Түркістанда қыз баланы қорлаған 14 жастағы жасөспірім 10 жылға сотталды

25 желтоқсан, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қыз балаға қарсы аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған 14 жастағы жасөспірімге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылғы 7 шілдеде айыпталушы көшеде кәмелетке толмаған қыз баланы жолықтырып, алдап, елсіз жерге алып барған. Сол жерде оның дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолдану арқылы зорлаған.

Мемлекеттік айыптаушы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі қатаң жаза тағайындауды және 20 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өндіруді талап етті. Айыпталушының өзі кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды — айыпталушының кәмелетке толмағанын, бұрын сотталмағанын және кінәсін ішінара мойындағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

2025 жылғы 23 желтоқсандағы сот үкімімен айыпталушы кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеу арқылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Айыпталушыдан жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына 8 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді», — делінген хабарламада.

Сотта мұндай қылмыстардың аса ауыр санатқа жататыны және құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екені атап өтілді. Үкім қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ және заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға жатады.

Тэгтер:

Түркістан облысы Жасөспірім зорлау