Қазақстанда теледидар көру көрсеткіші 20 пайызға өсті – зерттеу

Бүгін, 19:04 / Дана Ізтілеуова
Ашық дереккөзден

Қазақстанда теледидар көру айтарлықтай артты. Соңғы зерттеулерге қарағанда, ел бойынша теледидар аудиториясы 21% өскен. Бұл өсімнің негізгі бөлігі шағын қалалар мен ауылдардың еншісінде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматыда Ұлттық медиа қауымдастығының жылды қорытындылаған жиыны өтті. Сол жерде 2025 жылға арналған зерттеу нәтижелері мен шағын қалалар мен ауылдардағы теледидар көрерменін өлшеу бойынша жүргізілген сынақ жұмыстарының қорытындысы жарияланды.

Биыл қазан айынан бастап Ұлттық медиа қауымдастығы K Research Central Asia компаниясымен бірге теледидар көруді өлшеудің аясын кеңейтті. Осылайша, бұрын тек халқы көп қалалармен шектеліп келген зерттеуге алғаш рет ауылдар мен шағын қалалар да кірді. Бұған дейін теледидар көрсеткіштері тек 100 мыңнан астам тұрғыны бар 21 қалада ғана есептелетін.

Зерттеу теледидардың әлі де ел ішіндегі ең ықпалды ақпарат көздерінің бірі екенін көрсетті. Әсіресе өңірлерде теледидардың орны бөлек. Шағын қалалар мен ауыл тұрғындары күніне орта есеппен 198 минут теледидар көреді. Бұл ірі қалалардағы көрсеткіштен 21 минутқа артық. Ал үлкен қалаларда халық теледидарға күніне орта есеппен 177 минут бөледі.

Отандық телеарналардың көрермені де өңірлерде әлдеқайда көп. Шағын қалалар мен ауылдардағы орташа тәуліктік көрсеткіш ірі қалалармен салыстырғанда 40 пайызға жоғары. Соның нәтижесінде ел бойынша теледидар көрерменінің жалпы саны артқан.

Күн сайын теледидар қарайтындардың үлесі де өңірлерде басым. Ауылдар мен шағын қалаларда халықтың 44% теледидарды күнде көреді. Ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш 35% шамасында. Жалпы республика бойынша күнделікті қамту деңгейі 40% жетіп отыр.

Зерттеу тағы бір маңызды жайтты көрсетті: теледидардың жас көрермені бүгінде өңірлерде қалыптасып келеді. Шағын қалалар мен ауылдарда 18–24 жас аралығындағы жастар теледидарды белсендірек көреді. Бұл топтың үлесі 27%. Ал ірі қалаларда теледидарды негізінен 45 жастан асқан көрермендер көбірек қарайды.

Сонымен бірге өңірлерде теледидарды қазақ тілінде көретіндердің үлесі басым. Ауылдар мен шағын қалаларда көрерменнің 82% қазақ тіліндегі контентті таңдайды. Ал үлкен қалаларда бұл көрсеткіш 59% құрайды.

Ұлттық медиа қауымдастығының Байқау кеңесінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, қазір теленарықтағы жаңа үрдістерді аймақтар қалыптастырып отыр. Жас, тұрақты әрі белсенді көрермен дәл осы өңірлерде өсіп келеді. Сондықтан телеарналар арасындағы бәсеке де сол жаққа ойысып жатыр

Зерттеу аумағының кеңеюі бүкіл медиа саласы үшін маңызды. Бұл телеарналардың жұмысын ел көлемінде әділ бағалауға, өңірлердегі көрерменнің шынайы әдетін ескеруге және халық сұранысына сай мазмұн ұсынуға жол ашады

Тэгтер:

Теледидар