Мемлекет басшысы Ақордада өткен Астананы дамыту жөніндегі кеңесте коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызына тоқталды. Төртінші ауыз су станциясы межелі мерзімде салынуы керектігін де нақтылады.
«Көші-қон қарқынының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады. Бірнеше жыл бұрын елордада ауыз судың тапшылығы сезілді. Оның сапасына қатысты сын айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі станциялары салынып жатыр. Олардың кейбірі пайдалануға берілді. Елдің бас қаласын сумен тұрақты қамтамасыз ету – техникалық міндет қана емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмайды, барлығын алдын-ала ойластырып, уақтылы жасау қажет. Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылып, ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асқанын айтты.
«Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе. Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі – кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ.
Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек», – деді ол.