Қазақстанда электрондық коммерция кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. 2019 жылы онлайн сауда көлемі шамамен 500 млн АҚШ доллары болса, 2020 жылы пандемияның әсерінен ол 750 млн долларға дейін өсті. 2022 жылы 1,9 миллиард, 2023 жылы 2,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл деректер Қазақстандағы цифрлық сауданың тұрақты өсуін көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында онлайн сауданы дамытудың маңыздылығын атап өтті. Расында, XXI ғасырда цифрлық технологияның дамуы сауда-саттық саласын түбегейлі өзгертіп отыр. Бүгінде электронды коммерция (e-commerce) ғаламдық экономиканың басты қозғаушы күштерінің біріне айналды. Жыл сайын интернет арқылы жасалатын сауда көлемі миллиардтаған доллармен есептелуде, әрі бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Кейінгі жылдары жасанды интеллекттің электронды саудаға енуі бұл үрдісті жедел дамытып, тұтынушы мен сатушы арасындағы байланысты мүлдем жаңа форматқа шығарды.
ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ
ХХ ғасырдың 60-жылдарының аяғында АҚШ-та электрондық коммерцияның алғашқы қадамы жасалды. 1969 жылы CompuServe компаниясы құрылып, бұл саланың алғашқы ірі америкалық өкілі болды. Кейін, 1979 жылы Майкл Олдрич электрондық шопинг жүйесін ойлап тауып, онлайн саудаға негіз қалады. 1970-1980 жылдары алғаш рет электрондық ақша аударымы және электронды дерек алмасу жүйесі пайда болды. Сол кезеңде бұл технологияны аз адам қолданғанымен, бұл электронды сауданың іргесін қалады.
1980-1990 жылдары электрондық коммерцияның негізі қаланғанымен, интернеттің шектеулі қолжетімділігі оны кең таратуға мүмкіндік бермеді.
Тек, 1990-2000 жылдары интернет дәуірінің басталуымен, ағылшын ғалымы және инженері Тим Бернерс-Ли алғашқы веб-браузерді жариялап, миллиондаған адамға электрондық платформаларды қолжетімді етті. Осы кезеңде Book Stacks Unlimited, Netscape Navigator, Ipswitch IMail Server сынды сервистер пайда болды. 1995 жылы Amazon.com және eBay.com платформасы іске қосылды. Бұл электрондық сауданың жаһандық дамуына серпін берді.
Азия елдерінде де жаңа платформалар қызмет ете бастады. Үндістандағы IndiaMART, Кореядағы ECPlaza, Google AdWords, Walmart веб-сайты электрондық сауданы әртараптандыруға үлес қосты. Сондай-ақ DoubleClick платформасы онлайн-жарнаманың дамуына ықпал етті.
2000-2015 жылдар электрондық коммерция қарқынды дамып, өмірімізге терең енді. Осы кезеңде Amazon Fresh, Instacart онлайн тағам тапсырысын ұсынды. Ал онлайн жарнама мен маркетинг жүйесінде Google AdWords, Facebook Beacon белсенді қызмет етті. Интернет-дүкендер мен онлайн-маркет-плейс бағытында Newegg, Flipkart, Tradera, Zappos.com, электрондық төлем жүйесі PayPal, Skrill-пен байланысты дамыды.
Бұл кезеңдегі ұтымды жобаның бірі – әлеуметтік желілер электрондық коммерцияның жаңа нарығын ашып, жарнама мен тұтынушылық коммуникацияны автоматтандыруға жол ашты. Бастысы, онлайн сауда мен мобильді платформаларды біріктіру бизнес пен тұтынушы арасындағы байланысты тереңдетеді, цифрлық экономикаға жаңа серпін береді.
Бұдан кейін Walmart Jet.com, Alibaba Lazada, Flipkart сатып алуы электрондық коммерцияны жаһандық деңгейге көтерді. Қазір электрондық коммерция бізді жаңа цифрлық дәуірге жетелеп, әлемдік экономикадағы рөлін күн сайын арттыруда.
E-САУДА – ЖАҺАНДЫҚ ТРЕНД
Дүниежүзілік Сауда Ұйымының сарапшысы Андерс Сандберг цифрлық сауданы әлемдік экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан саланың бірі ретінде мойындайды. Расында, электронды сауда күннен-күнге өсіп, дәстүрлі сауданың орнын толықтыра бастады. eMarketer аналитикалық компаниясының мәліметтері бойынша, 2024 жылы әлемдік онлайн сауда көлемі шамамен 8-8,2 триллион долларды құрады.
Әлемдік электрондық коммерцияның көш басында, күмәнсіз, Қытай тұр. Оның нарық көлемі 3,02 триллион доллар, яғни әлемдік нарықтың 39 пайызы. Бұл Қытайдың e-commerce саласындағы ірі ойыншы екенін айқын көрсетеді.
Қытайда электрондық сауда тек көлемімен ғана емес, технологиялық жаңалықтарымен де ерекшеленеді. Онлайн төлем жүйелері, мобильді қосымшалар және жасанды интеллект арқылы тұтынушының талғамына бейімделген ұсыныстар тәжірибесін жақсартып, нарықты жылдам өсіруде. Ірі платформалар Alibaba мен JD.com бір елдің ғана емес, әлемдік сауданы дамытуға ықпал етуде.
Екінші орында – АҚШ, нарық көлемі 1,16 трлн доллар, әлемдік үлесі – 20 пайыз. Америка онлайн сауданы тек қана сатып алу емес, сонымен бірге инновациялық шешімдер мен технологияларды енгізудің орталығы ретінде дамытып келеді.
Ұлыбритания мен Жапония тең үлеспен, нарық көлемі тиісінше 195,97 млрд және 193,42 млрд доллар, әлемдік нарық үлесі – әрқайсысы 6 пайыз. Бұл елдерде цифрлық сауда дамып, тұтынушыларға ыңғайлы онлайн шешімдер ұсынылады.
Аз көлемде болса да, Үндістанның нарығы – 118,9 млрд доллар (әлемдік үлесі 4 пайыз), ал Германия мен Индонезия шамамен тең, нарық көлемі 97 млрд доллардан асады, әлемдік үлесі – әрқайсысы 3 пайыз.
Индонезияда онлайн сауданың ілгерілеуінде жасанды интеллект пен аналитика кеңінен қолданады. Tokopedia мен Shopee сынды платформалар сатып алушының мінез-құлқын, бұрынғы сауда тарихын және қызығушылығын талдап, клиенттің талғамына бейімделген ұсыныс береді. Бұл тұтынушылардың сатып алу белсенділігін арттырады.
Бүгінде электрондық коммерция тек дамыған елдердің ғана басымдығы емес, дамушы нарықтарда да қарқынды өсіп келеді.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ РӨЛІ
Airbnb негізін қалаушы Брайан Ческидің пікірінше, электрондық коммерция тұтынушы мен жеткізуші арасындағы аралықтарды жояды, платформа арқылы тәжірибе мен қызметке қол жеткізу жеңілдейді.
Бүгінде Брайан айтқан, тұтынушы мен жеткізуші арасындағы сенімді байланысты жасанды интеллект өз мойнына алып, жаңа драйверге айналды. Рас, ЖИ e-commerce-ны бұрынғыдан да ыңғайлы әрі тиімді ете түсті. Қазіргі онлайн платформалар тек өнімді көрсету мен сату қызметімен шектелмей, тұтынушыны толық қолдау, сұранысты болжау және сатып алу процесін оңтайландыруды іске асырады. Мысалы, чат-боттар мен виртуалды ассистент тұтынушыға 24/7 қызмет көрсетеді. Sephora, Alibaba сынды ірі компаниялар чат-ботты пайдаланып, тұтынушының сұрағына тез жауап береді.
Сатуды болжау және аналитика ЖИ-дің басты артықшылығына айналды. Мысалы, Amazon өз платформасында клиенттің іздеу тарихын, сатып алу үлгісін және қараған өнімін талдап, қай өнімге сұраныс артуы мүмкін екенін алдын ала анықтайды. Осы аналитика арқылы компания қоймасын тиімді басқарып, тауарды уақытында жеткізуге мүмкіндік алады. Сол сияқты, Walmart ЖИ-ді пайдаланып, тауар қорын бақылау мен логистикалық процесті оңтайландыру арқылы қойма мен жеткізу шығынын азайтты.
Жасанды интеллект маркетинг саласында да үлкен өзгеріс әкелді. Жарнамалық науқанды автоматтандыру және клиенттің жеке қызығушылығына бейімдеу арқылы компаниялар маркетинг тиімділігін едәуір арттырды. Мысалы, Netflix өз тұтынушысының көрілім тарихына сәйкес жеке ұсыныс береді. Ал Spotify тыңдаушының музыкалық талғамына негізделген плейлисті автоматты түрде жасайды. Бұл пайдаланушының платформамен өзара әрекеттесуін күшейтіп, сатылымды арттырады.
Бүгінде әлемнің көптеген елінде ресми немесе бейресми түрде «Бойдақтар күні» аталып өтеді. Осы мереке аясында Alibaba компаниясы жасанды интеллект арқылы тұтынушыларға арнайы ұсыныстар жасап, сатуды жылдамдатты. Нәтижесінде, компанияның бір күндік табысы миллиард доллардан асты.
Осылайша, ЖИ электрондық коммерцияны жаңа деңгейге көтеріп, сауда процесін жылдам әрі тиімді етті.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ E-COMMERCE
Қазақстанда электрондық коммерция кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. 2019 жылы онлайн сауда көлемі шамамен 500 млн АҚШ доллары болса, 2020 жылы пандемияның әсерінен ол 750 млн долларға дейін өсті. 2022 жылы 1,9 миллиард, 2023 жылы 2,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл деректер Қазақстандағы цифрлық сауданың тұрақты өсуін көрсетеді.
Кейінгі бес жылда онлайн сауданың өсу қарқыны жыл сайын 15-20 пайыз шамасында болды, бұл Қазақстанның цифрлық сауда саласында тұрақты даму жолында екенін көрсетеді. Бұл тенденция алдағы жылдары да жалғасып, жаңа технологиялар мен ЖИ интеграциясы арқылы нарықтың әрі қарай кеңейетіні күтілуде.
Электрондық коммерцияның дамуы тек цифрлық платформаларға ғана емес, сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымға да байланысты. Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкіл Қайрат Төребаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы электрондық сауданы дамыту, сондай-ақ Қытай – Орталық Азия – Ресей және Еуропа арасындағы сауда алмасуды ілгерлету мақсатында электрондық сауданың логистикалық инфрақұрылымын жетілдіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар қазақстандық тауарларды халықаралық нарыққа шығару мүмкіндігін арттырып қана қоймай, ел ішіндегі жеткізу желілерінің тиімділігін де күшейтеді.
Қазақстандық тұтынушылар арасында ең танымал платформалар ретінде Kaspi.kz, Wildberries, Flip.kz және OLX.kz аталады.
Kaspi.kz – әмбебап төлемдер мен онлайн сауда, Wildberries – халықаралық тауарлар мен ішкі жеткізу, Flip.kz – электрондық құрылғылар мен техника, OLX.kz – тұтынушылар арасындағы сауда.
Сонымен қатар Halyk Market, Forte Market, Jusan Market, Clever, Arbus.kz сияқты платформалар қызмет көрсету аясын кеңейтіп, онлайн нарықтағы бәсекелестікті күшейтуде. Ал халықаралық платформалар арасында OZON, Wildberries, Alibaba, JD.com танымал. Мысалы, Alibaba-да 290-ға жуық қазақстандық өндіруші халықаралық нарыққа шықса, JD.com платформасында Қазақстанның Ұлттық павильоны ашылды, ол 30-дан астам өнім түрін ұсынады.
Алдағы жылдары жаңа технологиялар мен ЖИ интеграциясы арқасында электрондық сауда саласы әрі қарай кеңейіп, Қазақстанды аймақтық және халықаралық деңгейде цифрлық сауда орталығына айналдыруға мүмкіндігі бар.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ