. Әлсіз валюта экспорттаушыларға және бюджет кірістеріне тиімді болса, керісінше, қымбат рубль мұнай-газ түсімдерін рубльмен есептегенде азайтады және мемлекеттік шығыстарды қаржыландыруды күрделендіреді.

Сарапшылар рубльдің күшеюін бірнеше факторлармен байланыстырады: капитал қозғалысына қатаң шектеулер, экспорттаушыларға валюталық түсімді сатуға қойылған талаптар, импорттың қысқаруы және ақша-несие саясатының қатаң бағыты. Алайда бұл өсімнің тұрақты болатынына күмән көп.

Рубльдің бүгінгі күш-қуаты экономиканың нығайғанын емес, реттеу шараларының нәтижесін көрсетеді. Алдағы айларда билік алдында күрделі таңдау тұр: валютаның тым қатты нығаюына жол бермеу ме, әлде макроқаржылық тұрақтылықты кез келген бағамен сақтап қалу ма. Болашақта қай жол таңдалатыны Ресей экономикасының соғыс жағдайындағы келесі кезеңін айқындауы мүмкін.

Тэгтер:

Валюта Рубль Bloomberg