Мемлекет басшысы Астананы дамыту жөніндегі кеңесте қаладағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту маңызды. Қалада сапалы және қолайлы инфрақұрылым болуға тиіс. Биыл Астананың көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттағы іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру керек. Қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керек. Азаматтар жолдың сапасы нашар екенін айтып, жиі шағымданады. Қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты мәселелер де бар. Келеңсіз жайттар Астананың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қоғамдық көліктер ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы болуы керек және уақтылы жүруге тиіс. Жеке көліктен гөрі автобуспен жүрудің тиімді болғаны жақсы. Сондықтан қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет», – дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдады.
«Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Бұған қоса, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруы керек», – дейді Президент.