Ақмола облысындағы жаңажылдық мүсіндер тұрғындардың көңілінен шықпады

Бүгін, 07:46 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Ақмола облысының Степногор қаласындағы түрі ұсқынсыз Ақша қар мен жартылай қисайған Аяз Ата мүсіні тұрғындардың көңілінен шықпады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Жергілікті билік бұл мүсіндерді орнату үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбегенін айтады. Халыққа жаңажылдық көңіл күй сыйлау үшін әкімдік алдымен мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жүргізген екен. Алайда мердігер компания келісім-шарт талаптарын орындамай, шенеуніктерді жерге қаратқан. Сөйтіп жергілікті кәсіпкер істі өз қолына алып, артық қылам деп, тыртық қылған көрінеді.

"Келісімшарт талаптары орындалмағандықтан, 19 желтоқсанда тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі мердігер компанияға келісімшартты біржақты бұзу туралы хабарлама жіберді. Жаңажылдық мүсіндерді орнату бойынша Степногор қаласы бюджетінен ешқандай қаражат жұмсалмады. Бұл мүсіндерді жергілікті кәсіпорын орнатты. Қазір олардың барлығын алып тастадық", - дейді Степногор әкімінің орынбасары Дархан Оспанов.