Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 26 сейв жасаған «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков шеберге тұсау жоқ екенін ойын сайын дәлелдеп келеді. Грекиялық «Олимпиакосқа» қарсы өткен соңғы ойында алғаш рет команда капитаны міндетін атқарған Анарбеков 8 қауіпті соққыны қайтарып, спорт мамандарының жоғары бағасын алды. «Астана-Аренада» 0:1 есебімен жеңілсе де, Темірлан UEFA таңдауы бойынша кездесудің үздік ойыншысы деп танылды. Биыл Қазақстан спортында бұрын-соңды болмаған нәтиже мен тарихи жетістік көп тіркелді. Рекордтан рекорд орнатып, ел спорты тарихында көптен күткен алғашқы жүлделер қоржынға түсті. Оған қоса, дене шынықтыру мен спорт саласын реформалайтын жаңа заң күшіне енді. Осы ретте биыл Қазақстан спортындағы елеулі өзгерістер мен жетістіктерді тізіп шыққан едік.
Осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз
2025 жылдың басты тарихи жетістігі десе, грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғалидың жүлдесі бірден ойға оралады. 60 келіге дейінгі салмақта белдесетін қызылордалық балуан қыркүйекте Загребте (Хорватия) өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, әлем чемпионы атанды. Бұған дейін 2018 және 2022 жылдары екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдесін місе тұтқан Айдос араға 26 жыл салып, ел қоржынына тарихи жүлдені салды. Айдос Сұлтанғали – грек-рим күресінен XXI ғасырдағы қазақстандық тұңғыш әлем чемпионы. Бұған дейін мұндай атақты қазақ балуандары Юрий Мельниченко (1994, 1997), Мхитар Манукян (1998, 1999) және Бақтияр Байсейітов (1998) иеленген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан спортының абыройын асқақтатқан 29 жастағы балуанды бірегей жетістігімен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады. «Айдос Сұлтанғалиды Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram-дағы ресми парақшасында.
Тарихты өзгерткен қос ару
Әлемдік аренада ерлермен қатар иық тірестіріп, күш сынап жүрген қыздарымыз да ел тарихында болмаған ғаламат жетістіктерге қол жеткізді.
Назым Қызайбай былғары қолғап шеберлері арасында алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, қазақ боксының тарихын жаңартты. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай жетістікке қол жеткізген емес. Назым әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған-тын. Содан кейін 2021 жылы Азия чемпионы атанып, Париж Олимпиадасында қола жүлдегер атанған. Олимпиададан соң да бабын жоғалтпаған ол биыл Сербияның Ниша қаласында өткен жаһан чемпионатында ешкімге дес бермей, қазақтан шыққан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Әйелдер құрамасының үздігі Әбиба Әбужақынова Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде үздік атанды. Бұған дейін екінші сатыға табан тіреген Әбиба қараша айында жаңартылған рейтингте 4 596 ұпай жинап, әлемнің ең мықты дзюдошыларының тізімінде көш бастады. Әбибаның салмағында ресейлік Сабина Гилязова (4 738 ұпай) екінші орынға жайғасса, үшінші орынды италиялық Ассунта Скутто (4 727 ұпай) иеленді.
Әбужақынованың бұл көрсеткіші – Мажарстанда өткен соңғы әлем чемпионатындағы тарихи жетістіктің заңды жалғасы. Ол маусым айында Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер дзюдосы тарихында тұңғыш рет финалға шығып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Шешуші белдесуде ол әлем біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері, италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберген еді.
Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина теннис тарихындағы ең ірі сыйақы алған спортшы ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді.
Рыбакина маусымның басты жарысы – Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA маусымның қорытынды турнирінде бір апта бойы жеңіліссіз ойнап, жеңімпаз атанған-тын. Бұл жеңісі үшін ол 5 млн 235 мың АҚШ доллары (шамамен 2,7 млрд теңге) көлемінде сыйақы алды. Бұл – әйел теннисіндегі бір турнир үшін берілген ең үлкен жүлде. Бұған дейінгі рекорд әлемнің бірінші ракеткалары Арина Соболенко мен Карлос Алькарасқа тиесілі болған. Олар 2025 жылғы АҚШ ашық чемпионатында (US Open) жеңіске жетіп, 5 миллион доллардан алған еді.
Осылайша, Елена Рыбакина Гиннестің рекордтар кітабына екінші рет еніп отыр. Теннисші былтыр қаңтар айында Аустралия ашық чемпионатында (Australian open) ресейлік Анна Блинковаға қарсы ойында ең ұзаққа созылған тай-брейкті тіркеп, рекордтар кітабына алғаш рет енген-тін.
Елдік пен ерлікті ту еткендер
Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Тбилисиде (Грузия) шілде айында өткен әлем чемпионатында тарихи қола медальді жеңіп алды. Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов және Кирилл Проходов бастаған төрттік ел намысын қорғаған дүбірлі додада қазіргі әлем чемпионы Италия құрамасын жеңіп, жартылай финалға шықты. Келесі айналымда Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Жапония құрамасына есе жіберген олар 9 дүркін Олимпиада чемпионы атанған әйгілі Франция құрамасымен қола жүлде үшін таласқа түсті. Нәтижесінде, 45:31 есебімен жеңіске жетіп, тарихта алғаш рет әлем чемпионатының командалық жарысында медаль еншіледі.
Шорт-трекшілер де құрама қоржынына тарихи жүлде салып, тұңғыш рет Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды. Харбинде (Қытай) өткен ІХ қысқы Азия ойындарында Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев пен Айбек Насендер командалық эстафетада әлем, тіпті Олимпиада чемпиондарының уысынан жеңісті жұлып алып, сары құрлықтың үздік атлеттері атанды. Қазақстан құрамасы финалда Жапонияны (екінші орын) және Қытайды (үшінші орын) басып озды. Ал фаворит саналған Оңтүстік Корея командасы ереже бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді.
Харбинде өткен Ақ Азиадада фристайл-акробатикадан Қазақстан ерлер құрамасы да сенсация тіркеді. Команда сапында ел намысын қорғаған Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов тартысқа толы бәсекеде басты қарсыласы, Олимпиада чемпиондары Қытай құрамасын артта қалдырып, ерлер арасындағы синхронды секіруде алтын жүлдегер атанды. Бұл – Қазақстан фристайл-акробатика тарихындағы ерлер арасындағы алғашқы алтын жүлде.
Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатында тарихи жеңіске жетіп, Денис Теннің жетістігін қайталады. Михаил қос бағдарлама қорытындысы бойынша 285.10 ұпай жинап, өз мансабындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Шайдоров – Америка, Азия, Африка және Океаниядан келген кіл мықтылар жарысатын бұл турнирде жеңіске жеткен екінші қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Ерекше айта кетерлігі, 2015 жылы дәл сол Сеулде өткен құрлықтық чемпионатта марқұм Денис Тен жеңіске жеткен болатын. Осылайша, Михаил Шайдоров араға 10 жыл салып, отандасының жетістігін қайталап, Сеул төрінде көк туымызды тағы да желбіретті.
Чемпиондар лигасы: «Қайрат» пен Темірлан
Араға 10 жыл салып, тарихи нәтиже тіркегендердің тағы бірі – «Қайрат» футбол клубы. Жетпіс жылдық жылнамасы бар алматылық команда 2015 жылы «Астана» клубы жеткізген жетістікті қайталап, өз тарихында бірінші рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Клуб тарихындағы ең жарқын сәтті бастан өткізіп жатқан алматылықтар өз алаңында ең беделді қарсылас «Реал-Мадрид» клубына қарсы ойнады. Чемпиондар лигасының кубогін 15 рет иеленген, бұдан бөлек Испания чемпионатын 36 рет жеңіп алған, «Қайрат» футболшыларынан шамамен 110 есе қымбат, күллі әлем балалары еліктейтін Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Жуд Беллингем бастаған негізгі құрам «Орталық алаңда» доп тепті. «Қайраттықтар» әлемнің үздік үштігіне кіретін алып клуб ойыншыларына өз алаңында 0:5 есебімен жол берді. Кездесу соңында сұхбат берген «Реал Мадрид» клубның бас бапкері Хаби Алонсо Алматының әсемдігіне таңғалысын жасырмады. «Алматыда керемет таулар бар. Осында көп уақыт өткізгім келеді. Атмосфера ерекше болды. «Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауға әбден лайық. Бұл Қазақстан халқы үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. «Қайратқа» сәттілік және бар жақсылықты тілеймін!», – деді Хаби Алонсо ойын біткен соң өткен баспасөз мәслихатында.
Аталған ойынды көруге Алматыға әлемнің түпкір-түпкірінен 5 мыңнан астам шетелдік турист келген. Kazakh Tourism мәліметінше, eQonaq жүйесінде 28-30 қыркүйек аралығында оңтүстік астанаға 5 221 турист келгені тіркелген. Тізім басында Қытай туристері тұр – 1 411 адам. Одан бөлек, Ресей (969), Үндістан (365), Оңтүстік Корея (249) және Өзбекстаннан (246) келгендердің қарасы көп болды. Орта есеппен алғанда сол ойынға келген туристер ағыны қала қазынасына шамамен $7,8 млн қаржы құйған.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 26 сейв жасаған «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков шеберге тұсау жоқ екенін ойын сайын дәлелдеп келеді. Грекиялық «Олимпиакосқа» қарсы өткен соңғы ойында алғаш рет команда капитаны міндетін атқарған Анарбеков 8 қауіпті соққыны қайтарып, спорт мамандарының жоғары бағасын алды. «Астана-Аренада» 0:1 есебімен жеңілсе де, Темірлан UEFA таңдауы бойынша кездесудің үздік ойыншысы деп танылды. Осылайша, ол Чемпиондар лигасы матчында MVP атағын алған алғашқы қазақ футболшысы атанды.
Легионерлер легі тоқтайды
Президент сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңға сәйкес, басым спорт түрлері анықталып, федерациялар құрылымы өзгерді. Енді уәкілетті орган республикалық және өңірлік деңгейде негізгі спорт түрлерінің тізімін әзірлеуі шарт. Сондай-ақ жоғары жетістіктер спортына жататын бағыттар нақтыланып, оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру тәртібі белгіленбек. Басым спорт түрлері халықаралық ареналардағы жетістіктерге қарай анықталады. Бұл қатарға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері мен ұлттық спорттар енеді. Заңда спорт федерацияларын ұлттық және жергілікті деп екіге бөлу тәртібі қарастырылған. Бұл спорт түрлерін басқару жүйесін нақтылап, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Аса маңызды өзгерістердің бірі – бұдан былай легионерлерге мемлекеттен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салынды. Бұл қадам ішкі спорт резервін дамытуға және жергілікті спортшыларға көбірек мүмкіндік беруге бағытталған.
Мемлекет басшысы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында елдегі футбол клубтарын жекешелендіру мәселесін де қозғап өткен-тін. «Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жеке меншікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазір кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – деді Президент. Қазірге дейін төрт бірдей клуб жеке кәсіпкерлердің қолына өтті. Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубы Сергей Канның, қарағандылық «Шахтер» Тимур Турловтың, елордалық «Жеңіс» клубы Михаил Ломтадзенің, қызылордалық «Қайсар» командасы Исламғали Қозыбақовтың жеке басқаруына берілді.
Орта Азияда баламасы жоқ бірегей кешен
Биыл ел аумағында Орта Азияда баламасы жоқ бірегей спорттық кешен – «Ескек есу» арнасы қолданысқа берілді. Аумағы 100 гектар жерді алып жатқан «Ескек есу» арнасының жалпы ұзындығы – 2 шақырым. Мұнда 500-ге жуық спортшы байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сияқты спорт түрлерімен тұрақты түрде жаттыға алады. Арнада Азия және әлем чемпионаттарын өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар жыл бойы оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жағдай жасалған.
Биыл елімізде УЕФА стандарты бойынша салынған үшінші стадион Қызылордада ашылды. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді қамтитын жаңа спорттық кешеніне 11 мың жанкүйер сияды. УЕФА-ның 4-санатына толық сәйкес келетін кешенде футбол алаңынан бөлек, бокс, күрес, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетикаға арналған залдар бар. Сонымен қатар орталықта ерекше қажеттілігі бар жандар үшін де қолайлы жағдай қарастырылған.