Энергетикалық сусындар қан қысымын көтереді

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Энергетикалық сусындар сергектік сыйлайтын қарапайым өнім сияқты көрінгенімен, қаупі біз ойлағаннан әлдеқайда зор болуы мүмкін. Ғылыми деректер бұл сусындардың жүрек-қантамыр жүйесіне қысқа мерзімде-ақ кері әсер ететінін көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz health.mail.ru-ға сілтеме жасап.

Энергетикке қанттың бірнеше түрі, кофеин, таурин, L-карнитин, түрлі витаминдер мен өсімдік экстракттары қосылады. Алайда негізгі қауіп үш компоненттен келеді. Біріншісі – кофеин. Бір банка энергетикалық сусында оның мөлшері 500 мг-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл бір шыны кофе құрамындағы кофеиннен бес есе көп. Екіншісі – қант. Үшіншісі – «энергетикалық қоспа» деп аталатын таурин мен басқа аминқышқылдары, олар көбіне өте көп қосылады.

Зерттеулер энергетик ішкеннен кейін небәрі бес минут ішінде қан қысымы 12-14 мм-ге көтеріліп, жүрек соғысы орта есеппен минутына 12 ретке жиілейтінін көрсеткен. Бұл көрсеткіштер шамамен бір жарым сағаттан соң қалпына келгенімен, қан тамырларының ішкі қабаты, яғни эндотелийдің қызметі бұзылған күйінде қалады. Эндотелийдің зақымдануы тамырлардың кеңею қабілетін төмендетіп, ұзақ мерзімді жүрек ауруларының қаупін арттырады.

Тағы бір алаңдататын фактор – тромбоциттердің жабысқақтығы. Бұл қан ұйындысының түзілу қаупін күшейтіп, инсульт пен инфаркт ықтималдығын арттырады. Әсіресе энергетикті ауыр физикалық жүктемемен бірге қолдану жүрек тоқтауына дейін апаратын қатерлі жағдайларға әкелуі мүмкін.

Энергетикалық сусындар жүйке жүйесіне шамадан тыс салмақ түсіріп, жүрек-қантамыр аурулары мен артық калория тұтыну қаупін арттырады. Қысқа уақыттағы сергектік болашақта денсаулыққа қатты зиян келтіретінін мамандар ерекше ескертеді.

Тэгтер:

энергетикалық сусын қауіп