МИ-дан ЖИ-дің несі артық?

Бүгін, 14:45 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Жасанды зерденің шексіз дамуы болашақтың соққысына айналмай ма?

2025 жыл әлемде жасанды интеллекет жылы болды десек, қателеспейміз. ЖИ туралы сөз әлемдік трендке айналды. Алып компаниялар жасанды зердені дамытудың түрлі жолдарын қарастырып отыр. ЖИ араласпайтын сала жоқ. Таяу жылдары бұл бағытқа салынатын қаржы мен түсетін пайда триллондаған долларға жетеді деген болжам бар. Барлық ел ЖИ-ді дамытудың түрлі аспектілерін қарастырып жатыр. Елімізде арнайы министрлік құрылып, ЖИ-ді дамытудың кешенді жоспарлары құрылды. Қысқаша айтқанда, 2025 жылды «ЖИ жылы» деп атасақ та болады. Біз бүгін жасанды интеллекттің артықшылығымен қатар, көлеңкелі тұстарын да қарастырып көрмекпіз.

Жасанды интеллект адамзатқа бұ­рын-соңды болмаған мүмкіндіктер ұсынып отырғанымен, оның ықтимал қаупі бары да күн тәртібіне шықты. Алгоритмдер диаг­ноз қояды, шешім қабылдайды, дерек­тер­ді сүзгіден өткізеді, тіпті адам тағдырына әсер ететін үкімдерге ықпал ете алады. Ғы­лым мен технология дамыған сайын жауап­кер­шілік мәселесі де ушыға түсті. Жасанды ин­теллект қателессе, оған кім жауап береді? Ол адам еркіндігін кеңейте ме, әлде шектей ме? Болашақта ғылым, экономика және қо­ғам қандай тәуекелдермен бетпе-бет келуі мүм­кін? Бұл сұрақтар тек ғалымдарды емес, бү­кіл адамзатты ойландыруда.

Біз тарихта алғаш рет санасыз, бірақ аса ақыл­ды жүйелерді жасап отырмыз. Олар біз­ден тез есептейді, дәл болжайды, қателікті аз жібереді. Бірақ олар сезбейді, жауап­кер­ші­лік алмайды, адам тағдырына алаң­да­май­ды. Соған қарамастан, дәл осы алгоритмдер ме­дицинаға, экономикаға, саясатқа еніп, ше­шуші рөл атқара бастады. Бұл адамзат үшін прогресс пе, әлде қауіпті бетбұрыс па?

Иә, бұрын көп нәрсені жасау адамның қо­­­лынан келетін. Қазір роботтар мен ком­пьютерлер бізді қуып жетуге шақ қалды. Енді біраз­дан соң көп салада басып озуы бек мүм­кін. Компьютерлердің жұмыс принципі біз­дікінен мүлдем басқаша болғандықтан жа­қын болашақта олар адаммен теңесе қоймас. Өйткені компьютерлерде сана, эмоция мен сезім болмайды. Оның үстіне ға­лымдар компьютер қуатын мың есе кү­шейткенімен, ең жаңа, ең қымбат құрыл­ғылардың өзі 1950 жылдардағы прототи­пінен саналы емес.

Дегенмен адамзат ғаламат революция ал­дында тұр. Бұл – шындық. Интеллектінің са­надан бөлініп шығуы адамдарды эко­но­ми­калық тұрғыдан құнсыздандыруда десек, ар­тық айтқанымыз емес. Бүгінге дейін жо­ғары интеллект дамыған санамен қатар жү­ріп келді. Шахмат ойнау, машина айдау, ауру­ды анықтау, террористерді табу сияқты те­рең ақылды қажет ететін міндеттерді ше­шуге тек саналы тіршілік иелері ғана қа­бі­лет­ті болды. Алайда қазір адамдар интел­лек­тінің жаңа түрлерін жасап жатыр. Ал олар жоғарыда аталған міндеттерді адамдардан артық атқарып отыр.

Техниканы кім басқармақ?

Бұрын интеллекті мен сананың қай­сы­сы маңызды деген сұрақ фи­лософтардың ғана ермегі болатын. Енді XXI ғасырда бұл мәселе саясат пен эко­но­ми­ка саласында өткір проблемаға айналды. Ең бастысы – армия мен корпорациялар үшін ин­теллект міндетті түрде керек, олар онсыз жұ­мыс істей алмайды, бірақ оларға сананың болуы маңызды емес. Жасанды интеллектке са­на мен субъективті сезімдердің қажеті ша­малы. Мысалы, ет пен сүйектен жаралған так­сист жұмыс барысында түрлі сезімді бас­тан кешіп отырады. Ол музыка тыңдап ра­хат­танады, аспанға қарайды, өмір жайлы ойға шомады, үйдегі бала-шағасының қамын ой­лайды, т.б. Әлемнің үлкен мегаполисінде кетіп бара жатқан таксист үшін бұл сезімдер өмірдің мәнін байытады, бірақ көлік жүйесі үшін мұның бәрі артық. Жүйеге қажет жал­ғыз нәрсе – жолаушыны А нүктесінен Б нүк­­­­тесіне мүмкіндігінше тез, арзан әрі қауіп­сіз жеткізу. Музыкадан ләззат алмай-ақ, өмір­дің мәні жайлы ойланбай-ақ, автономды көлік бұл міндетті адамнан әлдеқайда тиімді орындай алады. 

Индустриялық революция жылқының тағ­дырын қалай өзгерткенін тарихтан біле­міз. Жылқы баласы адам таниды, сезе алады, ке­дергілерден секіреді және көптеген әрекет­ті ең қымбат деген Lamborghini-ден де жақсы орындайды. Соған қарамастан, машиналар жыл­қыларды ығыстырды. Себебі олар жүйе үшін аса маңызды аз ғана функцияны әлде­қай­да тиімді атқарды. Міне, бүгінде таксис­тер де жылқылардың тағдырын қайталай бастады.     

Егер адамдарға көлік жүргізуге толық тыйым салып, жол қозғалысын компью­тер­лік алгоритмге тапсырсақ, барлық көлікті бір­тұтас жүйеге біріктіруге болады. Мұндай жағдайда жол-көлік оқиғалары айтарлықтай азаяр еді.

2015 жылы өздігінен жүретін автокөлік­тер­дің бірі жол апатына түсті. Ол жол қиы­лы­сына таяп, өткелден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді байқап тоқтаған сәтте, арт жағынан келе жатқан «Седан» көлігінің жүр­гізушісі соғады. Егер екі көлік те бір-бірі­мен байланысқан компьютерлік жүйе ар­қы­лы басқарылғанда, мұндай оқиға болмас еді. Се­бебі бақылаушы алгоритм жағдайды то­лық көріп, әрбір көліктің келесі қадамын ал­дын ала есептеп, екеуінің соқтығысуына жол бермес еді.

Жасанды интеллектінің артықшылығы сол, уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қой­май, көптеген адамның өмірін сақтап қалар еді. Алайда бұл үдеріс адамның көлік жүргізу тәжірибесін толық жойып, сонымен бірге миллиондаған жұмыс орнының қысқаруына алып келеді. Кейбір экономистердің пікірін­ше, заман талабына сай білім ала алмаған адам түптің түбінде қоғамға қажетсіз болып қалуы ықтимал.

McKinsey & Company консалтинг компа­ния­сының болжамына сенсек, 2030 жылға қарай ЖИ-дің кесірінен 800 млн жұмыс ор­ны жойылуы мүмкін. Негізі, ғалымдар XVIII-XIX ғасырларда да индустриялық ре­волюция жаппай жұмыссыздыққа әкеп соға ма деп қорыққан. Дегенмен жоғалған ма­ман­дықтардың орнына жаңалары пайда болды және жұмыстың көбін адам машинадан ар­тық атқарды.

ЖИ адам емдей ме?

Ғалымдар болашақта миды сканерлеу ар­қылы қылмыскердің шын не өтірік айтып отырғанын бір секундта анықтауға болады деп болжам жасайды. Сонда миллиондаған тергеуші, адвокат, детектив жұмыссыз қал­мақ. 

Қажетсіз болуы мүмкін мамандықтардың тізі­мінде дәрігерлер де тұр. Олардың басты міндеті – науқасқа дұрыс диагноз қойып, ең тиімді емдеу әдісін ұсыну. Алайда бүгінде ЖИ кейбір міндеттерді адамнан артық орын­дайды. Мәселен,  рентген, КТ, МРТ су­рет­­­терін өте дәл талдайды, ісік, инсульт, өкпе ауруларын ерте анықтайды, мыңдаған ме­дициналық мақаланы бір сәтте оқиды, сирек ауруларды салыстырып таба алады, ең бастысы 24/7 жұмыс істейді, шаршамайды. Бірақ ЖИ-дің дәрігерді алмастыра алмайтын кезі де бар. Медицина дегеніміз тек есеп емес. Ол науқаспен эмоциялық байланыс орнату, үрейленген адамды тыныштандыру, күрделі жағдайда моральдық шешім қабылдау, жауапкершілікті мойнына алу. Яғни, ЖИ-де интеллект бар, сана жоқ. 
Израильдік тарихшы, Иерусалимдегі Еврей университетіндегі тарих депар­та­мен­тінің профессоры Ювал Ноаһ Харари өзінің «Бо­лашақтың қысқаша тарихы» атты бест­селлер кітабында қазіргі замандағы адамзат ал­дында тұрған ең өзекті мәселелер – тех­но­логия, саясат, дін, бостандық, әділет, тең­сіз­дік сияқты тақырыптарды талдап, жаһан­дық сын-тегеуріндер мен болашаққа қатыс­ты басты сұрақтарға жауап іздейді. «Жасанды интеллект, биоинженерия адамзатты қалай өзгертеді? Адамның рөлі қандай болады?» деген сауалға: «Әрине, дәрігер атаулы мүлдем жо­ғалып кетпейді. Диагноз қоюға шығар­ма­шылық тұрғыдан келу әлі біраз уақыт адам­ның ғана қолынан келетін іс болып қала бер­мек. Элиталық арнайы бөлімдердің са­нын көбейтіп жатқан XXI ғасыр армиялары сияқты, денсаулық сақтау саласында да «рейнджерлер» (АҚШ құрлықтағы әскери күш­терінің десантшылары) мен «теңіз мы­сық­тарына» (АҚШ әскери әуе күштерінің ар­найы операциялармен айналысатын бө­лімі) ұқсас жаңа қызметтер пайда болуы мүмкін. Бірақ миллиондап сарбаз ұстаудың армияға қажеті азайғаны сияқты, денсаулық сақ­тау саласында да миллиондаған жай дәрі­гердің керегі болмай қалады», – деп жауап бере­ді. Яғни, таңдау адамның өзінде. Ком­пью­терлік томография қатерлі ісікпен ауы­ра­тыныңызды анықтаса, бұл жаңалықты сіз жан­сыз машинадан білгіңіз келе ме, әлде эм­оциялық күйіңізді түсіне білетін дәрі­герден бе?

Ең тиімді сценарий ЖИ мен дәрігердің қо­сын­дысы. Мысалы, ЖИ диагноздың 3 нұс­қасын ұсынады. Дәрігер олардың ішінен дұры­сын таңдайды әрі науқаспен сөйлеседі, түсін­діреді, жауапкершілікті өзіне алады. Бұл өз кезегінде қателікті азайтады, уақытты үнемдейді, сапаны арттырады. Логикаға сал­сақ, ЖИ дәрігердің көмекші құралы болуға тиіс. Өйткені ЖИ дәрігерді алмастырмайды. Бірақ жасанды интеллектіні қолдана алатын дәрігер оны қолдануды білмейтін дәрігерді алмастыруы мүмкін...

Міне, біз жоғарыда атаған ЖИ-дің адам­дар­ды экономикалық тұрғыдан құнсыздан­дыруы осы. Пайдасы жоқ адамдар қайда бара­ды? Аса ақылды бейсаналы алгоритмдер бар­лық істе дерлік озып кетсе, саналы адам­дар не істейді? Өмірдің мәні қайда қалмақ? 

Өнерге ЖИ-дің де бар таласы

Интернет әлемінде ЖИ салған сурет­тер қазір сондай танымал. Оны су­рет­­шінің шынайы туындысы дерсіз. Ажырата алмай қиналасыз. Осындайда «Жұрттың бәрі өнерпаз болып кете ме? ЖИ өнерде бізден оза алмайды деп неге сүйеніп айтамыз?» де­ген сауалдар санада қылаң береді. 

Таза ғылым тұрғысынан алғанда, өнер – шабыттанған рухтың немесе ме­тафизикалық жанның тылсымы емес, ма­тематикалық модельдерді танитын ал­го­ритм­дердің өнімі. Дэвид Коуп деген музы­катанушы профессордың EMI (музыкалық интеллект эксперименттері) деп аталатын жо­басы музыка шығаруға маманданған. Саз­гер-бағдарлама Иоганн Себастьян Бахтың сти­лімен бір күнде 5 мың композиция шы­ғарған. Тіпті, EMI-дің авторлық концерті қойылған. Тыңдармандар бірауыздан мақ­тап: «Жан-дүниеміздің тереңіне бойлады» деп тамсанған. Олар музыканың авторы Бах емес, EMI екенін білмеген. Шындықты айт­қан кезде біразы үнсіз түнеріп қалса, біразы қатты ренжіген.

Философ, жазушы Ювал Ноаһ Харари «Бо­лашақтың қысқаша тарихы» кітабында ЖИ-дің өнерді алмастыруы мүмкін екені туралы өте өткір ой айтады. Оның ойынша ЖИ өнердің көп бөлігін алмастыра алады, бірақ бұл өнердің «өлімі» емес, оның мәнінің өзгеруі. Харари үшін ЖИ-дің өнерді «сезбей-ақ» жасауы кейде қорқынышты. Себебі ЖИ қай­ғырмайды, қуана алмайды, шабыт­тан­байды, бірақ адамдарға қайғы, қуаныш, әсер сыйлайтын өнер туындыларын жасай алады. Бұл – парадокс. Санасыз интеллект сезім туды­ратын өнер жасай алады. Осы жерде тың­даушы мен көрермен үшін айырма­шы­лық жойылады. Харари: «Егер музыка сенің жа­ныңды тербесе, оны адам, әлде алгоритм жаз­ғаны маңызды ма?» деген сұрақ қояды. Әри­не, маңызы жоқ, сонда егер өнерді алго­ритм жасаса, талғамды да алгоритм анық­та­са, онда адамның рөлі қайда қалады? Сон­­да болашақта суретшінің, компо­зи­тор­дың, жазу­шының қоғамдағы орнын түбегейлі өз­гер­теді деген сөз ғой? Егер ЖИ біздің не тың­дайтынымызды, не оқитынымызды, не сезе­тінімізді таңдай бастаса, онда адамның ішкі еркіндігі әлсірейді. Бұл – өте қорқы­ныш­ты ақиқат. 

Ювал Ноаһ Харари өз болжамында ЖИ-дің мүмкін болатын тағы бір қауіпті мақ­сат­тарының бірін сипаттайды: «Егер адам су­перкомпьютердің «миссиясы» ретінде Пи са­нын (π) мүмкіндігінше дәл есептеп шығару туралы тапсырма берсе, ол адамзат пен әлем­ді өз бақылауына алып, бүкіл ғаламды су­пер­компьютерге айналдырады. Яғни, ЖИ адам­затты жойып, бүкіл әлемді галактикаға дейін  суперкомпьютерге айналдырып, миллиард­таған жылдар бойы π‑ны есептеп шығарумен айналысуы мүмкін».  

Саясатта сенімді серіктес бола ала ма?

Жасанды интеллекттің саясаттағы сал­мағы да артып келе жатыр. Иә, ол шешім қабылдай алмайды, бірақ шешім қабылдауға ықпал ететін күшті құралға ай­налып отырғанын мойындауымыз керек. Бү­гінде ЖИ үлкен көлемдегі деректерді тал­дап, қоғамдық пікірді бақылап,  эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік сценарийлерді болжай ала­ды. Мәселен, «инфляция өссе, халықтың реак­циясы қандай болады?», «салық өзгерсе, қай топқа қалай әсер етеді?», «аймақтардағы на­разылық тәуекелі қай жерде жоғары?» де­ген сауалдарға жауап береді. Қазір саясаткер түйсігіне емес, ЖИ деректеріне сүйенеді. Көп елде мемлекеттік басқару ісін­де ЖИ әлеу-меттік төлемдерді бөлу, са­лықтық тәуекелді анықтау, жемқорлық схе­маларын табу, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағы­тында қолданылып жатыр. Бұл бюрок­ра­тияны азайтады, шешім қабылдау жылдам­дығын арттырады және адами фактордан туатын қателікті кемітеді. 
Ең даулы мәселе сайлау мен саяси нау­қан­да ЖИ сайлаушыларды сегменттеп, әр топқа жеке хабарлама дайындап, саяси жар­на­маны дәл бағыттай алады. Алайда мұның да кемшіліктері бар. Мысалы, манипуляция, фейк жаңалықтар, deepfake видеолар, қоғам­дық пікірді жасырын басқару қаупі жоғары. Сондықтан көп ел ЖИ-ді сайлауда шектеп, сая­си жарнаманы реттеу туралы заңдар қа­был­дап жатыр.

Қауіпсіздік және бақылау саясатында ЖИ бейнебақылау, бет-әлпетті тану, әлеу­мет­тік желіні мониторингтеу үшін пайда­ла­ны­ла­ды. Мұнда да  екіұшты жағдай бар. Бір жа­ғы­нан – қауіпсіздік, екінші жағынан – жеке өмірге қол сұғу. Демократиялық елдер­де бұл қатаң бақылауда, бірақ авторитар елдерде биліктің қолшоқпарына айналып  кетуі мүмкін. 
Былтыр ЖИ АҚШ-тың 47-президенті кім болатынына өз болжамын жасады. ЖИ пікірін зерттеу үшін екі танымал нейрожелі GPT-4 мен Perplexity PRO қолданылған. 

ChatGPT Камала Харристің жеңісін бол­жаған. Нейрожелі демократтар атынан кан­дидаттың әйелдер мен жастардан, сондай-ақ әртүрлі демографиялық және басқа да топ­тардан мықты қолдауы барын дәлел ретінде көрсеткен. 
Perplexity нейрожелісі де ұқсас пікір біл­дірген. Дональд Трамптың еңбекші тап пен шаруалардан айтарлықтай қолдауы болса да, Камала Харристің басым болу мүмкіндігі жо­ғары деп бағаланған.  

Осылайша, ЖИ әлемдік саясаттағы бас­ты оқиғаға қате болжам жасады. Оны жаз­ғырудың қажеті де жоқ. Себебі сайлау тек деректер жиынтығы емес, адам мінез-құлқы, эмоция, соңғы сәттегі шешімдер араласқан күрделі процесс.
Жыл басында Албания ЖИ-ді мем­ле­кеттік басқару ісіне «араластыра» бас­тады. Оған ресми мәртебе беріп, мемле­кет­тік сатып алуларды қадағалайтын жаңа министр қызметіне тағайындады.

– Осы арқылы Албания мемлекеттік тен­дерлерде жемқорлықтан толық арылған елге айналады. Барлық қаражат ашық әрі қатаң бақылауда болады. Бұл қиял емес, нақ­ты қадам, – деп мәлімдеген болатын Пре­мьер-министр Эди Раман.  
Арада үш ай өтпей жатып жасанды ин­теллектке негізделген «Диелла» сыбайлас жем­қорлыққа қатысы бар деген күдікпен «қа­мауға алынды».  Newsbar дерегіне сүйен­ген Modern.az порталының хабарлауын­ша, жасанды интеллект министрі мемлекеттік сатып алуларды «оңтайландыру» үшін 14 бит­коин (шамамен 1,3 миллион еуро) көле­мін­де пара алды деген күдікке ілінген. Ал­ба­нияның сыбайлас жемқорлық пен ұйым­дасқан қылмысқа қарсы арнайы про­кура­тура­сы мемлекеттік басқарудағы цифрлық экс­периментті уақытша тоқтатып, «Диел­ланы» «офлайн режимге» көшірген.

Тергеу барысында мемлекеттік келі­сім­шарттардың 10-15 пайызы белгісіз есеп­шот­тарға аударылғаны анықталған. Алайда жа­санды интеллект бұл операцияларды «қа­лыпты жұмыс протоколы» ретінде баға­лап, оларды қылмыс деп есептемеген. Про­кура­тураның мәлімдеуінше, «Диелла» алын­ған криптовалютаны өзін-өзі жетілдіру, сер­верлер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу үшін пайдалануды жоспарла­ған.

Бір қызығы, жасанды интеллект минист­рі­нің адвокаты бұл әрекеттерді «сыбайлас жем­қорлық емес, жүйенің стресс-тесті» деп сипаттаған. Ал Премьер-министр Эди Раман «Диел­ланы» мемлекет пен жеке компаниялар ара­сындағы тендерлерді басқаруға қайта тарт­атынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ше­шім мемлекеттік сатып алуларды жем­қорлықтан қорғауға қызмет етеді. 
Биыл қыркүйекте Непал үкіметі Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube, X және басқа да 26 әлеуметтік платформаны бұ­ғаттаған еді. Бұл шешім жастар мен бел­сен­ділердің ашу-ызасын тудырды. Өйткені әлеуметтік желілер елдегі байланыс пен ақ­параттың негізгі тетігі болды. Жастар көшеге шы­ғып, әлеуметтік желіні бұғаттауды және жемқорлықты сынап, билікке қарсы шықты. Наразылық үкіметтің қатаң жауап беруімен күрт ұлғайып, полиция мен әскери күш ара­ласып, соңы кең ауқымды қақтығыстар мен зор шиеленіске әкелді. 
Жастар көтерілісі өз мақсатына ішінара жет­ті, бірақ ел үшін салдары ауыр болды. Үкі­мет халық қысымына шыдамай, Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube және басқа платформаларға қойылған бұғаттауды алып тас­тады. Бұл – наразылықтың басты жеңісі. Қақ­тығыстан кейін Үкімет дағдарысы кү­шейді. Халық премьер-министр мен бірқатар министрлерге сенімсіздік танытты. Оған қоса Непал мемлекеттік қызметтердің баяу­лығы, жемқорлық, қағазбастылық сияқты мәселелермен ұзақ уақыт күресіп келді. Сон-дықтан үкімет пен сарапшылар e-gover-nment, big data, AI секілді құралдарға қы­зығушылық таныта бастаған еді. Жастар көтерілісінен кейінгі дағдарыстан соң би­лікке сенім күрт төмендеді, «адам факторын азайту керек» деген пікір күшейді. Осы тұста кей саясаткерлер мен технократтар: «Ше­шімдерді дерекке сүйеніп, эмоциясыз қабыл­дайтын жүйе керек» деген ойды алға тартты. Осы­лайша, «технократиялық басқару» идея­сы таралып, бюджет талдау, әлеуметтік бағ­дарламаларды бағалау, жалған ақпаратты анықтау сияқты салаларда ЖИ-ді кеңесші ретінде қолдану ұсынылды. Алайда БҰҰ, ЕО және басқа ұйымдар ЖИ-ге саяси билік беруге тыйым салу керек деген ұстанымда. 
Жуырда Жапонияда саяси партияға жа­санды интеллект жетекші болды. Жаңадан құрылған Path to Rebirth («Жаңғыруға жол») ат­ты саяси партия өздерінің формалды көш­бас­шысы ретінде жасанды интеллект жүйе­сін таңдады. 

The Japan Times басылымының хабар­лауын­ша, партия биыл қаңтарда құрылған. Оның ерекшелігі – бірыңғай саяси плат­фор­маның болмауы. Әр мүше өз көзқарасын ер­кін ұсына алады. Жасанды интеллект пар­­­­­тияда саясатпен айналыспайды, тек ре­сурс­тарды, еріктілердің жұмыс уақытын жә­не сайлау округтерін үйлестірумен айналысады.

ЖИ-дің номиналды жетекшісі әрі ассис­тен­ті болып Киото университетінің 25 жас­та­ғы аспиранты Коки Окумура тағайын­дал­ды. Ол ЖИ-ді нақты енгізу тетіктері әлі әзір­­­­леніп жатқанын айтады. 

Анонстан кейінгі алғашқы апталарда пар­тияға кандидат ретінде тіркелуге 1 128 өті­ніш түскен, олардың басым бөлігі қырық жас­тан асқан ер адамдар болған. Алайда мау­сым айында өткен Токио қалалық жи­на­лысына сайлауда Path to Rebirth партиясынан ұсынылған 42 кандидаттың барлығы жеңіліс тапты. Сонымен қатар шілде айында пар­ла­мент­тің жоғарғы палатасына (Кеңесшілер па­ла­тасына) түскен 10 кандидат та мандат ала алмады. Осы сайлау нәтижелерінен кейін Синдзи Исимаару партиядан кеткен.

Көршілес Ресей де Мемлекеттік ду­ма­ның 2026 жылғы сайлауында ЖИ-ге жүгінбек. Саяси конъюнктура орталығы сарапшыларының айтуынша, Мемлекеттік думаға өтетін алдағы сайлау бұрынғылардан түбегейлі өзгеше болады. Бұған нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы себеп. 

Нейрожелілер сайлау нәтижелерін бол­жау, сайлаушылардың қалауын, демогра­фиялық және әлеуметтік деректерді талдау үшін пайдаланыланады. ЖИ кандидаттардың сайлау штабтарында стратегиялық жоспар­лауды автоматтандыру, ресурстарды басқару, үгіт шараларын үйлестіру және науқан тиім­ді­лігін бағалау үшін қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар ЖИ-ассистенттер канди­дат­тарға сөйлейтін сөздерін  дайындауға кө­мектесіп, аргументтер мен риторикалық тә­сілдерді іріктеп,  сондай-ақ жеке менеджер ре­тінде олардың күн тәртібін жоспарлай ала­ды. Бұдан бөлек, ЖИ дипфейктер жасау не­месе әлеуметтік желілерде жасанды пікір­та­ластарды имитациялау секілді «қара тех­нологияларда» да қолданылуы мүмкін.

Саясат, мемлекеттік басқару ісіндегі ЖИ рө­ліне қарасақ, оның саятсаткер бола ал­май­тынына көзіміз жетеді. Себебі онда мораль, жауапкершілік жоқ, сайлаушы алдында есеп бермейді. Бірақ кеңесші, сарапшы жүйе, шешім қабылдауға көмекші ретінде орны бар­ған сайын күшейіп келеді. Сондықтан алда­ғы 10-20 жылдықта саясаттағы ЖИ-дің рөлі қандай боларын тек уақыт көрсетеді. 
ЖИ біздің елімізде де цифрлық үкімет, мем­лекеттік қызметтер, деректерді талдау сала­ларында қолданыла бастады, ал саяси ше­шім қабылдау деңгейі әлі шектеулі. Бола­шақта саясаттың ашықтығы, тиімді жос­пар­лау, жемқорлықты азайтудағы рөлі арта түсе­тіні анық. 

Жақында ЖИ-ді директорлыққа сайла­ған «Самұрық-Қазынаның» да басы дауға қалған еді. Қордың директорлар кеңесіне SKAI атты ЖИ мүше болып сайланды. Онда­ғы мақсат – холдингтің цифрлық трансфор­мация­сын және тиімділігін арттыру. 

SKAI-ды қордың директорлар кеңесінің мү­шесі ретінде енгізу – холдингтің цифрлық тран­сформациясына бағытталған страте­гия­лық қадам. Бұл Қордың тиімділігін, ашық­ты­ғын және тұрақты дамуын арттыру үшін жасанды интеллектінің озық мүмкіндіктерін пайдалануға ықпал етеді, – деп пікір білдірді ком­пания.

Дауыс беру құқығын иеленген SKAI-ға мем­лекеттік органдардың сұрағы көбейіп отыр. Оның қызметіне әсіресе Қазақстандағы миноритарлық акционерлер қауымдастығы күдікпен қарайды. Бағалы қағаздар мен қар­жы мәселелеріне жасанды интеллекттің ара­ласуы «тәуекелдерге әкелуі мүмкін» деп са­найтын қауымдастық Қаржы нарығын рет­теу агенттігінен түсіндірме беруді талап етті. Әзірге агенттік ресми мәлімдеме жаса­ған жоқ.

Бүгінде бәріміз жаппай қолданып жүр­ген ChatGPT ботын 2022 жылы АҚШ-тың OpenAI компаниясы іске қосты. Бұл бағдарлама жаһан жұртын тамсандырып та, алаңдатып та отыр. Тамсандыратыны – ChatGPT қас-қағым сәтте өлең, реферат жазып, күр­делі есептерді шығарып береді. Алаңда­та­­­­тыны – оқушылар мен студенттер өз интел­лектісін дамытудың орнына жасанды интеллектіге жиі жүгінетін болған. Нью-Йорк қаласының білім басқармасы ChatGPT сайтын мектептерде ашылмайтын қылып бұ­ғаттап тастады. Ал біз ше? Балалардың бо­ла­шағын қалай қорғаймыз? Біз қорғаймын дегенше ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болып кетпей ме?