Жемісті жыл, жарқын сәттер

Бүгін, 14:30 / Ділда УӘЛИБЕК
Ақорда

2025 жыл жақсы жыл болды. Ұлттық аналитикалық орталық өткізген республикалық сауалнамаға қатысқан ел азаматтары өтіп бара жатқан жылға осындай баға берген.

Сонымен, бұл жыл несімен есте қалмақ, қандай өзгерістер мен айтулы оқиғалар болды, көз жүгіртіп көрейік.

Өтіп бара жатқан 2025 жылды қазақстандықтар салыстырмалы түрде оң бағалады. Ұлттық аналитикалық орталық өткізген республикалық сауалнамаға елдің барлық аймағынан мыңдаған респондент қатысқан.

«2025 жыл сіз үшін қандай болды?» деген сұраққа респонденттердің 11 пайызы «жыл сәтсіз өтті» деп жауап берген, 37 пайызы табысты болды десе, ал қалған 52 пайызы жыл әдеттегідей, қалыпты яғни айтарлықтай жағымды не жағымсыз оқиғалар болмады деген.

Олар 2025 жылдың басты жетістіктері деп спорт, технология және цифрландыру, киноиндустрияның дамуы, өнеркәсіп, мектептер мен ауруханалардың құрылысы сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды атаған. Есте қаларлық оқиғалар қатарында әлемдік жұлдыздардың концерттері және Абайдың 180 жылдығы сияқты маңызды мерейтойлар, жаңа мектептер мен ауруха­налардың ашылуы, жолдарды жөндеу және қала инфрақұрылымын жақсарту, жасанды интеллект саласындағы жаңалықтар, Президенттің халықаралық деңгейдегі кездесулері бар.

Сарапшылардың пікірінше, бұл позитив­ті оқиғалар тек эмоциялық әсермен шектел­мей, білім, денсаулық сақтау, экология және технология салаларында нақты өзгеріс ба­рын көрсетеді. Мысалы, жаңа мектептер мен ауруханалардың ашылуы білім мен денсаулық саласында нақты инфрақұрылымдық сер­пін берсе, жасанды интеллект пен суперкомпьютер жобалары цифрландыру мен тех­нологиялық дамудың көрінісі ретінде қарас­тырылады. Сауалнама деректері бойынша, қазақстандықтардың 71 пайызы елдің даму бағытын дұрыс деп бағалайды, ал 77 пайызы Президенттің қызметін қолдайды.

Сыртқы саясат 

Әлемдегі ахуал әлі де бұлыңғыр, геосаяси қақтығыстар жаңа деңгейге өтіп, белгісіздік күшейді. Осы жағдайда Қазақстан көпвек­тор­лы сыртқы саясатын ары қарай жалғас­тыр­ды. Бұл саясат прагматизмге және Орталық Азияның жалпы мүд­десі ескерілетін шешімдерге негізделеді. Пре­зидент бірқатар елге түрлі дәрежедегі сапар­лармен барып, мән-маңызы жоғары кездесулер өткізіп, келісімдерге келді.

2025 жылы еліміз екі ірі саммиттің ұйым­дастырушысы болды. Маусымда Аста­нада екінші «Қытай – Орталық Азия» сам­миті өтті, нәтижесінде Астана декларациясы және Мәңгілік көрші, достық және ынты­мақ­тастық туралы келісімге қол қойылды. Қара­шада Президент Вашингтонда өткен «Ор­та­лық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне қатысты, мұнда маңызды минералдар мен жасанды интеллект саласындағы жобалар және АҚШ-пен 17 млрд долларлық коммерциялық ке­лі­­сімдер жарияланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ре­сей Федерациясына ресми сапармен барып, жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды, ал Қытайға ресми сапар барысында ШЫҰ кеңейтілген самми­тіне қатысты. 

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Қа­зақстан Қауіпсіздік Кеңесін реформалау және бейбітшілікті қолдау механизмдерін жаң­ғырту бойынша ұсыныстар айтты. Аста­нада VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті, Астана бейбітшілік декларациясы қабылданды. Astana International Forum, Digital Bridge 2025 және Astana Think Tank Forum Астананың ха­­лықаралық диалог орталығы ретіндегі статусын нығайта түсті.

Жаһандық бастамалар

2025 жыл Қазақстанның сыртқы саяса­тында жаңа кезең ретінде ерек­ше­ленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай Ын­ты­мақтастық Ұйымы алаңдарында көтерген бас­тамалары елдің халықаралық процестер­дегі рөлін қайта айқындады. Бұл ұсыныстар жекелеген дипломатиялық қадам емес, жаһандық басқару жүйесін жаңғыртуға ар­налған көзқарасты көрсетті.

2025 жылғы басты халықаралық баста­малардың бірі – БҰҰ жүйесін, әсіресе Қауіп­сіздік кеңесін реформалау жөніндегі Қазақ­стан­ның ұсынысы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін Азия, Африка, Латын Америкасы және Таяу Шы­ғыстың жетекші елдері есебінен кеңей­туді көздейтін кешенді тәсіл ұсынды.

Бұл бастаманың өзегінде орта держава­лар­дың рөлін күшейту идеясы тұр. Қазіргі халықаралық қатынастарда ірі державалар арасындағы келіспеушілік шиеленісе түс­кен жағдайда, дәл осы орта деңгейдегі ел­дер тұрақтандырушы фактор бола алады. Қа­зақстан осы арқылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі­нің өкілдік сипатын арттырып, шешім қа­был­дау тетіктерін күшейтуді мақсат етеді.

Қазақстанның бастамасымен 2026 жыл­ Орнықты даму мақсаттары үшін Ха­лықаралық еріктілер жылы болып жария­лануы – елдің жаһандық әлеуметтік күн тәртібіндегі орнын айқындайтын маңызды қадам. Президенттің айтуынша, еріктілер қозғалысы қоғамды біріктіретін әрі эко­ло­гиялық, әлеуметтік және гуманитарлық мә­селелерді шешуге қабілетті пәрменді ресурс­қа айналып отыр.

Қазақстан 2025 жылы ядролық қарусыз­дану мәселесінде де бұрынғы ұстанымында қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЯҚТШ мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың әлеуетін кү­шейту үшін келіссөздерді қайта жандан­дыру­ға шақырды. Сонымен қатар БҰҰ аясын­да биологиялық қауіпсіздік жөніндегі тұ­рақ­ты халықаралық орган құруды ұсынды. 

2025 жылы Қазақстан бастамасымен Ал­матыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жө­ніндегі өңірлік орталығын құру туралы ре­золюцияның қабылдануы – дипломати­я­лық тұрғыдан маңызды жетістік. Бұл орта­лық өңірдегі жобаларды үйлестірумен қатар, Ауғанстанды экономикалық және гу­ма­ни­тарлық процестерге тартуға мүмкіндік бере­ді. Президент атап өткендей, кейінгі бес жыл­да Орталық Азиядағы ішкі сауда көлемі екі есеге өсіп, 10 млрд АҚШ долларына жет­ті. Бұл өңірдің «біртұтас әрі тәуелсіз» ойын­шы ретінде қалыптасуына негіз қалай­ды. Сонымен бірге Алматыда климат және жа­сыл энергетика мәселелері бойынша өңір­лік жобалық офис ашу туралы ұсыныс айтылды.

Қазақстанның 2026 жылы өңірлік эко­логиялық саммит өткізу туралы бастамасы кли­маттың өзгеруі, су ресурстары және жа­сыл­ энергетика саласындағы үйлесімді саясатты қалыптастыруға бағытталған. Сам­миттің БҰҰ және халықаралық қаржы инс­титуттарының қатысуымен өтуі эко­ло­гиялық мәселелерді нақты шешімдер дең­гейіне шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Каспий мен Арал теңіздерін сақтау мәсе­лесін халықаралық деңгейге көтеру, Арал теңізі мен Әмудария және Сырдария өзен­дерінің халықаралық күні туралы ше­шім – экологиялық проблемалардың жаһан­дық маңызын айқындайды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 25-саммитінде Қазақстан жоғары техно­ло­гиялар мен цифрландыруды стратегиялық басымдық ретінде ұсынды. Жасанды интел­лект бойынша Эксперттік форум құру, 2027 жылы Қазақстанда алғашқы халықаралық ШЫҰ конференциясын өткізу және су ре­сурстары жөніндегі ғылыми орталық ашу ел­дің технологиялық күн тәртібін айқын көр­сетеді. Президенттің бағалауынша, ал­да­ғы жылдары жасанды интеллект нарығы бір­неше триллион долларлық көлемге жетуі мүм­кін. Осы тұрғыда Қазақстан ШЫҰ шең­берінде цифрлық ынтымақтастықты кү­шей­туді ұсынып отыр.

Жаңа Жібек жолы

Биыл Қазақстан Орталық Азиядағы тран­зит хабы ретінде халықаралық күн тәр­тібінде жиі қарастырылып, жиі атала бас­тады. Достық – Мойынты екінші теміржол же­лісінің іске қосылуы елдің транзиттік әлеуе­тін жаңа деңгейге көтерді. Өткізу қабі­ле­ті тәулігіне 12 пойыздан 60 пойызға дейін өсті. Бұл Қазақстанның тек транзиттік ай­мақ ретіндегі емес, континентальды жүк­тер­дің белсенді қатысушысы ретіндегі рөлін күшейтті. 
Қазір Қазақстан аумағы арқылы бес ха­лықаралық теміржол дәлізі өтеді. Олардың қа­тарында Қытай – Еуропа бағытын жал­ғай­тын Транскаспий халықаралық көлік бағы­ты, Сол­түстік–Оңтүстік (Ресей – Түрікмен­стан – Иран) және Солтүстік дәліз (Қытай – Ресей – Еуропа) бар. Кейінгі бес жылда транзит кө­лемі 2020 жылғы 21,8 млн тоннадан 2024 жы­лы 27,4 млн тоннаға дейін өсті, ал кон­тей­нерлік тасымалдар 37 пайызға артты. 2025 жылдың он айында транзит көлемі 24,9 млн тоннаны құрап, жыл қорытындысы бойын­ша 31-33 млн тоннаға жетеді деп кү­тілу­де. Ұзақмерзімді перспективада, 2035 жыл­ға қарай, транзиттік ағынды 100 млн тон­наға дейін жеткізу мақсаты қойылған.

Ішкі саясат

2025 жылы ішкі саясатта да айтарлықтай оқи­ға көп болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары елдің басқару моде­лін жаңғыртуға, институттардың тиімділігін арттыруға және ұлттық дамудың ұзақмер­зім­ді бағдарын айқындауға бағытталды. Бұл үр­дістер цифрлық трансформациядан бас­тап, сот жүйесін реформалауға және аумақ­тық дамудың жаңа модельдерін қалыптас­тыру­ға дейінгі кең ауқымды қамтыды.

Қыркүйектің басында Мемлекет басшы­сы «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» атты жыл сайынғы Жол­дауын жариялады. Құжатта жасанды интел­лект пен цифрлық технологиялар экономи­ка­ның ғана емес, мемлекеттік басқару жүйе­сінің, әлеуметтік саясаттың және адами к­апиталды дамытудың негізгі қозғаушы кү­шіне айналатыны атап өтілді. Жолдау цифрландыруды жекелеген салалық рефор­ма ретінде емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық фактор ретінде қарастыруымен ерекшеленді. 

2025 жылы Ақмола облысындағы «Бура­бай» курорттық аймағында өткен Ұлттық құрыл­тайдың IV отырысы ішкі саяси диалог­тың маңызды алаңына айналды. Екі күнге созылған талқылау барысында әлеуметтік-экономикалық даму, құқық үстемдігі, тіл сая­саты, діни келісім және азаматтық қоғам инс­титуттарын нығайту мәселелері қамтыл­ды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрыл­тай барысында институционалдық тұрақ­ты­лық пен ұлттық бірегейлікті сақтау өзара ты­ғыз байланысты екенін атап өтті. Бұл форум мемлекет пен қоғам арасындағы ұзақ­­мерзімді келісімнің мазмұнын ай­қын­дауға бағытталған саяси платформа ретінде көрінді.

8 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Парламентті реформалау мәселесін көтеріп, бір палаталы модельге көшу мүм­кін­дігін қоғамдық талқылауға шығаруды ұсын­ды. Бұл бастама өкілді биліктің тиім­ді­лігін арттыру және заң шығару үдерісін же­делдету қажеттілігінен туындап отыр. Рефор­ма «Күшті Президент – ықпалды Пар­ла­мент – есеп беретін Үкімет» қағидатын сақ­тай отырып, билік тармақтары арасын­дағы тепе-теңдікті жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Мұнда басты назар демократиялық бақылауды әлсіретпей, басқарушылық тиімділікті арттыруға аударылған.

2025 жылы Президенттің Жарлығымен ел­дің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құн­дылықтары мен басым бағыттары бекі­тілді. Құжатта заң үстемдігі, қоғамдық тәр­тіп, «еститін мемлекет» қағидаты, инклю­зив­тілік және әлеуметтік бірлік негізгі бағдар ре­тінде белгіленді. Бұл Жарлықтың саяси маңы­зы – идеологиялық ұстанымдарды инс­титуционалдық деңгейде бекітіп, мем­ле­кеттік бағдарламалар мен реформалар үшін ор­тақ нормативтік негіз қалыптастыруы. Осылайша, ішкі реформалардың сабақтас­ты­ғы мен үйлесімділігі қамтамасыз етіледі.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақ­стан­да кассациялық соттар жұмысын бас­та­ды. Бұл өзгеріс Жоғарғы соттың жүк­темесін азайтып, сот актілерінің сапасын арт­тыруға және азаматтардың әділ сотқа қол­жетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Кас­сациялық сотының енгізілуі құқық үстем­дігін нығайту жолындағы институцио­налдық реформаның жалғасы ретінде баға­ланады.

2025 жылғы қыркүйекте Президент Ала­тау қаласына ерекше әлеуметтік-экономи­ка­лық даму аумағы мәртебесін беру туралы Жар­лыққа қол қойды. Бұл шешім қаланы іс­керлік белсенділік пен инновациялық да­му­дың стратегиялық орталығы ретінде қа­лыптастыруды көздейді. Алатаудың жаңа мәр­тебесі өңірлік дамудың теңгерімді мо­делін қалыптастырып, экономикалық өсім­нің жаңа нүктелерін ашуға бағытталған.

Заңдағы өзгерістер

2025 жылы заңға бірқатар өзгеріс енді. Олардың қатарында қосылған құн салы­ғы­ның өсуі, тіркеу шегінің төмендеуі және жаңа акциздердің енгізілуі көзделген жаңа Са­лық кодексі, тұрғын үй заңнамасын ре­фор­малау тетігінің жаңартылуы, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы оңтайландыру, сондай-ақ кассациялық соттардың іске қо­сылуы бар. Бұл өзгерістер Қазақстан заң­на­масын азаматтар үшін неғұрлым қолайлы, ашық әрі қазіргі заманның талаптарына жауап беретін жүйеге жақындатуға бағыт­талған.

2025 жылғы 10 қаңтарда Әкімшілік құ­қық­бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер азаматтардың тікелей сезінген алғашқы реформаларының бірі болды. 13 наурыздан бастап бірқатар айыппұл мөлшері қайта қаралды. 

2025 жылғы 9 сәуірде қабылданып, 10 мау­сымда күшіне енген жаңа Су кодексі аза­мат­тарға өзен-көлдерге еркін кіруге рұқсат бер­ді, тіпті олар жеке кәсіпкерге жалға беріл­ген аумақта орналасса да, халық тегін әрі ер­кін кіре алады. Әрине, дау-дамай әлі де бар, бір­ақ құқықтық негіздің нақты жазылуы – уа­қыт өте келе қалыптасатын құқықтық мә­дениеттің іргетасы.

24 мамырда күшіне енген тұрғын үй реформасы әлеуметтік әділеттілік мәселесіне тікелей әсер етті. Мемлекет азаматтарды са­наттарға бөлуден бас тартып, соңғы бес жылда баспанасы болмаған барлық мұқтаж адам­дар үшін бірыңғай кезек енгізді. Жылдар бойы жылжымай тұрған кезек енді шын мәнінде қозғала бастайды деген үміт бар. 

2025 жылғы шілдеден бастап кейбір ұлт­тық парк аумақтарындағы жерлерді ерек­ше жағдайларда жеке меншікке беру мүм­кіндігі пайда болды. Бұл норма бірден пі­кірталас туғызды. Алайда заң логикасы эко­логияны құрту емес, керісінше, реттеу жә­не жауапты пайдалануға жол ашу. Егер бел­гілі бір нысан ұлттық парк құрылғанға дейін болған болса, оны рекреациялық не­месе сауықтыру мақсатындағы жер са­на­ты­на ауыстыруға мүмкіндік берілді.

2025 жылы қабылданған жаңа Салық ко­дексі 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Алай­да ондағы ең әлеуметтік маңызы бар нормалардың бірі – барлық зейнетақы тө­лемдерін жеке табыс салығынан босату. Енді тек бюджеттен төленетін емес, жинақтаушы зейнетақы қорларынан және зейнетақы ан­нуитеттері бойынша алынатын төлем­дерден салық салынбайды. Сонымен қатар ескі авто­көлік иелері үшін көлік салығының тө­мен­деуі де тұрмыстық шығынды азайтатын нақты жеңілдікке айналды.

1 қыркүйектен бастап әкімшілік құқық бұзған азаматтарға айыппұл немесе қамау­дың орнына қоғамдық пайдалы еңбекпен өтеу мүмкіндігі берілді. Маңыздысы – мұн­дай жұмыс тек азаматтың келісімімен ғана та­ғайындалады. Яғни, бұл міндет емес, таң­дау.
16 қыркүйектен бастап Қылмыстық ко­дексте мәжбүрлеп некеге тұрғызу дербес қыл­мыс ретінде бекітілді. Бұл норма Қазақ­станның зорлық-зомбылыққа қарсы қағида­тын заң жүзінде нығайтты.

2025 жылдың аяғында Қазақстан Еу­ро­одақ­тан кейін жасанды интеллект туралы жеке заң қабылдаған екінші юрисдикцияға ай­налды. Заң 2026 жылы күшіне енеді, алай­да қазірдің өзінде ЖИ арқылы жасалған кон­тентті таңбалау, дипфейктерге жауап­кер­шілік енгізу секілді нормалар ақпараттық қауіп­сіздікке негіз қалап отыр.

Экономика

2025 жылы Қазақстан экономикасы жаһан­дық тұрақсыздық жағдайында сер­пінді өсім көрсетіп, құрылымдық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. Макроэкономикалық дең­гейде 2025 жыл соңғы он жылдағы ең жо­ғары нәтижелердің бірімен есте қалды. Қаң­тар-қазан айларында нақты жалпы ішкі өнім­нің өсімі 6,4 пайызға жетті. Әсіресе, кө­лік пен қоймалау логистикасының қар­қын­ды дамуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кү­шейтіп, елдің халықаралық байла­ныс­та­рын арттырды. Құрылыс саласындағы ірі инф­рақұрылымдық жобалар да жалпы эко­номикалық серпінге елеулі үлес қосты.

Инвестициялық белсенділік те айтар­лық­тай өсті. 2025 жылдың тоғыз айында не­гізг­і капиталға салынған инвестициялар 13,5 пайызға артты. Қаражаттың басым бөлі­гі құрылыс нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталды, ал негізгі қаржыландыру көзі ре­тінде компаниялардың меншікті қара­жа­ты алдыңғы орынға шықты. Бұл бизнестің іш­кі сенімі артқанын білдіргенімен, инвес­ти­ция құрылымында технологиялық жаңару­ға жауап беретін жабдық үлесінің әлі де төмен болуы белгілі бір тәуекелдер сақ­та­лып отырғанын аңғартады.

Соған қарамастан, өңдеу өнеркәсібіндегі ин­вестициялық серпіліс ерекше назар аудар­тады. Бұл салада капитал салым­дары­ның өсімі 30 пайыздан асты. Машина жасау, ме­талл өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіп ба­ғыт­тарына салынған инвестициялар елдің тех­нологиялық базасын күшейтті. Ресей, Ни­дерланд, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қы­тайдан келетін шетелдік капитал жаңа өн­дірістік тізбектердің қалыптасуына жол ашты.

Экономика тірегінің бірі шағын және ор­та бизнес те тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың күзінде елде 2,17 миллионнан ас­там белсенді ШОБ субъектісі тіркелді. Бұл бір жылда 6,4 пайыз өсім байқалды деген сөз. ШОБ-тың жалпы қосылған құндағы үлесі 38,6 пайызға жақындап, өңірлік дамудың не­гізгі драйверіне айналып отыр. Әсіресе, ірі қалаларда бұл сектордың аймақтық өнімдегі үлесі 60 пайыздан асады.
Цифрландыру экономикалық саясаттың өзегіне айналды. 2025 жылы іске қосылған eGov Business платформасы кәсіпкерлер үшін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптас­тыр­ды. Кәсіпорын туралы деректер, лицен­зиялар, филиалдар, цифрлық сенімхат және ондаған мемлекеттік қызметтің бір жүйеге біріктірілуі уақыт шығынын азайтып, қауіпті сейілтті.

Салалық тұрғыда көлік-логистика кеше­ні экономиканың ең жылдам дамыған ба­ғыт­тарының бірі болды. Он айдың қоры­тын­дысы бойынша сектордағы өсім 20 пайыздан асты. Транзиттік тасымал көлемінің ұлғаюы, теміржол, автокөлік және құбыр инфра­құры­лымының дамуы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық хабқа ай­налдыру стратегиясының іске аса бас­та­ғанын көрсетеді. Цифрлық декларациялау мен Digital Trade Corridor сияқты шешімдер логистикалық рәсімдерді едәуір жеңілдетті.

Индустриялық саясат аясында 2025 жы­лы өңдеуші кәсіпорындар мен машина жасау зауыттары іске қосылды. Жалпы, құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба жоспарланып, олар­дың басым бөлігі нақты іске асу кезеңіне өтті. Кейінгі үш жылда Қазақстанда бұрын өн­дірілмеген өнім түрлерінің шығарыла бас­тауы экономиканың сапалық трансфор­мациясын айқын көрсетеді.

Шикізат секторында да маңызды серпін бар. Теңіз кен орнын кеңейту жобасының то­лық қуатқа шығуы мұнай өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін жеткізді. Бұл Қазақ­стан­ға 2025 жылы мұнай өндіруді 10 пайызға жуық арттыру жоспарын мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік берді.
Экономикалық өсімнің ұзақмерзімді не­гізі ретінде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Жұмысшы мамандықтар жы­лы» аясында бірқатар маңызды қадамдар жа­салды.