Астанада 150 ғимараттың қасбеті жаңартылады – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, 17:19 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Мемлекет басшысы Астананы дамыту жөніндегі кеңесінде елорданы абаттандыру ісіндегі оң өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады.

Жалпы, соңғы екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді.

Бұл өте жақсы. Мұны елорда тұрғындары оң бағалап отыр.

Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі кезекте елордада тұратын және шаһарға қонаққа келетін Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Осы істі Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті жіті бақылағаны жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай Президент Астана тек орталық көшелері айнадай жарқырап тұратын қала болмауға тиіс екенін айтты. 

«Шеткері аудандарға да көңіл бөлу керек. Қаланы безендіру жұмыстарына бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады.

Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің басын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабылдаймын. Түптің түбінде, Отанды сүю – ортақ борыш. Сондықтан оң жағалаудағы сауда, өнеркәсіп орамдары мен тұрғын үй алаптарын жаңарту жұмыстарын жандандырған жөн.

Көріктендіру мәселесі азаматтарды әрдайым толғандырады. Бұл – түсінікті, сондықтан олардың осылай айтуға қақысы бар. Дегенмен әкімдік те елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан жоғары мәдениетті талап етуі керек», - деді Президент.