Аңыз адам өмірден өтті

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan International Political Weekly

Қазақ аңыз тұлғасынан айырылды. Қазақ киносы мен театрының бет-бейнесіне айналған актер, Қазақ және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, әлемге танымал тұлға Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден озды. 

Алматы жұрты саналы ғұмырын қазақ руханиятының өркендеуіне арнаған бірегей тұлғамен қимай қоштасты. Асанәлі Әшімов бақытты ғұмыр кешті. Ол сомдаған бірегей бейнелер халықты ұлы өнерге ынтық етті. Ғұмыр-дарияның асау өткелдерінен өтіп, әр сәтін өнермен өрген актердің есімін ел ұмытпайды. Өзі сомдаған образдары арқылы мәңгілік жасай бермек.

Нүкетай МЫШПАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі:

Ол елін шексіз сүйетін

Асанәлі Әшімов – қазақтың біртуар ұлы ғой. Қазақ ұлттық консерва­тория­сын­да Асекеңмен бірге оқып, қазақтың тұң­ғыш кәсіби режиссері, профессор Асқар Тоқпановтың шәкірті болдық. 
Бұйра шашты, әдемі жігіт еді. Біз оны ауыл­дан келген жігітке ұқсатпайтынбыз, қала­да өскен азамат деп ойлайтын едік. Жүріс-тұрысы ширақ, сымбатты жігітке қыз­дардың көзі түспей тұра ма, бәрі оны жақ­сы көрді. Өмір көрген үлкен азамат сия­қты сезілетін. Сабақты жақсы оқыды.
Екінші курста кино мамандары Асе­кең­ді кино алаңына алып кетті. Сабақ беруге келген Асқар Тоқпанов ұстазымыз арамызда Асанәлінің жоқтығын байқап, «әлгі Асанәлі Әшімов деген красавчигіміз қайда?» деп сұрады. Бәріміз «оны фильмге түсіруге алып кетті» деп жамырай жауап бе­ріп жатырмыз. Асқар аға «а-а» деп күл­ді де қойды. Өзінің талантты шәкіртінің ки­ноға түскелі жатқанына қуанды. 
Ол театр мен кинода бірдей қызмет етіп, екеуінде де жақсы танылды. 1959 жы­лы бір топ жас театрға қабылдандық. Біз­ді сұрыптап, таңдап алды. Ол театрда көп­теген басты рөлді сомдады. Жас ак­тер болса да режиссерлардың бәрі оны сый­­­лайтын. Елге, гастрольдерге шық­қан­да ел алдымен Асекеңді іздейтін, өнер­сүйер қауым соның маңайына жиналып, сүйікті актерімен жүздескенін мәртебе са­найтын.
Асекең Шәкен Аймановтың қызы Май­раға үйленді. Театрға келген жас ак­тер­лерге үй бергенде көрші тұрдық. Май­ра керемет жақсы әйел еді. Ол кон­сер­ваторияның ән факультетінде оқыды, біз театр факультетінің студентіміз, қа­тар оқыған соң бір-бірімізді танимыз. Ол Асанәліні құлай сүйді. Әлі есімде, Майра бір күні маған келіп, «Мына хатты Асан­әліге беріңізші» деді. «Өзің бергенің дұрыс емес пе?» деп едім, «Сіздің  бергеніңіз дұ­­рыс» деп өтінді. Асекеңе хатты бер­ге­нім­де оқыды да, жылы жымиды. Бірақ еш­теңе демеді. Сөйтіп жүріп екеуі отау кө­терді. Керемет отбасы болды. Майра өте жақсы тәрбие алған адам ғой, ерінің қас-қабағына қарап, баладай мәпелеп күтті. 
Асанәлі қандай рөл болса да жанын салып ойнап, есте қаларлықтай образ жа­сайтын. Ғаламат еңбекқор адам. Сон­дықтан болар, жас актерлер сахнада кейіп­керінің сөзін ұмытып қалғанда: «Ай­татын сөзіңді есіңде сақтай алмай­тын болсаң, бұл жерге неге келдің?» деп қат­ты ұрсатын, жұмысына жүрдім-бар­дым қарайтындарды ұнатпайтын. Кейін өзі актер дайындайтын оқу орнында са­бақ берді. Көптеген талантты жасқа ұстаз­дық етіп, жолын ашты.
«Асанәлі Әшімов дүниеден өтті» де­генді естігенде қатты қиналдым. Оны та­нитындардың бәрі қиналды. Себебі он­дай тұлға күнде туа бермейді.
Оны соңғы сапарға шығарып салуға ха­лық көп жиналды, ұлы актерге ерен құр­метін көрсетіп, Абай атындағы опера жә­не балет театрының маңына сыймай кет­ті, түгел Алматы сол жерге көшіп кел­ген­дей болды.
«Тумақ хақ, өлмек хақ» демекші, өмір­ден көшпейтін адам бар ма? Бірақ кім­нің кім екені ақырғы сапарға аттан­ған­да көрінеді. Ол елін шексіз сүйетін, хал­қы да қатты құрметтейтіні азалы жиы­нында анық байқалды.
Ұлт өнерін биікке көтерген азамат­тың жатқан жері жайлы, топырағы тор­қа болсын.

Бекжан ТҰРЫС,
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Қазақ рухының биік бейнесі еді

Қазақ киносының  мэтрі, ұлттық мә­дениет пен өнердің  асқар тауына ай­налып, бір дәуірдің рухын арқалап өткен алып тұлға Асанәлі ағамыз да пәниден бақиға бет бұрды. Мыңдаған адамның жүре­гінде із қалдырған ұлы актердің кетуі өлімнің ақиқат екенін түсінетін са­налы жанның бәрін сең соққандай етті… 
Мынау мазасыз дүниеде безгек ти­ген­дей селкілдеп қалдық. Жүрек сыз­даға­ны­мен, жан мұздағанымен, ажалға қар­сы амалымыз жоқ. Қазақ киносының «Ал­тын қорына» өлмес рөлдер мен ше­бер­лік үлгісін қалдырған Асанәлі ағамыз өзі­нің өнері арқылы қазақ халқын әлемге танытты. Оның әрбір рөлі – сахна мен экрандағы шынайы адам тағдыры, қа­зақ рухының биік бейнесі еді. Өзіне тән өнері мен шеберлігі арқылы ұлттық мә­дениеттің қандай болатынын ұқтыра алды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Аса­нәлі ағаның өнері –  ұрпақтан-ұрпақ­қа жететін баға жетпес мұра. Өз дәуірін қапсыра «құшақтаған» күйі әрбір ойлы кө­рер­мен жүрегінің төрінде сақталады. Қай­таланбас өнерімен, тағдыры тарту еткен теперішін көтере алғанымен қа­зақ­тың есінде қалады. «Көреміз» бағ­дар­ламасының түсірілімінде бір апта бұрын ғана болып едік. Сонда: «Ана «Жармақты» барлық жерде қоюың керек. Сен өзіңді дә­лелдеп келесің ғой», – деген еді… Мақ­тау сөзді орынсыз айта бермейтін аға­ның ризашылық білдіргені деп қабыл­да­ғам. Бәлкім, аманаты… 
 Рухыңыз шат болсын, аға!

Азамат САТЫБАЛДЫ, 
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Мен өнердегі әкемнен айырылдым

Асанәлі ағамен алғаш кездескен сә­тім әлі есімде. Ол кісі бұрын өзі істеп кет­кен М.Әуезов театрына он екі жылдан кейін қайта оралған еді. Ол туралы күн­де­лігінде былай деп өзі де жазған: «Он екі жылдан кейін театрға келдім, тарты­на-тартына, қорқа-қорқа. Қалай қабыл­дар екен деп. Планировкада отырғаным­да ту сыртымнан мені екі көз жылы бір қам­қорлықпен құшақтағандай болды. Ол кім екен деп бұрылып қарасам, театр­ға жаңадан келген актер Азамат пен Наз­гүл екен. Сол кезде көңілім жылып, теат­рым мені қабылдады ғой деп ойла­дым» дейді. Біз оны білмейміз ғой, кейін өзі айтты. Содан бастап бізді жақын кө­ріп, бауырына тартты. 
Жылдар өте келе ол кісінің спек­такль­­­дерінде ойнадым, қасында жүрдім. Менің аяқ алысымды барлады, көптеген ес­кертпесін айтып, өсіруге тырысты. «Өнер­дегі балам» деп жылы сөзін аямады. Қам­қор болды. Бұл мен үшін үлкен мәр­тебе.
Өткенде жаңа кітабының тұсау­ке­се­ріне барғанда маған қолтаңбасын қойып, сыйлаған болатын. Үйге келіп қа­ра­­сам, «Өнерімнің жалғасындай бол­ған балам – Азаматқа» деп қолтаңба жаз­ған екен. Бұл сөз маған аманат секіл­ді сезілді. 
Ол кісінің алдында өзімді жинақы ұстауға тырысатынмын. Театрда қандай спектакльде ойнасам да, киноға түссем де бірінші сол кісінің көргенін қалайтын едім. Болашақта кітап жазар болсам, ұлы тұлғаның маған берген бағасын, айтқан сынын, ақыл-кеңесін жазатын боламын. Қай кезде не айтты, бәрі менің қойын дәп­терімде сақтаулы.
Асекең өзінің жүріс-тұрысымен, өмір сүру дағдысымен, ақыл-кеңесімен – бар­лық жағынан ұстаз болды. Өнер теңі­зінде адассақ алдымызда маяк секілді бағдар көрсететін біргей тұлға өмірден өтті. Біздің буын, тұтас жастар шоғыры алып тұлғадан айырылғанымызды сез­ген­де, есеңгіреп қалдық. Енді қайда бара­мыз, қалай жүреміз, бізге кім ақыл ай­та­ды дейміз. Өйткені алдымызда Асанә­лі­дей алып тұрғанда ештеңеден қам же­мей­тін едік. Адасамыз, қателесеміз деп қорық­пайтын едік. Аңыз тұлғаға әбден арқа сүйеп үйреніп кеткен екенбіз. Біз бейне қарлы боранда жол сорабынан ада­сып қалған жолаушыдай күй кешіп отыр­мыз...
Бұл кісінің өзі бір дәуір еді ғой. Аса та­лантты, қарым-қабілеті биік екенін біл­се де, асқақтамайтын, адам таңғалар­лық­тай қарапайым еді. Жұрт өзін ма­дақ­тап, мақтап, ұлы деп аспандатып жат­қан­да асып-таспайтын, «Мен ұлы емес­пін, ұлылардың сарқытын ішкен адам­мын» дейтін. «Қаллекидің, Серағаңның қа­сында жүріп, тәрбиесін көрген ізба­сары­мын. Нағыз ұлылар солар» дейтін. 
Әрине, өлмейтін пенде жоқ. Бірақ өлім­ге қимайтын, ел өнерінің аманатын ар­қалаған, елді тәрбиелейтін, өнердің кө­шін бастайтын осындай ұлы тұлғалар­дың ортамызда жүре бергенін қалайсың. Ұзақ өмір сүрсе дейсің. Бірақ тағдырға шара бар ма?!
Өз әкем 88 жасында дүниеден өтіп еді, өнердегі әкем – Асаналі Әшімов те сол жаста дүниеден озды. Асекеңнің жал­ғанды тәрк етуі жанында жүрген біз ғана емес, оның өнерін сүйетін халқы үшін де ауыр қаза. Сондықтан Асанәлі аға­ның спектаклін, киносын көрген, оны­мен таныс-біліс жандардың бәріне, жал­пы қазақ халқына қайғыра көңіл айта­мын. 
Қазақ деген халық бар да Асанәлі Әшімов деген ұлы тұлға ұмытылмайды.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген. 1954-59 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
Ол Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Транссібір эксп­ресі») және өзге де рөлдерімен қазақ киносының бет-бейнесіне айнал­ды.
Режиссер ретінде де Н.Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» секілді ондаған пьесаны сахналады.
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» – Керім, «Еңлік-Кебегінде» – Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Айшуақ, «Таңғы жаң­ғырығында» – Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодарды және өзге де ірі кейіп­кер­лерді сомдаған.

Тэгтер:

Асанәлі Әшімов