Ұлт мәдениеті түлеген жыл

Бүгін, 15:00 / Túrkistan Gazeti
сурет: istockphoto.com

2025 жыл Қазақстанның мәдениет саласы үшін жемісті әрі халықаралық деңгейде елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Еліміздің рухани және мәдени әлеуетін әлемге танытатын бірнеше маңызды бастама сәтті жүзеге асырылды. Ақтау – Түркі дүниесінің мәдени астанасы болды, Абай мұрасы халықаралық деңгейде ұлықталды, жаңа музейлер ашылып, заманауи және дәстүрлі өнер үндесті. 

Жыл басында Қытайдың астанасы Бей­жің қаласында Қазақстанның мәдениет ор­­талығы ашылып, ол еліміздің өнері мен ру­хани мұрасын халықаралық қауым­дас­тық­­қа таныстыруға арналған ең ірі алаң­дардың біріне айналды. Аталған орталық көрмелер, тіл курстары, білім беру және ағартушылық бағыттағы шаралар өткізу арқылы 2 000-нан астам адамды қабылдап үл­­­герді. 
2025 жылдың мәдени кеңістігіндегі ай­тулы оқиғалардың бірі – композитор, ди­ри­жер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілен­диевтің 100 жылдық мерейтойы. Айту­лы дата ЮНЕСКО-ның 2024-2025 жылдарға ар­налған халықаралық деңгейде аталып өте­тін мерейтойлар тізіміне енді. 

Абай – 180  

2025 жылы ұлы ақын, ойшыл Абай Құ­нан­байұлының 180 жылдық мерейтойы ха­лықаралық деңгейде аталып өтті. Италия ас­танасы Рим қаласында Абай ескерткіші ор­натылып, бұл шара Еуропа жұрт­шы­лы­ғы­ның қызығушылығын тудырды. Сонымен қа­тар Қырғыз Республикасының Ош қала­сын­да Абай атымен аталатын көше, ескерт­кіш және музей ашылды. Сондай-ақ Арме­ния­дағы Қазақстан мәдениеті күндері ая­сын­да Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атын­дағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға Президентіміздің Ереванға жа­саған ресми сапары барысында мемлекет бас­шылары деңгейінде жасалған келі­сім­дер­дің нәтижесінде жүзеге асты.

Хәкімнің 180 жылдығы аясында елі­міз­дің барлық аймақтарында және шетелдерде ғы­лыми, мәдени, ағартушылық мазмұндағы жиындар өтті. Атап айтқанда, конферен­ция­лар, әдеби кештер, театр қойылымдары, ай­­тыс, көрмелер мен түрлі білім жобалары ха­­лық назарына ұсынылды. Бұл мерей­той­дың бір күндік емес, жыл бойына жалғасқан ауқымды бағдарлама болғанын аңғартады.

1-10 тамыз аралығында Абайдың туған же­рі – Семей қаласында ерекше мазмұндағы он­күндік өтті. Онда Abai Akademiyasy атты за­манауи цифрлық платформаның тұсауы ке­сілді, этноауыл бой көтерді. Қолөнершілер фес­тивалі, ұлттық спорт түрлерінен жарыс­тар, театр қойылымдары, моноопера, сим­фо­ниялық және дәстүрлі концерттер халық назарына ұсынылды.

Бұған қоса, жас ақындар мүшәйрасы, х­а­лық­аралық ақындар фестивалі, кітап пен энциклопедиялардың тұсаукесері мен ғы­лыми конференциялар өткізілді. Ал 10 та­мыз – Абай күні, Жидебай мен Семейде қоры­тынды кештермен түйінделіп, ұлттық рухты асқақтатқан мазмұнды бағдарлама өз мәресіне жетті.

Ең үздік 100 кітап анықталды

Елімізде ең үздік таңдаулы 100 кітап бел­гілі болды. Президент тапсырма­сына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кі­тап күні болып атап өтілді. Осы ме­­ре­кеде қа­зақ әдебиетін кеңінен насихат­тауды көз­дейтін жаңа жоба – «100 кітап» сауалнамасы баста­лып, Абай күні қарсаңын­да аяқталды. Сауалнама еGov.kz порталында жүргізілді. 3 айға созылған сауалнамаға 100 мыңнан ас­там адам қатысып, өз таңдауын жасады.

Ақтау – Түркі дүниесінің мәдени астанасы

2025 жылғы мәдени өмірдің тағы бір ай­шықты оқиғасы – Ақтау қаласының Түркі дүниесінің мәдени астанасы атануы болды. Бұл мәртебе TURKSOY халықаралық ұйы­мы­ның шешімімен беріліп, оны Ақтау бір реттік сал­танат ретінде емес, тұтас мәдени процес­тің бастамасы ретінде қабылдады.

Жыл бойы қала мен өңірде түркі әлемі­нің ортақ құндылықтарын дәріптейтін сан алуан шаралар өтті. Ақтауда концерттер, фес­тивальдер, ғылыми конференциялар, көр­мелер мен түрлі шығармашылық жоб­а­лар ұйымдастырылды. Іс-шаралар тек сах­на­лық қойылымдармен шектелмей, дәстүрлі му­зыка, жыр-күй өнері, қолөнер шеберлігі, тари­­хи жады мен қазіргі заман мәдени бай­ланыстарын тоғыстырды.

Тамыз айында Қазақстан мен Қырғыз Рес­публикасы президенттері қатысқан Мұх­тар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арнал­ған ескерткіштің ашылуы өтті. Ескерткіш Қа­зақстан мен Қырғыз Республикасы ара­сын­дағы рухани және әдеби бірліктің сим­волына айналды.

Сондай-ақ биыл Армения мен Ресейде Қа­зақстанның мәдени күндері өтті. Ал Қа­зақстанда Вьетнам халқының  мәдени күн­дері ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени коммуникацияны нығайтып, елдің шығармашылық жобаларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

2025 жылы қазақстандық театрлар да ай­тарлықтай жетістіктерге жетті. «Астана Опера» театрының шетелдегі гастрольдері анш­лагпен өтіп, театр әртістері әлемнің же­текші сахналарында жоғары бағаланды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдік опе­радағы ең беделді жобалардың бірі – Үл­кен театрдың Жастар бағдарламасына кон­курс арқылы қабылданды.

Димаш – әлемі елшісі

Еліміздің даңқын шығарып жүрген Димаш Құдайбергеннің шығармашы­лығы үшін де биыл жемісті жыл болды. Ол Нью-Йорктегі Madison Square Garden сах­на­сында жеке концерт берді. Мыңдаған ауди­то­рияны жи­наған бұл концерт қазақ өнері­нің әлемге танылуына себеп болды. Нью-Йоркте Димаш Құдайберген өзінің дүние­жүзілік гастрольдік турының аясында дайын­далған Stranger атты арнайы бағдар­ламасын ұсынды. Madison Square Garden сахнасында осыған дейін Эл­вис Пресли, Майкл Джексон, Мадонна, Эл­тон Джон, Джастин Тимберлейк, Бейонсе, Тей­лор Свифт, Леди Гага, The Rolling Stones сын­ды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен. Сонда-ақ жуырда ғана Димаш Құдайберген Мысырдағы Гиза қаласында The Pyramids Echo фестивалі аясында алғашқы жеке кон­цертін өткізді. Әнші Африка құрлығында, әй­гілі Мысыр пирамидаларының жанында же­ке шығармашылығын ұсынған алғашқы қа­зақстандық және ТМД елдерінен шыққан тұң­ғыш әртіс. Фестивальдің Pyramids Panorama алаңындағы жабылу концерті Қазақ­стан мен Қырғыз Республикасының Халық әртісі Димаш Құдайбергенге тапсырылған.

Сондай-ақ Женевада өткен жыл сайынғы сессия барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) қа­зақстандық әртіс әрі гуманитарлық қай­раткер Димаш Құдайбергенге жаһандық із­гілік елшісі мәртебесін берді. Бұл тағайындау Димаштың ұзақ жылдар бойғы қиын жағ­дай­ларға тап болған адамдарды қолдау ісіне де­ген адал қызметін білдіреді.

Сонымен қатар 2025 жыл жас өнерпаздар үшін де жемісті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық байқауларда өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Атап айтсақ, Ержан Максим Дубайда өткен Sanremo Best Song – 2025 бай­қауының Гран-при иегері, Александр Лим Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері, Ал­ма­гүл Батталиева XXXIV «Славян базары» ха­лықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері, El Voice тобы Ставропольде өткен Soldier’s Envelope – 2025 халықаралық фес­тивалінің Гран-при иегері, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылы №1 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мирас Наға­шыбай XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы, Жас­мин Түзелова Ресейдегі «Голос. Дети» му­зы­калық шоуының финалисі, Ернар Са­дырбаев (Amre) Мәскеуде өткен «Интер­ви­дение – 2025» халықаралық байқауының бас жүлдегері атанды.

Күні кеше Мемлекет басшысы «2025 жы­лы қазақстандық жас жазушылар мен ақын­дар үшін Президенттік арнаулы әдеби сый­лық­ты беру туралы» Жарлыққа қол қойды 

Биыл жас қаламгерлер үшін Прези­дент­тік арнаулы әдеби сыйлық «Проза» номи­нация­сы бойынша «Тергеуші» романы үшін Арман Әлменбетке, «Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағы үшін Саян Есжановқа, «Драматургия» но­ми­нациясы бойынша «Ақ киіз» драмалық шы­ғармасы үшін Бауыржан Мұстафиевке, «Ба­лалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның ауылында...» өлеңдер жина­ғы үшін Асылан Тілегеновке берілді.

Қазақ фильмі Италиядағы фестивальде үздік атанды

Қазақстандық режиссер Асхат Кучинче­ре­­ковтың «Бауырына салу» фильмі Ита­лия­ның Иския аралында өткен 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінің бас жүл­десін жеңіп алды. Аталмыш туынды «Үз­дік толықметражды фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығының қолдауымен тү­сірілген.

Өнер мұражайлары ашылды

Биыл Астана мен Алматыда жаңа өнер мұражайларының ашылуы – ұлттық мұра мен заманауи өнерді сақтау мен наси­хат­тау­дың жаңа белесі ретінде айқындалды.

Астанадағы «Өнер музейі» қазан айында рес­ми түрде ашылып, ұлттық мәдениетке құн­ды үлес қосты. Мұражай қорында 1 600-ден астам ұлттық музыкалық аспап бар. Оның ішінде ел ішінде сирек кездесетін жел­буаз, мес сырнай, уілдек, тастауық секілді аспаптар музейге қойылды.

Экспозициядан ұлт­тық киімдер мен қолданбалы өнер бұйым­дары да орын алды. Сонымен қатар, мұра­жай жанынан ашылған ғылыми-зерт­ханалық шеберхана – көне аспаптарды қал­пына келтіріп, зерттеу жұмыстарын жүр­гізетін алғашқы отандық зертхана саналады. Бұл – дәстүрлі өнерді сақтау жолындағы нақ­ты әрі мағыналы қадам.

Алматы қаласында ашылған Almaty Museum of Arts – Орталық Азиядағы алғаш­қы ірі жеке заманауи өнер мұражайы сана­ла­ды. Мұнда Қазақстан, Орталық Азия және шет­елдік суретшілердің 700-ден астам зама­науи жұмысы жинақталған. Мұражай архи­те­к­турасы қала келбеті мен табиғи көрі­ніс­тер­ді үйлестіре отырып салынған. Ол тек өнер кеңістігі емес, ашық диалог пен креа­тив­ті бастамаларға арналған қоғамдық ор­т­а­ға айналды.

Театр саны көбейеді

Биыл Қазақстан мәдениет са­ласындағы инфрақұры­лым­ды нығайтып, шы­ғар­ма­шылық мүмкіндіктерді арттырып, мә­де­ниет қызметкерлерін қолдауды күшейтті.

Мемлекет басшы­сы Ұлттық құрыл­тай­­да өңір­лік театр­ларды дамы­ту қажеттігін ерек­­ше атап өтті. Осыған байла­ныс­ты Астана қа­­­ла­сында «Жас­тар» театры ғи­мара­тын жөн­­деу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қуыр­­шақ театрына жаңа ғимарат салу мә­се­лесі қарас­тырылуда. 
Алдағы жылдары Се­мей, Қонаев және Ақтө­бе қа­лаларында жаңа драма театр­лары бой көтермек.

2025 жылы барлығы 61 мә­­дени нысан са­лынды. Өңір­лерде 251 ны­санға жөндеу жұмыстары жүргізілу­де. Сон­дай-ақ елорда тарихын зерттеудің маңызды ор­талығына айналатын «Бозоқ» археоло­гиялық паркін құру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қайрат Байбосынов – Қазақстанның Еңбек Ері

Мемлекет мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Азаматтық қызметкерлердің кей са­наттары бойынша жалақы кезең-кезеңі­мен көбейтіледі. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет және архив ұйымдарында жұмыс істейтін 64 мың қызметкердің жала­қысы жыл сайын 20 пайызға артты. Мем­ле­кет өнер саласында  қызмет ететін маман­дар­ды стипендиялар мен марапаттар арқы­лы қолдап келеді. Жыл басында 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендияға ие болды. Президент Жарлығына сәйкес бір­қатар азамат Қазақстан мәдениетін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін мара­пат­талды. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық өнер майталманы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті РММ-нің профессоры Қайрат Әукенұлы Бай­босыновқа Қазақстанның Еңбек Ері ата­ғы беріліп, «Отан» орденімен марапат­тал­ды. «Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Бай­босыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» ата­ғы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін ай­шықтай көрсететін халық өнері әрдайым төр­де болуы керек. Бұл марапат – әйгілі ән­шінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2025 жыл Қазақстан мәдениетінің ха­лықаралық кеңістіктегі беделін көтерген маңызды кезең болды. Ел ішіндегі мерекелер­мен қатар, шетелдерде өткен шаралар қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтіп, ұлт руха­ния­тының әлемдік деңгейде мойындалуына ық­пал етті. Бұл – еліміздің мәдениет пен дип­ломатияны үйлестіре отырып, өрке­ниет­ті диалогқа үндейтін жолды берік ұстан­ғанының айғағы.

Наурызбек САРША