Биыл 3 заң қабылданып, 5 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды – Оқу-ағарту министрлігі

Бүгін, 09:45 / Інжу Әлихан
Оқу-ағарту министрлігі

Биыл бала құқығын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру мен бақылауды күшейтуге айрықша басымдық берілді. Жылдың ең басты нәтижесі – 3 Заң мен 11 нормативтік құқықтық актінің қабылдануы. Сондай-ақ, бақылау шараларының арқасында 5000-нан астам баланың құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заңнамалық өзгерістер негізінен жетім балалардың қауіпсіздігіне және оларды тәрбиелеу жауапкершілігін алған азаматтарға қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталды.

2025 жылғы 10 ақпандағы Заңмен жетім балаларға тәлімгер болуға ниет білдірген азаматтарды міндетті сертификаттау енгізілді. Аталған рәсім қатаң тәртіппен жүзеге асырылады: үміткерлер тәлімгерлік ұйымдарында арнайы дайындықтан өтіп, оны міндетті тестілеумен аяқтайды. Тәлімгер сертификаты тек емтиханды сәтті тапсырғандарға ғана беріледі. Бұл талап бала жанында кездейсоқ адамдардың болуына жол бермей, олардың психологиялық қауіпсіздігіне кепілдік береді. Айта кетейік, бүгінде елімізде 360 мыңнан астам азамат жетім балаларға тәлімгер атанып отыр.

2025 жылғы 14 шілдедегі Заң аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік мекемелерге орналастыру тәртібі өзгерді. Енді қорғаншылық органдары баланы алдымен медициналық тексеруге жіберуге міндетті. Бала үш күн ішінде кешенді тексеруден өтеді. Бұл шара бала интернатқа түспей тұрып-ақ, оның денсаулығындағы кінәраттар мен зорлық-зомбылық іздерін анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, заңды өкілдерге қойылатын талаптар күшейтілді. 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы қауіпсіздік шараларын қатаңдататын заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, қорғаншылар мен асырап алушы ата-аналардың соттылығы пайда болса немесе олар психикалық денсаулық орталықтарында есепке алынса, бала тәрбиелеуден дереу шеттетіледі. Сондай-ақ, олар енді жыл сайын өздерінің сенімділігін растауға міндеттелді.

Заңнамалық реформалармен қатар, бала құқықтарын қорғау саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардың қызметіне 120-дан астам тексеріс жүргізілді. Осы шаралардың нәтижесінде жүйелі заң бұзушылықтар анықталып, 5000-нан астам баланың құқығы қалпына келтірілді және 40-қа жуық лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

«Жалпы 2025 жылы жұмыс бағыты талапты қатайтып, бала өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті күшейтуге негізделді. Бұл қабылданған шаралар бізге профилактикадан бастап сүйемелдеуге дейінгі әр кезеңде бала мүддесіне кепілдік беріп, оқиғаның салдарымен күресу емес, алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Саланы дамытудың алдағы стратегиясы «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында айқындалады. Құжатты 2026 жылдың қаңтарында бекіту жоспарланған.