Алматыда жаңа жылдық Президент шыршасы өтті

Бүгін, 15:13 / Інжу Әлихан
Алматы әкімдігі

Алматыда «Жаңа жыл елімізді аралап келеді» атты дәстүрлі жаңа жылдық Президент шыршасы ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мерекенің басты қонақтары ретінде 300 бала шақырылды. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар, сондай-ақ оқу, спорт және шығармашылық салаларында жетістікке жеткен дарынды оқушылар бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алматы әкімі жас қонақтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке және армандарының орындалуын тіледі.

Балалар үшін артистердің, шығармашылық ұжымдардың және аниматорлардың қатысуымен мазмұнды мерекелік бағдарлама дайындалды. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға жаңа жылдық сыйлық табысталды.

Жаңа жылдық Президент шыршасы — балаларды қолдауға, оларға мерекелік көңіл күй сыйлауға және өскелең ұрпаққа деген қамқорлық пен айрықша назарды айқындайтын маңызды әрі игі дәстүр.