Шымкенттік байкерлер «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай мотошеруге шықты
Шымкенттік байкерлер «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай мотошеруге шықты
Оңтүстік Қазақстан облысының байкерлері кезекті маусымды мотошерумен бастады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған Шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сынды көршілес мемлекеттердің мотоциклистері арнайы келген. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап egemen.kz хабарлады.
Шымкент қаласының көшелерін аралап, «ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттаған автошабандоздар өздеріне тән ережелер мен қағидаларды жұрт назарына ұсынды. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы №3 жетім балалар үйіне арнайы барып, қайырымдылық шарасына атсалысты.
Оңтүстік Қазастан байкерлер федерациясының президенті Рүстем Базарбековтің айтуынша, 29 мамыр күні оңтүстікқазақстандық 10 байкер ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне республикалық мотошеру ұйымдастырмақ. Шымкент қаласынан бастау алатын мотошерудің мақсаты – ЭКСПО көрмесін республика жұртына кеңінен насихаттау.
«Мотошеру 29 мамырда Шымкенттен бастау алады. Біздің бұл идеямызға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Ең алдымен біз рухани астанамыз-Түркістан қаласына сосын Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалалары арқылы елорда да өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына кіріп барғалы отырмыз», - дейді Оңтүстік Қазастан облыстық мотоциклистер федерациясының президенті Рүстем Базарбеков.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында мотоспортқа қызығушылық танытып, байкер атанғандардың саны 300-ге жуықтайды. Олар жыл сайын облыстағы қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын ұстануға атсалысуда.