Президент озық шешімдерді енгізуде Жапония тәжірибесіне назар аударуға шақырды

Бүгін, 17:11 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық. Бұл туралы Президент Астананы дамыту жөніндегі кеңесінде айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керек.

Менің өткен аптада Жапонияға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сапар кезінде Токио губернаторымен кездестім. Түрлі салада ынтымақтастық орнатуға келістік, цифрлық технологияларға ерекше назар аудардық.

Токиодағы Smart City жобасымен таныстық.

Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық», - деді Қ. Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды.

«Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды.

Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады.

«Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын.

Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек»», - деді Қ. Тоқаев.