34 жыл бойы тырнағын алмаған суретші Гиннестің рекордтар кітабына енді

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: guinnessworldrecords.com

Вьетнамның Намдинь провинциясында тұратын суретші Люу Конг Хуен адам мүмкіндігінің шексіз екенін тағы бір дәлелдеді. Ол тырнақ өсіруді жай әдет емес, өмір салтына айналдырған жан. Guinness World Records оны ең ұзын тырнақ иесі ретінде ресми түрде тіркеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Хуен 34 жыл бойы тырнағын алмаған. Нәтижесінде олардың жалпы ұзындығы 594,45 сантиметрге жеткен, бұл ересек жирафпен шамалас болады. Сол қолының тырнағы 388,85 см болса, оң қолының тырнағы – 205,6 см. Өлшеу процесі де оңай болмаған: Guinness World Records бас редакторы Крейг Глендейдің айтуынша, әрбір ирек пен бұрылысты жіппен өлшеп, кейін ғана өлшеу таспасымен салыстыруға тура келген.

Хуен – суретші. Ол адамдардың үйлерінің қабырғасына мурал салады.

Оның бұл таңдауының да өзіндік тарихы бар. Әкесінің жолын қуып, шаман болуды қалаған Хуен тырнақтарын «айбындырақ көріну» үшін өсіре бастаған. Кейін әкесі бұл жолды таңдамауға кеңес бергенімен, ол тырнақ өсіруді тоқтатпаған. Ақырында, бұл шешім оны әлемдік рекорд иесіне айналдырды.

Guinness World Records бұл жетістікті биыл қаңтар айында ресми түрде растады.

Тэгтер:

суретші рекорд Гиннесс тырнақ