2025 жыл ерлік пен жанқиярлық жылы ретінде ел жадында қалмақ. Қиын сәтте тосылып қалмай, өзгенің өмірін арашалап, қауіптен тайсалмай қадам жасаған азаматтар аз болған жоқ. Олардың кейбірі кәсіби міндетін атқарса, енді бірі адамдық парызын бәрінен биік қойды. Ерлігі елеусіз қалмай, ел алғысына бөленген жыл қаһармандары кімдер?
Ұшақтағы ерлік: Адам өмірін сақтап қалған студент
10 қаңтарда Қызылорда-Астана рейсінде жолаушылардың бірі есінен танып қалғанын байқаған жігіт ойланбастан орнынан тұрып, шұғыл түрде көмек көрсеткен. Ол – Астана медицина университетінің студенті Дінмұхаммед Бектұрған еді. Болашақ дәрігер дереу бірден реанимациялық шараларға кірісіп, қысымын өлшеп, жасанды массаж жасап, науқасты ұшақ қонғанша жолаушыны бақылауда ұстап, аман алып қалған.
Дінмұхаммед Бектұрғанға шұғыл медициналық көмек көрсеткені және адам өмірін сақтап қалғаны үшін Денсаулық сақтау министрінің атынан Құрмет грамотасы табыс етілді. Ведомство басшысы Дінмұхаммедтің тәлімгерлеріне болашақ дәрігерлерді даярлауға қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, оған маман ретінде кәсіби биіктерге қол жеткізуді тіледі.
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та Дінмұхаммедтің ата-анасымен кездесіп, оның жас болса да, шұғыл әрі батыл әрекет жасағанына ризашылығын білдірді. Әрі баласына жақсы тәлім-тәрбие бергені үшін ата-анасына алғысын жеткізді.
Интерн маман оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлаған. Аймақ басшысы елдің атынан алғыс ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын толығымен төлеуге қолдау білдіретінін айтты.
Әуежай қызметкерін қаскөйден құтқарған тұрғын
Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алып, пышақпен қорқытқан ер адамнан айласын асыра білген Мұса Әбдірайымның ерлігі ел аузында жүр.
Оқиға 7 наурызда Алматы әуежайында болды. Ұшуға билеті жоқ болса да, Алматы халықаралық әуежайының ұшуға дейінгі тексеру аймағына кіргісі келіп, әйел қызметкерді кепілге алып, пышақпен қорқытып, байбалам салған. Әуежайға туыстарын шығарып салуға келген Мұса Әбдірайым мұны байқап қалып, қаскөйден қызметкерді босатып, өзін кепілге алуға ұсынады. Бірер минуттан соң шапшаң қимылдап қаскүнемнің қолындағы пышақты тартып алып, полиция қызметкерлеріне ұстап береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз өмірін өлімге тіккен Мұса Әбдірайымның батылдығын ерекше атап өтіп, «Ерлігі үшін» медалімен наградтады.
Кейін «Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов әуежайда қылмыскерді тізе бүктіріп, әйел қызметкерді аман алып қалған Мұсаның ағасы екенін мәлім етті.
Жыл соңында Ұлттық зерттеу орталығының жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша Мұса Әбдірайым «Жыл адамы» ретінде танылды.
Ит талаған 10 жастағы баланы құтқарған қария
30 маусым күні Алматы облысы Алмалыбақ ауылындағы алаңда балалар футбол ойнап жүргенде үш ит ішке кіріп кеткен. Балалардың көпшілігі қашып үлгергенімен, 10 жастағы Максим Головачевке алаңда қалып қойып, екі овчарка мен бір питбуль оған тап беріп, талай бастаған. Сол маңайда жүрген ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев алаңға жүгіріп келіп, дереу араша түсіп, бәкісімен екі итті жайратып салған.
Десе де бала Максимнің жарақаты ауыр, үш ит құлағын жұлып, сан етін тістеп тастаған. Бала ауыр халде аурухананың жан сақтау бөліміне түсті.
Серікбек Сақайбаевтың ерлігі ел ішінде кеңінен талқыланып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қарасай ауданы әкімдігі оны алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық марапаттады. Кейін аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков те арнайы үйіне барып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды.
Құдыққа құлаған қызды құтқармақ болған бапкер
38 жастағы еркін күрестен жаттықтырушы, алты баланың әкесі Нұрбол Бердіғалиев 9 жастағы қызды құтқарамын деп өзі бақилық болды.
Оқиға 17 маусым күні Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарлы ауылындағы үйдің ауласында болған. Қыз бала тереңдігі шамамен 10 метр болатын, ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған, қоқысқа толы және үсті көлік дөңгелегімен жабылған ескі құдыққа құлап кеткен.
Көмекке алғашқы болып Нұрбол Бердіғалиев ойланбастан құдыққа түсіп, қызды құтқаруға тырысқанымен, өз бетімен қайта шыға алмаған. Байғанин ауданының әкімі Айбек Купеновтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша, екеуі де құдық түбіндегі улы газдың буынан уланған.
Бұл оқиғадан кейін көпшілік Нұрбол Бердіғалиевтің батылдығы мен ерлігін ерекше атады. Қоғам белсенділері марқұмның отбасына баспана беру мәселесін көтерді. Нәтижесінде бапкердің отбасына Ақтөбе қаласынан үш бөлмелі үйдің кілті табысталды.
Ерлікпен көз жұмған Ерлан
39 жастағы Ерлан Шонтабаев Ақтау маңындағы демалыс орындарының бірінде суға батып бара жатқан адамдарды құтқарамын деп өзі қаза тапты.
Қайғылы оқиға 26 шілде күні болған. Демалушылардың жанұшыра айқайын естіген Ерлан бір сәт те ойланбастан теңізге секіріп, көмекке ұмтылған. Ол суға батып бара жатқан екі қызды аман алып шықты. Алайда олардың танысы судан шыға алмай қалған. Куәгерлердің айтуынша, үрейге бой алдырған жас жігіт Ерланның аяғынан ұстап алған, салдарынан екеуі де суға батып кеткен.
Марқұмның артында жұбайы мен бес баласы қалды, ең кішісі сол кезде небәрі үш айлық болған.
Ел Ерланның ерлігін елеусіз қалдырған жоқ. Марқұмның отбасына Ақтау қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті табысталып, қаржылай көмек көрсетілді.
Тілсіз жауды тоқтатқан Тоқсанбаевтар
22 қазанда Ақмола облысы Біржан сал ауданы Үлгі ауылында тұрғын үйден өрт шыққан сәтте үй ішінде кәмелетке толмаған 5 бала болған. Екі бала өздігінен сыртқа шыққанымен, қалған үшеуі жалын шарпыған кіреберіс есіктен шыға алмай қалған.
Оқиға орнында болған ауыл тұрғындары Ерлан мен Мирас Токсанбаевтар бір сәт ойланбастан терезені сындырып, қою түтінге толы үйден үш баланы аман алып шыққан. Сонымен қатар электр желісін ажыратып, екі газ баллонын сыртқа шығарып, ірі жарылыстың алдын алды.
Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтардың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды. Облыстық ТЖД бастығы Бақытжан Алашов Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов атынан әкелі-балалы Тоқсанбаевтарды «Өртте көсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады.
Ұлдана Мырзуан – ерлік пен жанқиярлық символы
23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 8 қарашада Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінің қасбеті құлап, адамдар қиранды астында қалғанда, бір сәт кідірмей көмекке ұмтылды. Жас фельдшер екі адамды аман алып шығып, үшіншісін құтқаруға тырысқан кезде үстіне 9-қабаттан кондиционер блогы құлаған. Ауыр жарақат алған жас фельдшер ауруханада он күн жан сақтау бөлімінде жатып, бақилық болды.
Оқыс оқиға салдарынан жарақат алған жандарға көмекке келіп, өзі бақилық болған Ұлдананың ерлігі мен жанкештілігі туралы көпшілік жарыса жазды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Жас маман жуырда тұрмысқа шыққан. Күйеуі Әділет Зейнел әлеуметтік желіде сүйіктісі туралы жантебірентерлік жазба қалдырып, оның есімі лайықты құрметке ие болуын, әділ тергеу мен кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.
Аязда қалған аққуларды аман алып қалған Бауыржан
Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Тұлусор көлінде болған оқиға көпшіліктің жүрегін тебірентті. Әкелі-балалы Жақыповтар алдымен олар мұз үстінде жүрген жалғыз жүрген аталық аққуды ғана көрген. Аққуды қыстауға әкетіп бара жатқанда олар жағалау маңынан тағы бір аққуды байқаған. Сөйтсе, аналық аққудың аяғы мұзға жабысып, қозғала алмай қалған. Бірлік ауылының тұрғыны Бауыржан Жақыпов әкесімен екінші аққуды мұз құрсауынан алып шығып, сыңарымен бірге жылы жерге орналастырған.
Әкелі-балалы Жақыповтардың бұл ісі жел қолданушыларының жүрегін елжіретіп, көпшіліктің ықыласы мен алғысына бөленді. Бауыржан ветеринарлық клиникаға қаратқан кезде қос аққуды қыстақта ұстауға рұқсат етілмеймейтінін естіп, ақырында Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің өкілдері қала жанындағы жеке меншік питомникке жеткізген. Одан әрі оларды Қарағандыдағы зообаққа жөнелтпек.
Бауыржан Жақыпов Jibek Joly телеарнасы ұйымдастырған «Жақсы адам – 2025» арнайы сыйлығының иегері атанды. Онда оған диплом, статуэтка және 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.