Жер қыртысында, шамамен 2 900 шақырым тереңдікте орналасқан жұмбақ құрылымдар ғалымдарды ұзақ уақыт бойы ойландырған еді. Қытайлық зерттеушілер енді бұл аймақтардың планетаның жылу тепе-теңдігін сақтауда шешуші рөл атқаратынын анықтады. Сейсмологияда ультратөмен жылдамдықты зоналар (ULVZ) деп аталатын бұл құрылымдар алып табиғи жылу оқшаулағыштар сияқты жұмыс істейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
ULVZ – көлемі жүздеген шақырыммен өлшенетін, бірақ қасиеттері ерекше аймақтар. Бұл жерлерде сейсмикалық толқындар баяу таралады, ал тығыздық пен температура айналасындағы мантияға қарағанда жоғары. Бұған дейін олардың табиғаты белгісіз болып келген.
Қытай Ғылым академиясы мен Тайвань ұлттық университетінің ғалымдары бұл зоналардың жылу өткізгіштігін зерттеу үшін алмазды наковальнялар мен ультра-жылдам оптикалық спектроскопияны қолданды. Олар ULVZ құрамындағы негізгі минерал темірге бай магнезиовюститтің жылу өткізгіштігі өте төмен екенін анықтады. Яғни, бұл материал ядродан мантияға жылудың өтуін едәуір баяулатады.
Компьютерлік модельдеу нәтижелері ULVZ аймақтары жер қойнауында «жылу көрпесі» секілді әсер етіп, жылу ағынын біркелкі таратпайтынын көрсетті. Кейбір өңірлерде бұл тіпті ядроның жоғарғы бөлігінде жергілікті жылу қабаттарының қалыптасуына әкелуі мүмкін.
Бұл жаңалықтың маңызы тек геологиямен шектелмейді. Ядро мен мантия арасындағы жылу алмасу – Жердің магнит өрісін тудыратын геодинамоның негізгі қозғаушы күші. Демек, ULVZ аймақтары магнит өрісінің тұрақтылығына, оның полярлығына және ұзақ мерзімді эволюциясына ықпал етуі ықтимал. Ал магнит өрісі Жерді ғарыштық радиациядан қорғайтын басты қалқан екенін ескерсек, мәселенің ауқымы айқындала түседі.
Nature Communications журналында жарияланған бұл зерттеу Жердің ішкі құрылысы біз ойлағаннан да күрделі екенін көрсетеді. Ғалымдардың айтуынша, ULVZ-дің нақты таралуы мен олардың геодинамикаға әсерін толық түсіну үшін әлі талай зерттеу қажет. Бірақ бір нәрсе анық: планетаның ең терең қабаттарында болып жатқан процестер оның бетінде өмір сүруге тікелей әсер етеді.