Жеті жасымда Бауыржан Момышұлының туған күніне бардым – Толқын Забирова

24 желтоқсан, 2025 / Өтей Торғайұлы

Әнші Толқын Забирова даңқты әскери басшы Бауыржан Момышұлының туған күніне қатысқан кезі жайында естелігін бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Бүгін — Бауыржан Момышұлы атамыздың туған күні. Аңызға айналған, ел рухының символы Ұлы Жеңіс батыры. Мен үшін бұл күн ерекше.
Себебі бала күнімде — шамамен 7–8 жасымда — тағдыр маған сирек бұйыратын бір үлкен бақ сыйлаған. Ол Бауыржан атамыздың туған күніне қатысу мүмкіндігі.  Бұл да әрине, менің нағашы әжемнің арқасы. Әжем — өзі өте шығармашыл, мінезі берік, білімге құштар жан еді. Осындай қасиеттері үшін оны Бауыржан атамыздай ұлы тұлғалар ерекше құрметтейтін. Сол күн әлі есімде - үлкен зал, ұзын дастархан, айналасында елге белгілі азаматтар. Біз кірген сәтте Бауыржан атамыз орнынан тұрып, әжемді қарсы алып, қолынан ұстап, өзі отырған төрге дейін шығарып салды да, қасына отырғызды. Мен де әжемнің жанында отырдым. Әжемнің Бауыржан атаға арнап жазған өлеңі бар еді, соны сөмкесіне салып қоюымды өтінген болатын, бірақ бала көңілмен оны мен ұмытып кеткен едім. Сонда да әжем абдырап қалмады — өзінің терең білімі мен суырыпсалма талантының арқасында сол жерде-ақ жүректен шыққан жырын оқып берді. Залда отырғандардың бәрі қол соғып, риза болғаны әлі күнге дейін көз алдымда", - деп жазды Т. Забирова.

Сондай-ақ ол өткен күндерді сағынатынын жасырмады.

"Бүгін сол сәттерді үлкен сағынышпен еске аламын. Бауыржан Момышұлы атамыз өмірден өтсе де, оның ерлігі, рухы, өнегесі — мәңгі. Бүгінгі бейбіт өміріміз, еркін болашағымыз — осындай батырлардың арқасы. Ұлы тұлғалар ұмытылмайды. Еліңіз сізді әрдайым құрметпен еске алады", - деді әнші.

Тэгтер:

әнші Толқын Забирова