Биыл спортшылар халықаралық аренада 50-ден астам тарихи жетістікке қол жеткізді

Бүгін, 10:30 / Інжу Әлихан
olympic.kz

2025 жылы елімізде 135 спорт нысаны пайдалануға берілді, олардың басым бөлігі ауылды аймақтарды орналасқан. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2025 жылдың қорытындылау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол ірі жобалардың жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның ішінде Түркістандағы ескек есу арнасы және Қызылордадағы «Қайсар Арена» стадионы бар. Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысы жалғасып жатыр.

Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық қозғалыс жүйелі түрде дамып келеді. Алғаш рет заңмен «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдейтін адам» ұғымы бекітіліп, ерекше қажеттілігі бар спортшылардың қатысу мүмкіндігі кеңейді.

2025 жылғы маңызды бағыттардың бірі — халықаралық спорт ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту болды. Қазіргі таңда Қазақстанның 81 өкілі халықаралық және континенттік спорт федерацияларында жұмыс істейді. Бұдан бөлек, биыл елімізге 22 халықаралық спорт ұйымнан басшылар келді. Бұл еліміздің ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалғанын дәлелдейді.

Тұрақты түрдегі халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде 2027 жылы Қазақстанда үстел теннисі, дзюдо, стенд ату, бокс және джиу-джитсудан бес әлем чемпионатын өткізу туралы келісімдер жасалды. Бұл еліміздің халықаралық спорт алаңы ретіндегі сенімді әрі бәсекеге қабілетті мәртебесін одан әрі нығайтуда маңызды кезең болмақ.

 Сондай-ақ 2025 қазақстандық спортшылар халықаралық аренада 50-ден астам тарихи жетістікке қол жеткізді.

Министрдің айтуынша, биыл шорт-тректен ұлттық құрама Азия ойындарындағы алғашқы алтын жүлдені жеңіп алса, фристайл-акробатика мен семсерлесу спорт түрлерінен тұңғыш медаль бұйырды. Сонымен қатар дзюдо, бокс, көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау, садақ ату және парабиатлон бойынша жоғары нәтижелер тіркелді. «Қайрат» футбол клубы өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққанын айрықша атап өтуге болады.

Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда бокстан және фристайлдан Әлем кубогі кезеңдері, дзюдодан Grand Slam турнирлері, сондай-ақ бірқатар олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізілді. Бұған қоса, елімізде алғаш рет Азия Паралимпиялық комитетінің конференциясы мен Бас ассамблеясы ұйымдастырылып, Қазақстанның Азиядағы инклюзивті спорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.